Атырау, 25 желтоқсан 11:16
 бұлттыВ Атырау 0
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Қағаз дорба қоқыс газынан құтқара ма?

4 172 просмотра

Атыраулықтардың баяғы тор кәрзәңкелерді мүлдем ұмытатын уақыты алыс емес. Осыдан бір ай бұрын қалалық әкімдік полиэтиленді пакеттерге қарсы күрес жариялады.  1 шілдеден бастап «маечкалар» ақылы болады, ал, жаңа жылдан бастап саудадан мүлде жоғалуы тиіс.

 

«РАМСТОРДЫҢ» ТӘЖІРИБЕСІ

Қалалық биліктің 30 мамырда ірі сауда орталықтары мен супермаркеттер желілерінің барлығымен қағаз пакеттерге көшу жөніндегі меморандумға қол қойғандығын естеріңізге сала кетейік. Оған полиэтиленді пакеттердің экологияны бүлдіріп, топыраққа оңайлықпен араласып болмайтыны және қоқыс полигонында қоқыс газының қалыптасуына жол беретіндігі себеп болып отыр.  Қағаз пакеттер толығымен пайдаға асырылғанымен ауыр заттарды көтеруге жарамайды әрі өзіндік құны да жоғары.

Бұл дәйекті қала әкімі Асқар КЕРІМОВКЕ қалалық әкімдікте өткен мәжілісте супермаркеттер желілерінің өкілдері алға тартты.

– Қағаз пакеттер тек 3 келіге дейін ғана көтере алады. Біз оларды өз тәжірибемізде қолданып көрдік: қағаз пакеттер жыртылып, ішіндегі заттары ақтарылып, сынатыны сынып қалып жүрді. Бізге үнемі тұтынушының шығынын өтеуге тура келетін. Осылайша шығынымыз көбейген сайын біз қағаз пакеттерді қолданудан бас тарттық,- дейді Атыраудағы «Рамстор» желісінің өкілі. – Алайда, біздің желі алдағы уақытта итальяндықтар жасақтаған технология бойынша Түркиядағы өз  зауытымыз шығарып жатқан экологиялық өздігінен ыдыратылатын  органикалық заттектерден жасалған пакеттерге көшуді жоспарлап отыр. Мұндай пакеттер бірнеше елдерде жұмыс жасап жатқан барлық  «Рамстор» желілері үшін шығарылуда. Олар экологиялық пакеттер деп танылған, олардың полиэтиленді пакеттерден айырмашылығы аз  және оған барынша көп заттар кетеді.

«Атаба» желісінің өкілдері бүгінгі күні қағаз пакеттерді Қазақстанда, сондай-ақ, өзіндік құнының төмендігіне қарай арзанға шығатын Өзбекстан мен Тәжікстаннан сатып алу жолдарын қарастырып жатқандарын мәлімдеді: – Қазір біз полиэтиленді пакетті 3 теңгеден сатып отырмыз, соның өзінде егде адамдар көбіне наразылықтарын білдіріп жатады. Жарты жылда біз барлық желіміз бойынша 2 миллионға дейін пакет сатамыз. Егер біз қағаз пакеттерді 25 теңгеден сататын болсақ, не болады?

– Бізде пакеттер бұдан да көп кетеді, өйткені ол үшін ақы алмаймыз. Біздің дүкендеріміздің желісінің оларды сату құқығы жоқ. Сондықтан да «Атабада» адамдар пакетті алудан бас тартса, бізде олар толтыра алып, жартылай бос алып жүре береді, - деп атап өтті «Рамстор» өкілі.

 

ҮГІТ ЖӘНЕ НАСИХАТ

Қалалық әкімдік қағаз пакеттерді шығаруды қолға алмақшы болған жергілікті кәсіпкерлерге қолдау танытпақшы. Асқар Керімов ол үшін билік жер учаскесін беріп, коммуникация құрылысы және құрал-жабдықтарды сатып алу мәселелерін шешуде көмектесетіндігін атап өтті.

Алайда, бұл ауызға оңай ғана. Кәсіпкерлер пакеттерді ресейлік қағаздан дайындауды тиімсіз деп есептеп отыр. Себебі - қымбат. Жергілікті макулатурадан өндіру арзан, бірақ оны табу қиын. Керімовтің айтуынша, тіпті, Оралдан кәсіпкерлер өз беттерімен қоқыс полигонынан макулатураны және  пластиктерді  алуға рұқсат сұрап қоңырау шалған көрінеді. 

– Бізге жою мерзімі жеткен мұрағат құжаттарын алып кетуді өтінген банктерден де қоңыраулар түсті.  Қоқысты шығару және қайта пайдаға асыруға маманданған компаниялар бүгінгі күнде макулатураны еліміздің басқа аймақтарына сатып жатыр. Ал, бұл тасымалдауға шығын кетеді деген сөз. Бізде шикізат бар, сондықтан да өндіріс пайдалы болу үшін пакеттерді шығаратын цехтармен бірге бірден макулатураны өңдейтін зауытты да салу керек, - деп түсіндірді бүгінгі күні қалада әжетхана қағазын өндірумен айналысатын кәсіпкерлер. Олар сондай-ақ, қағаз пакеттерді өндіретін құрал-жабдықтардың  базардағы қол жетімдісі құны $100 000 болатын ресейлік және қытайлық жабдықтарды атады. 

Кәсіпкерлер болжамды шығындар мен қағаз пакеттердің ақырғы бағасы көрсетілген бизнес-жоспарды жасақтауды сұрады. Таяу арадағы жоспарларға келетін болсақ, алғашқы кездері сырттан әкелінген пакеттерді қолдануға тура келеді. Қала әкімінің орынбасары Амантай АЙТБАЕВТЫҢ айтуынша, қазір адамдарды қағаз пакеттерді сатып алуға шақыратын үгіттеу материалдары дайындалып жатқан көрінеді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

4 шілде 2012, 17:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.