Атырау, 28 қараша 16:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Гүлге оранған мектеп

14 350 просмотра

Ғани Мұратбаев атындағы мектепті айнала көмкерген бөртегүлдердің бұтағының арасынан байқау мүмкін емес. Ендеше мектептің қалалық «Жасыл аула» байқауында жүлделі бірінші орынды жеңіп алуы айтпаса да түсінікті.

 

МАРТИРОСЯН ЖӘНЕ ОНЫҢ ІЗБАСАРЛАРЫ

Бұл байқау осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр, өткен жылы оның ұйымдастырушылары – облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдаланушылар басқармасы таңдаулы деген жеке аулаларды марапаттаса, бұл жолы жеңімпазды мектептер мен балабақшалар арасынан іздеді.

Мектеп ауласын ұстаздар да, оқушылар да күтеді. Бірақ, әңгіме оны ұйымдастырушы, осы дәстүрдің ізін жалғастырушы туралы қозғалған кезде барлығы бір ауыздан Мағия САТАНОВАНЫҢ (суретте) есімін атады. Жоғары санатты, еңбек өтілі біраз жылдарды артқа тастаған биология пәнінің мұғалімі, ҚР ағарту ісінің үздігі.

- Осыдан 33 жыл бұрын осы мектепке жұмысқа келгенімде, мұғалімдер мен оқушылардың көшеттерді күтетін дәстүрі қалыптасқан еді. Жасыл желекті алғаш рет мектеп директоры Ованес МАРТИРОСЯН отырғызған. Ол кейбір көшеттер мен гүлдердің тұқымдарын өзінің туып-өскен жері Кавказдан   әкелген,- деп әңгімелейді Мағия апа. Оған мектептің шаруашылығын жүргізуші Анатолий ПАГОМИ және  биология пәнінің мұғалімі Заря апа көмектескен екен.

Мектеп ауласының үлкен аумағын (0,9 гектар) суаруға олар Жайықтан су тарту үшін насос орнатты. Мектептің қияр мен қызанақ өсіретін өз бақшасы бар. Жиналған өнімді әкімшілік сатты, ал, өзінің пайдалы қасиетімен танымал итмұрынды дәріханалар басқармасына тапсырды. Бүгінгі күні бақшаның орынында ботаникалық бақ, ал, итмұрынның жемістерін мұғалімдердің өздері және мектепке жақын маңда тұратын тұрғындар алады.

Мағия апамен бірге біз жасыл аумақты аралап келеміз. Мектепте екі ғимарат бар, оның бірінде бастауыш сынып оқушылары, екіншісінде орта және жоғары сыныптар оқиды. Ғимараттардың алдында жып-жинақы гүлзарларда шырайгүлдер жайқалып тұр, оны оқушылардың өздері отырғызған. Олардың сол жағында жабайы жүзім өскен алаң бар.

- Бұл жерде биология пәні бойынша тәжірибелік сабақтар өтеді, балалар гербарий үшін жапырақтар жинайды, ағаштар мен өсімдіктердің құрылымымен танысады, - дейді Мағия апа. Оның маңында көп жылдық өсімдіктер өскен ботаникалық бақ бар.

 

ОҚУШЫЛАР ТАБИҒАТТЫ СҮЙЕДІ

Аула түгелімен шағын-шағын учаскелерге бөлінген, олардың әрқайсысына бір-бірінің сұлулығын айқындап тұратын көшеттер мен гүлдер үлкен талғаммен отырғызылған. Өсімдіктердің небір түрі бар! Бір ғана бөртегүлдің 90-нан аса көшеті бар және қайың, үйеңкі, зығыр, қырыққұлақ өсіп тұр. Қырыққұлақтың кішкене көшеттерін Алматыдан мұғалімдердің бірі алып келген. Сол кезде оның біздің табиғат жағдайымызға өсіп кететіндігіне күмәнданған болатын. Ол жерсініп, тұқымын беріп, енді ол учаскенің барлық жеріне отырғызылды.

- Бізде жұлдызгүл, таушымылдық, қалампыр, рудбекией өседі және оны «Алтын шар» деп те атайды. Бұл гүл өте әдемі, ашық, қуаныш гүлі. Оның гүлдейтін уақыты болған жоқ, ол жаздың ортасынан бастап, аяз түскенге дейін ашық-сары жарқыраған шар тәрізді болып гүлдей береді, - деп әңгімелейді Мағия апа.– Мұнда бір жылдық өсімдік үлпек гүлдің де көшеттері  бар, олар да таяу арада гүлзарымызды сәнге бөлемек. Одан әрі қытай және кавказ раушан гүлдері орналасқан, артқы аулада жеміс ағаштары бар – тырбиған шие көшеттері, қытай алмасы.  

Ол тағы да бірнеше жеміс ағаштарын отырғызғысы келеді. Ал, бұл жасыл аула жергілікті тұрғындардың көшеге шығарып қоя беретін ешкілері үшін жаман болып тұрған жоқ. Оларға қоршау түк те емес, одан секіріп түсіп, алдындағының бәрін бағбаншы Қуаныш ЕСКЕНДІРОВ қуып шыққанша талғамастан жей береді. Қуаныш оларды үнемі бағып отыра алмайды, оның жұмысы бір басына жетерлік.  Бір жақсысы оқушылардан көмек көп, тіпті, жаздың өзінде сағат 9-дан 11-ге дейін бақты күтуге келеді. Кезекшілік кестесін биология пәнінің мұғалімі Бақытжамал САДЫҚОВА жасайды.

Ғани Мұратбаев атындағы мектепте 675 оқушы бар. Бұл математиканы тереңдетіп оқытатын оқу мекемесі жас натуралистер стансасымен, «Ақ Жайық» табиғат резерватымен, экологиялық ҮЕҰ байланыстарын үзбейді. Директордың қоңыр салқын бөлмесінің қабырғасына «Табиғатты қорғауға қосқан үлестері үшін», «Көгалдандыру үшін» секілді мақтау қағаздары мен дипломдары ілінген. Алайда, бастысы, оқушылар табиғатты сүйеді және оны аялай біледі.

Зульфия ИСКАЛИЕВА,

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

20 маусым 2012, 22:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.