Жұмыс іздеушілердің дабылына орай аймақтағы ірі мұнай компанияларына жұмысқа орналасу мәселесі газетіміздің және сайтымыздың бұлжымайтын тақырыбына айналған.
ЖЕҢІМПАЗДАР АКАДЕМИЯ ТҮГЕСКЕН ЖОҚ
Екі ай бұрын «ТШО»-ның Келешек кеңею жобасы жөніндегі жұртшылық тыңдауында президенттік «Болашақ» бағдарламасы түлегінің жұмысқа орналасу әрекетінің сәтсіз аяқталуы мысалға алынып, ТШО-ның кадр саясатының ашықтығы туралы мәселе көтерілді. Сайтымызда көптеген қарама-қайшы пікірлер тудырған осы хикаяны естеріңізге салайық.
Сонымен, биылғы жылдың наурызында ТШО-да бос орындарға жарияланған автоматтандыру және басқару жүйесінің инженері лауазымына іріктеудің барлық күрделі сатыларынан және әңгімелесуден қыз бала сәтті өтеді. Бос орындар туралы хабарландыруда жұмыс тәжірибесінің болғаны жақсы екені, бірақ міндетті емес екені жазылған. Сөйтіп оған қорытындысын 2 аптадан кейін хабарлауға уәде берген. Бірақ компаниядан 2 күннен соң қоңырау шалып, өзінің кім екенін таныстырмастан, оның өтпей қалғанын хабарлапты.
Мұндай бас тарту әдісі үміткердің ата-анасының түрлі сұрақтары мен күмәнін туғызып, олар Тоғжан ҚИЗАТОВА (суретте) жетекшілік ететін «Демос» құқық қорғау қоғамдық бірлестігіне жүгінген. Оның бастапқы сұраныс-сауалына ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВТАН қыздың білімі мен тәжірибесі жеткіліксіз болғандықтан, іріктеуден өтпеді деген жауап келген. Жұмыс берушінің, яғни, ТШО-ның қызметкерлерді іріктеу құқығына әзір ешкім таласып жатқан жоқ. Алайда Алматыдағы физика-математика мектебі мен Қазақ-Британ техникалық университетін үздік бітірген, Шотландиядағы көне жоғары оқу орнын президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып шыққан атыраулық қыз баланы жұмысқа алмаудың себебі неде? Бәлкім, компания білімі дәл осы қыздыкіндей озық болмаса да, тәжірибесі мол басқа да үміткерлердің пайдасына орынды таңдау жасаған шығар?
Жұртшылық тыңдауы басталмас бұрын ТШО-ның адам ресурстары басқармасының менеджері Шолпан АЛТЫБАЕВА Т. Қизатоваға және қыздың әкесіне таңдау жасалған үміткердің аты-жөнін айтпаса да, білімі мен жұмыс тәжірибесі туралы ақпаратты хабарлауға уәде берді. Ауызша сауал кешікпей жазбаша жазылып, оның жауабын бір айдан астам уақыт күтуге тура келді. Онда Р. Артығалиев жұмысқа қабылдамау себебін алғашқыдағыдан әжептәуір өзгеше түсіндіріпті. «Болашақ» түлегінің білімі жеткіліксіз деген бірде-бір сөз болмады. Басты себеп - тиесілі тәжірибенің жоқтығы деп көрсеткен. Алайда берген уәдесіне қарамастан ол туралы мәліметтерді компания ақыры ұсынбады: «Бос орындар туралы хабарламадағы «жұмыс тәжірибесі болғаны жақсы, бірақ міндетті емес» деген тұжырымдама тиісті саладағы тәжірибенің жоқтығы үміткерді әңгімелесуден өткізбеуге себеп боп табылмайды дегенді ғана білдіреді».
…Өкінішке орай, біз әңгімелесуден өткен үміткерлер туралы жеке мәліметтерді олардың жазбаша келісімінсіз ұсына алмаймыз».
Қизатованың түлектің білімін бағалау кезінде жоғары оқу орнының халықаралық деңгейін ескеру жөніндегі сауалына келер болсақ, ТШО мұндай критерийдің қолданылмайтындығы туралы: «Бірде-бір қазақстандық немесе шетелдік университеттердің түлектері немесе арнайы стипендия иегерлері жұмысқа қабылданған кезде айрықша құқыққа ие болмайды», - деп жауап берген.
БІРАҚ САУАЛНАМАҒА ЖАЗЫП ҚОЙЫПТЫ
Шетелдік фирмалар түгілі отандық ұлттық компанияларға да жұмысқа орналасу мүмкіндігіне кез-келгеннің қолы жете бермейтіндігі құпия емес. Сондықтан да үміткерлерде “Болашақ” бағдарламасының бітірушілері басындағы жағдай секілді күдіктер басым. Көптеген жұмыс іздеушілердің пікірінше, әсіресе, жастар үшін мүмкіндік тарылды: ұлттық компанияларда қарапайым жандар үшін есік жабық, ал, ірі шетелдіктермен бірлескен мұнай жобаларында бар жақсы «саясаткерлердің» қолында. Жоғары шенді шенеуніктер мен мұнайшылардың танымал династиясы өкілдерінің, көбіне атасы мен әжесінің атын жамылған балалары мен туысқандарын осылай атайды.
Ал, сүйеніш іздеушілерге келетін болсақ, онда олар үшін басқа бір ереже талаптары қойылады. Бұл жағдайда шетелден батыстың танымал бір университетін үздік аяқтаған және мұнай компанияларының біріне жұмысқа орналасудан үміткер жас маманға қатысты мына жайтты айтуға болады. Конкурстық іріктеуден және әңгімелесуден кейін оны жұмысқа қабылдаудан бас тартты. Алайда, осы компанияның техникалық департаментінің шетелдік басшысымен танысқан ол, онымен кездескен кездегі өзіне артқан кінәсіне таң қалды:
–Сен жұмыстан не үшін бас тарттың, еңбекақысы аз дедің бе? Қашанда бірден жоғары жалақы берілмейді ғой. Бізге ағылшын тілін өте жақсы білетін сенің деңгейіңдегідей маман керек еді. Сөйтсек, HR департаментінде сақталып тұрған оның сауалнамасына әлдекім: «Жұмыстан бас тартты» деп жазып қойған болып шықты.
Иә, дәл осы мазмұндас оқиғаларды біздің оқырмандарымыз аз айтпайды. Тіпті, мұнай компанияларынан жұмысқа орналастырғаны үшін берілетін параның нақты сомасын да біледі. Ал, тестілеу кезінде «мықтыларға» шпаргалкаларды да әкеліп береді.
Сауалнамаға жауап берушілерді өз аттарын атауды қаламайтын құпиялылықтары біріктіреді. Өйткені, олар шағымданушылардың қара тізімге енетіндігін жақсы біледі, ал, фирмалар болса, мұндай ақпараттармен өзара бөлісіп отырады. Бұл тізімге бір рет ғана енген адамның өзі жұмысқа орналасу мүмкіндігінен мәңгілік айырылады, тіпті, мердігер компанияға да алынбайды.
«ЕШКІМ БОЛАШАҚ ТУРАЛЫ ОЙЛАМАЙДЫ»
– Істің мәні әлдекімді шетелдік фирманың жұмысқа алмауында емес. Ірі жобаларда кадрларды іріктеу жүйесінің құпиялылығы және тамыр-таныстық пен сыбайлас жемқорлықтың ұлттық кадрларды дамытуға жағымсыз әсер етуінде болып тұр, - деп есептейді Т.Қизатова. – Бізге осындай ірі жобаларда шетелдік компаниялар кеткеннен кейін де жұмыс істей білетін инженер кадрлар керек. Ал, қазіргі жалданбалы жүйеде қабілетті жастардың мықты тәжірибе жинақтауға мүмкіндіктері жоқтың қасы. ТШО-мен арадағы келісім-шартта кәсіпорынның барлық негізгі бөлімдері – қаржы, маркетинг, өндірісті тек шетелдік менеджерлер ғана басқарып келеді, ал, өндіріске жақын келетін – PR, заң және адам ресурстарын басқару секілді бөлімдерді біздің мамандарға берген. Сондықтан да кадрларды іріктеу жүйесінің құпиялылығы – экспаттар үшін тиімді деген жергілікті жұртшылықтың тұрақты пікірін қалыптастырып отыр.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА