Атырау, 13 қараша 11:01
 ашықВ Атырау +2
$ 494.95
€ 525.49
₽ 5.05

Газон егудің жаңа әдісі

4 825 просмотра

Кеше, 21 маусымда әуежайға баратын жолмен жүрген қала тұрғындарын жағымды тосын сый күтіп тұрды. Қаладағы жалғыз ғана жол түйінінің әдетте күңгірт-сұрғылт боп тұратын ылдиы аяқ астынан ашық жасыл түске боялған. Тосын сыйдың авторлары - атыраулық көгалдандырушылар гидросебу әдісін Атырауда алғаш рет қолданып отыр екен.

Атырау қаласын көгалдандырудың ауқымды бағдарламасы үшін жауапты «Зеленстрой» ЖШС-нің тапсырысы бойынша жұмыстарды «ЭкоСтройСтандарт» ЖШС жүргізуде. Гидросебу үлкен алаңдарға және тiк қол жетпейтiн баурайларға қолданылады. Мұның технологиясы мынадай: тұқымнан, тыңайтқыштан, судан, технологиялық үстемелер мен егістік жабынынан (судың булануына кедергі келтіретін қоспа) тұратын қоспаларды мұқият араластырып, 6 атмосфера шамасындағы қысыммен алдын ала көгалдандыруға дайындалған топыраққа шашады. Жабысқақ қосындылардың арқасында тұқым 90 градусқа дейінгі ылдилы жерге бекіп тұрады. Жұмыстың орындалу мерзімінің қысқалығы, құнының төмендігі, тұқымның шығымдылық қабілетінің 95 пайызға дейін жоғары болуы осы әдістің пайдасына шешілмек. 10 күннен кейін қалың көк өсіп шығады деп күтілуде. Бұдан басқа, қоспа құрамындағы гельдің арқасында суару үшін құйылатын су әдеттегі газон отырғызуға қарағанда, әлденеше есе аз қажет болады. 

«Зеленстрой» ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Сергей СУМАРОКОВТЫ (суретте) сол жерден кездестірдік. Оның жаңа лауазымға келгеніне 20 күн болған, ал бұрын Жамбыл облысының Қосқұдық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары болыпты.

- Сіздің жергілікті ахуалмен танысатын уақытыңыз болды. Әсеріңіз қандай?

- Жақсы деп айта алмаймын. Ағаштар тұқымы өте аз: қарағаш, жиде, тал ғана. Жергілікті жағдайға сай келетін басқа да тұқымдар, мәселен, катальпа, гүлдейтін талдар, терек, шетен, үйеңкі, қылқан жапырақтылар көп керек. Аршаны да алуға болады, ол күй таңдамайды, алаңдар мен бақтарға отырғызуға лайықты. Немесе боз арша. Осыларды отырғызса, қала жайнап салар еді.

Бұл тәжірибеден нәтиже шығады деп үміттенеміз. Бастысы – газонға үнемі күтім жасау керек. Бірер жыл бұрын осы жерді көгалдандырып, содан соң қараусыз қалдырған еді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суреттіт түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

22 маусым 2012, 14:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.