Атырау, 28 қараша 16:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Құбырдан төнген қауіп

2 970 просмотра

Бірқатар мемлекеттік емес ұйым өкілдері Бас прокуратура мен мұнай және газ министрлігінен «Аджип ККО» компаниясының Қарабатаннан «Интергаз Центральная Азия» АҚ магистральды газ құбырына дейін  газ желісінің жүргізілуі заңдылығын тексеруді талап етіп отыр. Олардың айтуынша, Мақат поселкесі тұрғындары үйлеріне тым жақын жатқан газ құбыры адамдар өміріне қауіп төндіріп келеді.

ЭКОЛОГТАР ДАБЫЛЫ

«Каспий табиғаты» қоғамдық ұйымы жетекшісі Махамбет ХӘКІМОВТЫҢ (суретте) сөзіне сүйенсек, «Аджип ККО» компаниясы осыдан үш жыл бұрын өз қажеттіліктері үшін Қарабатанға қарай Мақат поселкесін жанай өтетін газ құбырын жүргізген еді.

- 2009 жылы Мақат поселкесі тұрғындары наразылық таныта бастаған тұста Аджип оларды әкімдік көмегімен тыныштандырған болатын. Тіпті өтемақы төлеп, ауданның орталығына көшіруге де уәде берген еді. Енді үш жылда Аджип ол уәделерін ұмытып, тұрғындардың ол жерден кетуін талап етіп жатыр,-дейді эколог.

«Ел бірлігі» қоғамдық ұйымының жетекшісі Қанат ЖҰМАН бұл мәселенің былтырдан бері қозғалып келе жатқанымен әлі нәтиже шықпай отырғанын айтады.

Еске сала кетсек, былтыр Мақат ауданы тұрғындары Астанадағы «Ел бірлігі» ҚБ арнайы хат жолдап, онда үйлеріне тым жақын жүргізілген газ құбырының салдарынан өмірлеріне қауіп төніп тұрғанын хабарлаған еді. Осыдан кейін іле-шала 2011 жылы наурызда Астанада баспасөз конференциясын өткізген қоғамдық ұйымдар «Аджип ККО» компаниясын «Қауіпті өндірістік аймақ туралы» ҚР заңын, «ҚР мұнай және газ өндірісі қауіпсіздігі ережесін» сақтамай отыр деп айыптап, президенттен шетелдік жер қойнуын пайдаланушыларды жауаптауды сұраған болатын.

- Былтырғы жолдаған сауалымызға мұнай және газ министрінің вице–министрі Берік ТОЛЫМБАЕВ «жер учаскесін таңдауға рұқсат болғанымен, құрылыс жұмысын жүргізу үшін рұқсат берілмегендігін» хабарлаған жауап берген. Біз бұл газ құбырын мүлде жауып тастасын деп отырғанымыз жоқ, тек оны адамдардың тұрғын үйінен аулаққа салсын деп отырмыз әрі тұрғындарға тиісті  өтемақы төлеуі тиіс деп санаймыз, -  дейді Қанат Жұман.

Экологтардың айтуынша, геология комитеті мәліметі бойынша мұндай газ құбырлары елді мекендерден 700 метр кем емес қашықтықта салынуы керек. Ал Мақаттағы Аджип газ құбыры мен тұрғын үйлер арасы 100 метрге де толмайды.

 

ТҰРҒЫНДАР ТӨЛЕМАҚЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

Мақаттағы «Аджип ККО» газ құбырымен көрші тұратындардың бірі Раушан НАХАТОВА (суретте). Оның үйі газ құбыры аймағына кіріп кеткен Мақат поселкесіндегі 5-ауылда орналасқан. Мақаттықтардың үрейін ұшып отырған Аджиптің мұнай және газ өңдеу кешенді қондырғысынан «Интергаз Центральная Азия» магистарльды газ құбырына дейінгі желі құрылысы 2008 жылы салынған.

- Біз поселке шетіндегі жерді 2003 жылы алып, 2007 жылы қаражатымызды жинап, үй салғанбыз. Бірақ осы күнге дейін мал-тауық өсіру үшін қажетті  қора-жай, моншамызды сала алмай отырмыз. Себебі 2009 жылы аудандық архитектурадан «сіздің жер учаскеңіз «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистральды газ құбыры өсінен 125 метр қашықтықтағы қорғалған аймаққа енгендіктен кез-келген  тұрғын үй немесе  басқа да құрылыстарды тоқтатуды, оларды аса қауіпті нысан маңына салмау туралы ескертеміз» деген хат алдық. Бірақ әрі қарай не істейтініміздің анығын ешкім айтпайды, - деді Раушан «АЖ»тілшісіне.

Тұрғындардың айтуынша, газ құбыры маңынан жер алып, құрылыс материалдарын түсіріп қойғандар бәрін кері тиеп алып кетуге мәжбүр болған.

Раушан Нахатованың айтуынша, аудан әкімдерінен нақты жауап естуге мүмкіндік жоқ, оның үстіне оған кіру де қиын, қабылдауға бір ай бұрын жазылу керек.

- Мақатта әкімдер жыл сайын ауысып отырады. Жаңадан келгендері ол проблеманы естімегендерін айтып алақан жаяды. Мәселен, бұрынғы әкім Қилымғали Қайненов Аджип компаниясын сотқа беруге уәде еткен. Одан бері екі  жыл өтті, қазір басқа әкім, - дейді ол.

Сонымен Мақаттың 5-ауыл тұрғындары нені талап етіп отыр?

- Мақат аудан болғанымен онда үй  бағасы түсе қойған жоқ. Жақында қос қабатты  коттедж 17 миллион теңгеге (114 мың $) сатылды. Біз Аджиптен біздің рұқсатымызсыз маңымыздан газ құбырын жүргізіп, басымызды әуреге салғаны үшін 10 миллион теңге (67 мың $) өтемақы талап етеміз,-деп мәлімдеді тұрғындар.

 

«ЖОБАДА БЕЛГІЛЕНБЕГЕН»

Тұрғындардың өтемақы туралы талабын Мақат ауданы әкімі Амангелді БАРАҚАТОВ та қолдайтындығын жасырмады.

Оның айтуынша, бір жағынан тұрғындардың өздері де кінәлі, кезінде алған жерлерін ресми тіркеуден өткізбей, қолдарындағы шешімді қанағат тұтып жүре берген. Ал «Аджип ККО» газ құбыры жобасын іске асыру кезінде бұл жерлер тұрғын үй жерлері ретінде архитектуралық жобада белгіленбеген. Сондықтан аудандық әкімият оны беріп жіберген.

- Мәселені шешемін, шамасы  өтемақы талап ететін болармыз, себебі салынып қойған құбырды кері бұзудан гөрі, тұрғындарды көшіру компанияға тиімді болар деп ойлаймын, - деді әкім.

 

ЖАУАПТЫ МИЛАННАН КҮТІҢДЕР

Бұл өзі бір күрмеуі қиын мәселеге айналды. Мәселен, Мақат ауданы сәулет құрылысы бөлімінің 5-ауыл тұрғындарына жолдаған хатынан үйлердің бір бөлігінің ондаған жылдар бойы жұмыс істеп тұрған «Мақат-Солтүстік Кавказ» газ құбырының 125 метрлік қорғалған аймағына кіретіндігі көрсетілген. Сонда ол жерге үй салуға кім рұқсат берген? Шешімнің заңсыздығы тайға таңба басқандай көрініп тұр, бірақ тұрғындардың оның өтеуін газ құбырының қожасы «КазТрансГаздан» сұрауының да қисыны жоқ. Мақат ауданы әкімі айтқандай, жер учаскелері белгіленбеген аумақта (жергілікті биліктің рұқсаты бойынша) өз құбырын жүргізген Аджиптің де кінәсі күмән тудырады. Ендеше, Аджип шынымен 5-ауыл тұрғындарын мәжбүрлі көшіруге, өтемақы төлеуге уәде берді ме, жоқ па? Шынымен компания газ құбырының қорғалған аймағындағы тұрғындардың шығынына басын қатырмастан олардан кетуді талап етіп отыр ма деген тәрізді ел көкейіндегі сауалдарға басы ашық жауап беруі тиіс. Ең бастысы, компания өтемақы төлейтінін немесе төлемейтінін ашып айтуы тиіс.

Біз өз сауалымызды «Аджип ККО» компаниясына жөнелткен едік. БАҚ өкілдерімен байланыс менеджерінің кеңесшісі Гүлмира ШАЛАБЕКОВА болған жайға қатысты жуық арада түсініктеме берілетініне уәде бергенмен, әзірге жауап жоқ. Әрине, біз ол жауаптың кешігу себебін де түсінеміз, өйткені біз сарыла күткен бір жапырақ қағаз Милан мен әлемнің түкпір-түкпіріндегі компания серіктестерін аралап бізге жеткенше ай түгілі жыл өтетіні белгілі.

Сәния ТОЙКЕН

27 маусым 2012, 19:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.