Атырау, 25 желтоқсан 07:35
 бұлттыВ Атырау 0
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Шәмілді ғашық қылған «Өрікгүл»

7 934 просмотра

1981 жылдың 31 желтоқсаны...

Жайықтың жәннатай көркем тұсынан орын тепкен Сарайшық ауылы жаңа жылды қарсы алып жатыр. Сыртта жапалақтап жаңа жыл түнінің аппақ қары жауып тұр. Үй-ішіміз түгелдей тізіліп, теледидардың алдында отырмыз. Сол кездегі Алматы телеканалы Қазақстан өнер шеберлерінің концертін беріп жатты.

Кенет көгілдір экраннан сол кезден-ақ аты аңызға айналған ұйғырдың «Яшлық» ансамблі көрінді. Концерт жүргізушісі: «Келесі тыңдайтындарыңыз Кәкімбек Салықовтың өлеңіне жазылған Шәміл Әбілтаевтың әні «Өрікгүл», орындайтын Мұрат Ахмадиев және «Яшлық» ансамблі» деп хабарлады.

Иә, Өрікгүл!.. Дәл сол сәтке дейін мен бұл әнді ешқашан естімеген едім. Әнде кәдімгі табиғат аясында өсетін гүл мен адамның гүлінің, яғни, әйелдің образы астасып жатыр. Ақын мен сазгердің бірі әлдебір аруға ғашық. Сол ғашығын гүлге теңейді. Жай гүлге емес, Алатауда өсетін өрікгүлге теңейді. Сөйтсек, әннің кейіпкері де Өрікгүл есімді перизат екен. Мұны көп жылдан кейін білдік...

 

***

 

...Арада 19 жыл уақыт өтті. Бір күні, дәлірек айтсам, 2000 жылдың наурыз айында «Ақ Жайық» газетінің қазақ редакциясы отыратын бөлмеге кенеттен Шәміл Әбілтаев кіріп келді. Қолында домбырасы. Табиғатынан қарапайым Шәкең баяғысынша жарқылдап, амандық-саулық сұрап жатыр. Оның қолындағы домбырасын көргенде менің жүрегім қуаныштан лүп-лүп соқты. Айтқандай, Шәкең де бізді қуантуға дайын келген екен, сол жерде бізге екі ән орындап берді. Оның бірі «Бір ауыз сөз», екіншісі менің жеке қалауым бойынша «Өрікгүл» әні. «Өрікгүлді» тыңдай отырып мен өзім үшін жаныма соншалықты ыстық бұл әнді жиырма жылға жуық уақыт бойына тыңдай алмай келгенімді есіме түсірдім. Әбден сағынып қаппын. Не керек, сол бір көктемнің алғашқы шұғылалы күндерінде Шәміл ағамыз газет жұмысынан қажып отырған бізді бір жадыратып кетіп еді. Сол жолы бұл әнін өзінің сүйген жары Өрікгүл жеңгемізге арнап шығарғанын және Алатау бөктерінде шынымен де өрікгүл деп аталатын гүлдің өсетінін білдік. Әннің тарихы сөйтіп, Шәміл ағамыздың бір ауыз сөзімен түйінделді.

Енді бәріміз сағынып жүрген, оқырмандарымыз сөзін ұмытып та қалған «Өрікгүлді» еске түсіріп көрейік:

 

Төгілер тіршілікке көрік гүлден,

Гүлдер көп жер бетінде көріп, білген.

Қаршагүл, барша гүлден ерте жетер,

Гүл аспас Алатауда өрікгүлден.

 

Қайырмасы:

 

А-а-а-ай!

 

Гүлдеді өрік тал,

Ақ гүлде көрік бар.

Ақ гүлде ақ сезім,

Алғашқы пәк сезім,

Не деген жақсы еді,

Досым-ау, көріп қал, көріп қалшы!

 

Көктемнің келбетіне дара ғашық,

Өспейді өзге гүлмен араласып.

Өрікгүл ерте туған сәуір гүлі,

Алғашқы кездескендей бала ғашық.

 

Кең аспан жұлдыз жаққан кезіндей боп,

Тұтанған жас жүректе сезімдей боп.

Өрікгүл елжіретті ең алғашқы,

Қалқаға сүйдім деген сөзімдей боп.

 

Міне, Кәкімбек пен Шәміл ағаларымыздың сыршыл да, нәзік жүректерінен шыққан «Өрікгүл» осы еді.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

20 маусым 2012, 22:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.