Жергілікті дезинфекторлардың дәлелді сөздеріне қарамастан, масаға қатысты жағдай барлық жерде бірдей бақылауға алынбаған. Ағаштың көлеңкесіне келіп, сәл тынығу үшін отыра қалған кез-келген адамға қансорғыштар жаппай шабуыл жасайды. Әсіресе, масаның шаққанынан балалардың нәзік терілері зардап шегіп жатады. Шаққан жерлері ісініп, қыши бастайды.
- Мұндай жағдайларда дәрігерлердің көмегіне жүгінген жөн, - дейді облыстық балалар ауруханасының аллерголог-дәрігері Нұргүл ДӘУЛЕТОВА. Пациентті қабылдап, тексеруден өткізген соң, қан тапсыруға жіберді, осы қан анализінің қорытындысы бойынша емдеу шараларын бастайды. Супрастин мен преднизолон тағайындауы мүмкін. Жеңіл-желпі ісінген жағдайда жалбыз ваннасы көмектеседі және аллергияға қарсы «Псило бальзам» дәрісін сыртқа қолданған жөн. Маса шақпауы үшін түрлі дәрі-дәрмектерді қолдануға болады, олар аэрозол, гель және крем, оның ішінде балаларға арналған түрлері бар. Оларды теріге жағуға немесе шашып алуға болады. Мәселен, аллергияға қарсы «Off» препараты жағымсыз әсерлер тудырмайды, оны кішкене балалар да, демікпемен сырқат адамдар да қолдана алады.
Барынша кең көлемді күрес негізінен химиялық басқа да құралдармен жүргізілуде.
- Масаларды ультра дыбысты лампалық жойғыш құрал бар, одан адам құлағына естілмейтін дыбыс шығады, ал, ол дыбыс масалар үшін төзгісіз болады, олар дыбыс шыққан жерден қашып кетеді, - деп әңгімелейді, «Атырау облыстық дезенфекция» ЖШС директоры Бауыржан ҚОЩАНОВ.
Ал, электр лампылар керісінше, масаларды өзіне қарай шақырады, бірақ, кернеуінің арқасында оларды жойып жібереді. Мұндай құралдар әдетте, мейрамханалар мен кафелерге орнатылады. Оларды базарлардан табу оңай емес, бірақ «Дезенфекция» ЖШС осы аппараттарды сатып алуға ниет білдірген компаниялар мен жеке тұлғаларға жеткізіп бере алады, тек тауардың партиясы 10 данадан кем болмауы тиіс. Қалалықтар өз пәтерлері мен үйлерінде масадан қорғану үшін фумигаторларды қолданады, оларда әрекет етуші заттек түрінде бақбақ гүлінің және басқа да масалар үшін жағымсыз шөптердің иісі бар пластиналар мен химиялық сұйықтықтар болады.
- Мәскеуде өткен көрмеде біздің назарымызға фумигатор үшін табиғи шөптен жасалған сұйықтықтар ұсынылды. Бұл химиялық сұйықтықтардың иісін көтере алмайтын немесе басқа да сырқаты бар адамдар үшін арнайы жасақталған. Мұндай сұйықтықтарды мен базарлардан кездестіргенім жоқ, - деп атап өтті Б.Қощанов.
Осынау түрлі химиялық құралдарды ойлап шығарғанға дейін қазақтар дәкеден тігілген масаханаларды кеңінен қолданып келеді. Кішкене балалары бар отбасылар масадан әлі күнге масаханалар құрып қорғанады.
Масаның шаққаны ауыртып қана қоймайды, ол тіпті, қауіпті болуы да мүмкін. Эпидемиологтардың айтуынша, масалар түрлі жұқпалы аурулардың, оның ішінде Батыс Ніл безгегін тасымалдаушылардың бірі. Өткен жылы көрші Астрахан, Волгоград облыстарында бұл аурудың түрі тіркелген болатын.
- Әзірге бұл аурудың масалар арқылы таратылу фактілері бізде болған жоқ, алайда, Сарыөзек ауданында бір кездері безгек масасының көбеюі байқалған болатын. Соңғы мәліметтер бойынша, олардың көбеюі бүгінгі күні өте аз және одан қауіп жоқ, - деп сендірді бас дезинфектор Б.Қощанов.
Зульфия ИСКАЛИЕВА