Атырау, 25 желтоқсан 11:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Жемшөп дайындау басталды

11 106 просмотра

Аудандарда алдағы қысқа дайындық жайы қазірден қолға алынуда. Жаздың аптап ыстығы өсімдік атаулыны күйдіріп болған. Ал пішен қайдан алынбақ?

МАХАМБЕТ. Қыстан қысылыссыз өту үшін ауданға 63 500 тонна пішен, 6 300 тонна құрама жем қажет. Ауданның территориясынан қажетті шөптің60 пайызы дайындалады деген есеп жасалуда. Қазірдің өзінде махамбеттік пішеншілер Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы мен Қызылқоға ауданы Тайсойған жерінен шөп дайындауға кірісіп кеткен. Мұнда4 пішен бригадасы жұмыс жасауда. Әзірден-ақ шөпшілер дайындалған 250 килограмдық рулонның әрқайсысын 4 мың теңгеден сатуда. Құрама жемді жеке кәсіпкерлер жыл сайын Батыс Қазақстан облысынан тасымалдап жүр. Биыл да сөйтпек, ауыл шаруалары солардан сатып алады деген есеп жасалуда.

ИСАТАЙ. Ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қадыржан ЕРМҰХАНОВТЫҢ мәлімдеуін-ше аудан көлемінен қажетті 66 мың тонна шөптің 37 пайызы ғана дайындалады екен. Ауданға 1 830 тонна құрама жем қажет. Қазірдің өзінде кәсіпкерлер шаруаларға құрама жемді жеткізудің жайын ойластырыпты. Жеке кәсіпкер Дабысқали СДИХОВ ауыл шаруаларына жемді әкеліп беруді өз мойнына алып отыр екен.

Ауданда шабындық жер тапшы. Сондықтан жемшөп те  сырттан тасымалданады. Құр-манғазы ауданы пішеншілері бір орамды 3,5 мыңтеңгеден әкеліп сатуда. Ақтөбе, Батыс Қазақстанның пішеншілері де жыл сайын өнімдерін осында тасиды. Бірақ ауыл шаруалары қарап қалып отырған жоқ, шалғыға ілігер Теңіз жағалауынан, Нарын құмынан шөп дайындауға кіріскен. Жеке кәсіпкерлер «Бекет», «Хабибуллин» ШҚ  бригадалары да науқанға белсене жұмылып жатыр.

Биыл қыстаққа 12 868 ірі қара, 52 950 қой-ешкі, 9 417 жылқы,7 476 түйе түседі деп күтілуде.Өткен жылдан 1 580 тонна шөп қалған.

ИНДЕР. Қыстан индерлік шаруалар көп зардап шекті. Шөпсіз қалған малшылар қарды күрекпен аршып, малды жайған болды. Ауланың шомдары, қораның төбесіндегі сабандардан ештеңе қалмады. Осы себептен мал шығыны орын алып, төлдер кеміді.

Суармалы шабындық шөп өсірумен айналысатын «Бірлік»,«Нұрет» ШҚ бірінші орымды аяқтап, суарумен айналысуда. Дайындалған шөптер сатыла бастапты. Бірақ олардың дайындаған шөбі аудан шаруаларын қамтымайды. Биыл ауданға 54 313 тонна шөп қажет. Ауыл шаруалары 33 мың тоннадан астам шөпті тоғай, даладан дайындайды деген есеп бар. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Сатыбалды ОРАЗҒАЛИЕВ қалған 21 мың тонна шөптің Қызылқоға мен Батыс Қазақстан облысы көлемінен дайындалатынын айтады.  Құрама жем бағасы өткен жылғыдан өсіп тұр.

ЖЫЛЫОЙ. Биыл аудан бойынша 67 мың тонна пішен, 810 тонна құрама жем қажет. 234 шаруа қожалығы мен жеке шаруалар әлден-ақ жемшөпті қайдан алатынын білмей дал болып отыр. Жеке шаруалар өзеннің бойындағы шалғыға іліккенін орып алып жатыр. Бірақ шөп сұйық, қажеттіліктен өте төмен. «Жаңа таң» ЖШС «Айранкөл» учаскесінде шөп шабуды бастап кетіпті. Бұл жерден 1 мың тоннаға дейін пішен дайындауға болады деп есеп жасауда. Бірақ оның жыртыққа жамау болмайтыны белгілі.

- Қазір ауданда басты проблема - мал азығы. Шабындық болар жерлерді аралап шықтым, шөп өте сұйық. Табиғаттың ыссылығынан шөптер кәдеге жараудан қалған. дер едім. Облыстағыларды қазірден мәлім етіп, қосымша қаржы сұрағым келіп отыр. Ең болмаса құрама жемді көбірек алуға көмектессе жақсы болар еді,-дейді Жылыой ауданы әкімі Рахметолла НҰҒМАНОВ.

Еске түсірсек, биылғы шөп бағасының күрт өсуі шаруаларға үлкен соққы болып тиді. Мәселен, күздегі бір рулон 3,5 мың теңгені құраса, қыста 11-12 мың теңгеге дейін шарықтады. Қымбат шөпке қол жеткізе алмағандар малдарының көз алдарында аштан қырылуын бастан кешірді.

Жемшөптің тапшылығынан аудан бойынша 3 мыңнан астам қой-ешкі, 70- ке жуық жылқы,  100-ге тарта түйе арам өлді. Оның үстіне бруцеллез де бүйірден қысып тұрған жайы бар. Аудан бойынша 20 ірі қарадан осы аурудың белгісі байқалыпты.

Аудан басшылығы көршілес Қызылқоға ауданымен келісім жүргізуде екен. Оның қаншалықты іске асатыны да белгісіз. Аудан әкімі егер шабындық жер берсе де, 150-160 шақырымнан шөп тасу оңайға соқпайтыны рас. Егер облыс басшылығы дер кезінде қаржы бөлсе, арзанырақ жем де алуға болады екен. Бұлардың қаншалықты жүзеге асатынын уақыт көрсетеді. Осылайша жылыойлық шаруаларға мазасыздық кіргеніне көп болды. Малсыз олардың күні жоқ қой.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

4 шілде 2012, 17:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.