Атырау, 25 желтоқсан 07:02
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Ньюкаслдан келген ағай

2 397 просмотра

Саша Денисовтың коллажыХаттармен жазылған роман

Аджип ККО-ның бұрынғы қызметкері Серік КҮЗЕМБАЕВТЫҢ премьер-министр Кәрім МӘСІМОВТІҢ блогына орналастырған хаты «бомбаға» айналғандай еді. Бұл хатта ол қауіпсіздік техникасы департаментінің басшысын қазақстандық кадрларды алалайды деп айыптаған болатын. Бірнеше ай бойына ірі шетелдік компаниялар арасында таралған хат Қарабатан мен Қашағанда екеудің басы қосылса айтылатын әңгіме өзегіне айналған-ды.

АҒЫЛШЫН КЛАНЫ

Өз хатында Күзембаев Қарабатанның «Болашақ» зауытындағы Аджип ККО-ның Қоршаған ортаны қорғау, Қауіпсіздік техникасы (ҚТ) және Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті басшысының фамилиясын атапты. Хатқа қарағанда, Ньюкаслдан келген мырза департамент басшысының лауазымын 2004 жылдан бері атқарып келеді екен (осы жерде және әрі қарай автордың грамматикалық ерекшелігін сақтай отырып, хаттан қаз-қалпында үзінді келтіреміз): «түрлі сылтаумен басшылық еткен жылдарында көптеген қазақстандық/жергілікті мамандарды жұмыстан шығарып жіберді. Таяу және алыс шетелдегі өз туыстары мен таныстарынан, достарынан құралған кланның негізін қалады. Жасанды түрде, өздері қолдан жасап алып, бөлімде білікті мамандар жетіспейді дегенді желеуретіп, шетелдік азаматтарды тарта отырып, Ньюкасл азаматы «өз» адамдарынан тұратын иерархия құрды».

Премьерге жазылған хаттың авторы мысал ретінде өзінің бірінші орынбасары (ҚТ жөніндегі инженерлерді үйлестіруші) етіп ньюкаслдық мырза өзінің немере інісін тағайындағанын алға тартыпты. 2011 жылдың аяғында ағасы інісін ҚТ жөніндегі бөлім бастығына дейін көтерген, алайда інісі ресми түрде ҚТ жөніндегі аға кеңесші деп есептелген. Інісінің орнына ағайы өзінің жақын досын және «сол ньюкаслдық» серігін тағайындаған.

«Ньюкаслдық команда  бөлімдегі жергілікті жұмысшылар арасында ақпараттық вакуум қалыптастырып,  осылайша Аджип ККО компаниясының жоғарғы басшылығына жергілікті мамандарды біліксіз және ой-өрісі тайыз  адамдар ретінде жалған көрсетіп отыр», - делінген хатта. 

Күзембаевтың айтуынша, департаменттің басшысы бөлімдегі қазақстандық қызметкерлердің мансап баспалдағымен көтерілуін әдейі тежеп отыр.

«Ньюкаслдық команда бүкіл «негізгі» басымды функцияларды өз уысында ұстағанды жөн көреді. Сөйтіп, «Аджип ККО» компаниясының менеджментінде ҚТ бөлімінің мамандары әлі күнге дейін ағымдағы жұмыс ахуалынан бейхабар деген пікір қалыптасады», - деп жазыпты Күзембаев.

Оның айтуынша, сегіз жыл басшылық еткен ньюкаслдық мырза бірде-бір қазақстандық қызметкерді қызмет лауазымы бойынша көтермеген.

«Біздің қызметкерлеріміз ньюкаслдық мырзаның рекрутингтік агенттіктен тікелей ENI корпорациясына жалданып, топ ете түскенін білгенде таң қалды. Бұл компания басшылығы оның жеке бөлімдегі саясатын қолдап, әрі қарай билікті иемденіп алуға өз келісімін беріп отырғанын білдіреді. Іс жүзінде жергілікті қызметкерлер үшін бұл ньюкаслдық жамағайындардың артықшылығы дегенді және қазақстандық жұмысшылардың құқықтарына қысым жасау және олардың өсіп дамуына жол бермеу дегенді білдіріп отыр».

 

“АРЫЗ ЖАЗЫҢЫЗ”

Шағым Мәсімовтің блогына (санаты: жұмыспен қамту және халық, №123506) биылғы жылдың ақпанында жарияланды. Наурыз айында ол ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВАНЫҢ блогына жолданды.

«Құрметті Күзембаев С.! – деп жазады Мәсімов. – Сіздің хатыңызды қарау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г. Н. Әбдіқалықоваға, сондай-ақ, электронды пошта арқылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқармасының  төрағасы О.Е.ШӨКЕЕВКЕ, Атырау облысының әкімі Б.С.РЫСҚАЛИЕВҚА жолдап отырмын.

Әбдіқалықованың жауабынан: «Құрметті Серік! Баяндалған жағдайларды анықтау үшін кәсіпорынға тексеру жүргізу керек. Осыған байланысты сізге Атырау облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіне жағдайды жазбаша баяндап, кәсіпорынның орналасқан жері  мен заңды мекен-жайын көрсету керек. Қолданыстағы заңға сәйкес, жазбаша түрде шағым түспеген болса, кәсіпорынға тексеру жүргізілмейді». 

 

ЦИФРЛАР СЫРЫ

Облыс әкімі Бергей Рысқалиевтың атына редакциядан ресми сауал жолдадық. Біздің сауалымыз облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жолданды. Нәтижесінде бізге хаттың авторына жазған жауаптың көшірмесін жіберіпті:  

«Құрметті, Серік Күзембаев! Сіздің хатыңызға байланысты біз кадрларды мемлекеттендіруге қатысты «Аджип ККО» компаниясының қазақстандық кадрларды қамту туралы келісімнің белгіленген ережелерін ұстанып және қойылған ерекше шарттарды толықтай орындап отырғанын анықтадық. 2012 жылдың 1 қаңтарында Аджип ККО-да ҚР-ның 2 330 азаматы жұмыс жасайды, оның 300-і рекрутингтік компаниялар арқылы жұмыс істейді. Ал 962-сі шетелдік мамандар және оның 622-сі рекрутингтік компаниялар арқылы жұмыс жасайды.

Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру ережелеріне сәйкес (әрі қарай Ереже), 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақстандық жұмысшылардың шетелдік мамандарға ара қатынасы жұмысшылардың жалпы санының 70 пайызын құрауы тиіс. 2012 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша шетелдік жұмыс күшін тартатын 213 компанияда 44 302 маман жұмыс істейді, оның 35 000-ы қазақстандық мамандар және 9 302-сі шетелдік жұмысшылар, тиісінше 79% бен 21% құрайды. «Аджип ККО» компаниясы тартып отырған шетелдік мамандардың жалпы саны 2011 жыл ішінде 29,3% құрады, бұл белгіленген ережеге толықтай сай келеді. Ал 2010 жылы қазақстандық мамандарды қамту пайызы тиісінше 63% және 37% құраған болатын. Кадрларды мемлекеттендіру процесі туралы аталмыш мәліметтерге сүйенсек, «Аджип ККО» компаниясы кадрлар арасында қазақстандық қызметкерлер құрамын көбейту туралы өз алдына қойылған шарттарды орындап отыр.

Сіздің шағымыңызда көрсетілген барлық заң бұзушылық фактілер бойынша бақылаушы мемлекеттік органға тексеру ұйымдастыру үшін хат жолданды».

 

СӨЗ СИҚЫРЫ

Биылғы жылдың наурызында редакция NCOC-тың мүдделі тараптармен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас менеджері Эрикжан ИСЕНҒАЛИЕВТЫҢ атына ресми сауал жолдаған еді.

3,5 айдан кейін 2012 жылдың 15 маусымында ресми жауап келді. «Жауапты кешіктіргеніміз үшін кешірім сұраймыз. Консорциумның жұртшылықтың қорқынышы мен қызығушылығын тудыратын фактілерге лайықты назар аударатынын атап өткім келеді. Соған байланысты шағым бойынша барлық жағдайға мұқият тексеру жүргізіліп, оның негізсіз екені анықталды.

Консорциум  тамыр-таныстыққа жол бермейді. Ережелерге, әдеп кодексіне және ішкі саясат пен консорциум процедураларына байланысты алалаушылықтың кез-келген түріне қатаң тыйым салынған және ол компания ішіндегі тиісті бөлімдермен бақыланады».

 

ТЕКСЕРУ ТУРАЛЫ ҰМЫТТЫ

Ал Қарабатанда жұмыс жасайтындар Ньюкаслдан келген мырзаны да, оның інісін де жақсы біледі, сондай-ақ, басқару саясатымен де таныс. Олар Күзембаевтың хатындағы жазылған жайттар шындыққа сай келетінін растап отыр. Көпшілігі билік тарапынан лайықты әрекет жасалар деп күткен екен.

- Хат жарияланғаннан кейін ньюкаслдық мырза мінез-құлқын өзгертіп, бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалды, - дейді Қарабатанда жұмыс жасайтын қызметкерлердің бірі. – Бірақ оны NCOC-қа жіберді. Яғни, жазалаған жоқ, керісінше жоғарылатты. Ал оның немере інісі сол орында әлі күнге дейін жұмыс жасап жатыр.

Осылайша, қазақстандық жұмысшыларға үнсіз шыдауға тура келді. Айтпақшы, Күзембаевтың ойдан шығарылған есім екені де анықталды, бірақ бұл компанияға автордың кім екенін анықтауға кедергі болмады. Оны жұмыстан шығарып жібере жаздап, бірақ, шамасы, жанжалдан қорыққан болуы керек, D аралына жіберіпті. Осылайша компаниядағы әңгіме тәмамдалған немесе қарабатандағылар айтқандай, «жымын білдірмей басып тастаған».

Бақылаушы органға келер болсақ, еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті Ньюкаслдан келген джентльмен жұмыс істейтін/істеген департаментке тексеру жүргізуі тиіс болатын. Бірақ «сіздің шағымыңызда көрсетілген барлық заң бұзушылық фактілер бойынша бақылаушы мемлекеттік органға тексеру ұйымдастыру үшін хат жолданды» (жоғарыға қараңыз) десе де, тексеру жүргізілген жоқ.

27 маусым 2012, 18:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.