Атырау, 25 желтоқсан 06:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Жемдегі жөнсіздікке кім жауап береді?

7 744 просмотра

Жылыой ауданы құрғақшылықтың зардабын сезіне бастады. Экологиялық жағдайы мәз емес ауданда Қамыскөл көлі мен Құрсай өзегінің тандырының кеуіп қалуы жылыойлықтарды шошытып отыр.

ЖЫЛЫОЙДЫҢ ТАҒДЫРЫ БАҚАШЫДА

Мұғалжар тауынан Ойыл өзеніне құйған табиғи су Жем өзені арқылы Жылыой ауданына жетеді. Сәуірдің 10-нан бастап келген су шілденің 15-не дейін қатты ағыспен Жемнің бойын толтырып тастайды. Бұл соңғы 2 жылдағы жетістік. Оған дейін өрден келер суда сараңдық байқалып, құрғақшылық та орын алған. Ал қазіргі басты міндет-Жемнің бойын Бақашыны бөгеу арқылы Құрсай өзегін толтырып, жалғыз жасанды көл-Қамыскөлді толтыру, шабындықтарға су шығару. Ауыл шаруаларының малы осы өзеннің суын ішсе, егіншілер де егінін егіп отыр. Елдің ырыздығына айналған Жем өзені бір төбе болып отырғаны сондықтан. Десек те жылына уақытша келетін өр суын пайдалануда әттегенайлар жетіп артылады. Бақашыны бөгеу жұмысымен жергілікті әкімдік 2 айдан бері алысқанымен оң нәтижелерге қол жеткізе алмай отыр. Құлсары арқылы өтетін Құрсай өзегі кеуіп жатыр. Қамыс басқан өзек бойынан сасық иіс шығып, онсыз да экологиялық жағдайы мәз емес қаланың әрін кетірген. Қамыскөл де оңып тұрған жоқ, жағасы 800 метрге дейін тартылып кеткен. Аудандық санэпидстанса көл суына шомылуға толық рұқсат берген жоқ.

- Қамыскөл суында сәйкессіздік қалыпты деңгейде болмағасын шарасын алу жөнінде аудандық әкімдікке хат жазғанбыз. Олар Қамыскөлдің суын жаңартумаусымның 1-не дейін қалыпты деңгейде болатынын өз жауап хаттарында жазған болатын,-дейді Жылыой аудандық МСЭҚБ бастығының міндетін атқарушы Айнагүл ҚЫДЫРБАЕВА.

Бірақ маусымның аяғы болғанша Қамыскөл суы тазартылмай тұр. Немерелерін көл суынан қорқып жібермей отырғанын зейнеткер ақсақал Бектіғали ӘЛДЕШБАЕВ жасырған жоқ.

-Онда түрлі бактериялар болуы мүмкін ғой. Қанша немерелерім өтінсе де көлге жібермей отыруымның себебі сол. Көл көгере бастапты, балдыр көп, былтырғыдан жағасы едәуір тартылған. 50 мыңға жуық халқы бар Құлсары халқы жазда суға түсіп, жағасында демалып сергіп қалатын. Мына ыстықта барар жер таппай сандалып қалғанымыз рас. Дәл осындай дабыл қағарлықтай жағдайда әкімдіктің бұлайша немқұрайлылық танытып  отырғанына түсінбей отырмын. Көлдің құрып кетуі ғажап емес қой,-дейді ақсақал.

      

СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

Мұндай дабыл қағуға Қамыскөлдің жағасын жалға алған шаруа  қожалықтары себеп болып отыр. Жемнің суын бөгеу 3 жерде ұйымдасқанымен, оның қаншалықты қажеттілігін әкімдіктің өзі білмейді.  Мәселен, 2004 жылы «Райхан» ШҚ (төрайымы Райхан БӨЛЕКОВА) Қамыскөлдің тұсынан жерді жалға алған. Бұған наразы болған тұрғындар 2008 жылы «Нұр Отан» ХДП Жылыой аудандық филиалына арыз түсірген. ШҚ төрағасы Р. Бөлекова бұл қоршаудың уақытша екенін, халық игілігі үшін жұмыс жасап, демалушылар үшін есік ашық екендігін партияға жазған хатында айтыпты. Бірақ оның қызығын көріп жатқан қарапайым ел шамалы. Бұған қосымша Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИН 2011 жылы 21 қазандағы «Райхан» шаруа қожалығына жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен беру туралы шешімінде Қамыскөл көлінің су қорғау аймағынан шаруа қожалығын жүргізу үшін 20 гектар жер учаскесі 15 жылға жалға бергенін көрсетіпті.

-ШҚ жерді қоршағаны былай тұрсын қоршаудағы жасанды көлді Қамыскөл арқылы жаңартуда. Осынысы дұрыс па? Әкімшілік қайда қарап отыр, - дейді тұрғын Мұхамбет ӘБІШЕВ.

МАМАНДАР ШЛЮЗДЕН ПАЙДА ЖОҚ ДЕЙДІ

Басқа басқа, Бақашы бөгеті үшін қаншама қаржылар кетіп жатқанын ешкім білмейді. Нақты есеп жоқ. Бұдан 3 жыл бұрын «Теңізмұнайқұрылыс» ЖШС 150 млн. теңге бөліп, демеушілікпен жасаған бөгеті жылға жетпей-ақ тасқын суға шайылып кетті. Жыл сайын  Жылыой өңіріндегі мекемелер Бақашыны бөгеуге демеушілікпен көмектесуде. Қаншама техника, қаншама жанармай жұмсалып жатқаны белгісіз, табандатқан 2 айдан бері топырақ үйіндісінен қайран болмауда.

-Бос топырақты үйе бергенше басқа шарасын алуға неге ұмтылмайды әкімдік. Бақашының басы адам көргісіз дәрежеге жетті, қазылған шұңқырларда есеп жоқ. Бұдан бір апта бұрын бөгетті бөгегендей болып еді, сол күні-ақ қатты ағынды су талқанын шығарды. Сондықтан Бақашыға шлюз салу қажет, - дейді жылыойлықтар.  

-Мойындауымыз керек, Бақашыға әліміз келмей жатыр. Қамыскөл мен Құрсайдың кебуі бізді де ойлантады. Бастапқыда қар суы көп болады деп есеп жасап, барлық бөгеттерді ашып тастағанбыз. Енді арнасына түсіп алған суды бөгеу мүмкін болмауда, - дейді Жылыой ауданы әкімі Рахметолла НҰҒМАНОВ

- Жыл сайын бұлайша есепсіз техника мен жанармайды жұмсағанша шлюз орнатуға неге ұсыныс бермейсіздер? Өткен жылы қала әкімі шлюз орнатуға ТШО-дан көмек сұрап жатырмыз деген болатын. 

-ТШО көмектесе алмайтын болды. Мен тәжірибесі бар адамдармен ақылдасқанмын, Бақашыға қанша қуатты шлюз орнатса да, қатты ағыспен келген суды бөгей алмайды дейді. Сосын ойланып қалдым. Су қоймасын салуға қыруар қаржы керек, сондықтан Бақашыдан Құрсай өзегі тұсына су моторын қою арқылы Қамыскөлді толтыруға болады. Осы әдісті қолданбақшымыз келесі жылы,-дейді әкім.   

Бет қатталып жатқанда Бақашыны бөгегенін естідік. Бірақ оның қанша күнге дейін тұратынын ешкім білмейді. Ал Қамыскөл мен Құрсай адам аярлықтай дәрежеге жеткен.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

27 маусым 2012, 18:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.