Атырау, 25 желтоқсан 06:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Сталинградтан келген соңғы сәлемдеме

2 958 просмотра

«Ganam Ninac bupannыn Stalingrutqa sauғыska ketip buragatap Mәskeuden sulғan sәlemdemesы. Ageme, Ninacqa, Maruacqa salem el qalыq saldattarғa sәlem. Меңдыбаев Quanыш, 9/X/42». 

 

Латын, кириллица және қазақ әлiпбиi араласа жазылған бұл тіркестер - кiшкентай Нинаштың әкесiнiң соңғы хатынан алынған жолдар. Лейтенант Қуаныш МЕҢДІБАЕВ өзінің жалғыз қызын осылай еркелетіп атайтын. Осыдан соң бір айдан кейін әкесі Сталинградты қорғап қаза табады. Тек 70 жылдан кейін ғана Нина апай бейіт басында әке рухына тағзым еткен еді.

ЖОҒАЛҒАН ҚАРА ҚАҒАЗ

Қуаныш Меңдібаев, оның анасы, жұбайы мен кішкентай қызы соғысқа аттанар алдындаНина апай әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендер санатындағы Қазақстан жауынгерлері жерленген Украинадағы қорым туралы мамыр айында жарияланған мақаладан кейін  редакцияға хабарласты. Сол тізімде оның әкесі болмаған, бірақ Нина апай оның Сталинград түбінде қаза болғанын білетін. Сөйтіп оның бейітін табуға қол ұшын беруді өтінді. Өйткені, ресми түрде оның әкесі хабар-ошарсыз кеткендер есебінде тұр.

…Әкесі майданға аттанғанда оның жасы 4-те болатын, ал жұбайының құрсағындағы ұлын көруге тағдыр жазбапты. Үлкен Меңдібаев 1942 жылдың 14 желтоқсанда қаза болды, ал төрт күн өткен соң оның ұлы дүние есігін ашқан. Қыстың ызғарлы күнінде үйіне қара қағаз келген екен:

- Анам талып қалды, оны біреудің сүйеп қалғаны есімде, - дейді апай.

Ол мұның қара қағаз екендігіне сенімді, бірақ ол қағаз жоғалып қалған. Есейген соң Нина әкесінің қайда жерленгенін білу үшін құжатты қалпына келтіргісі келген. Бірақ бұл қиынның қиыны боп шықты. Подольскдегі орталық мұрағат және басқа да ресурстар жыл сайын Қуаныш Меңдібаевтың «хабар-ошарсыз кеткендер» есебінде тұрғандығы туралы мәліметті ұсынудан танбаған. Ал облыстық әскери комиссариат өз мұрағатындағы офицерлер туралы деректердің жоғалып кеткендігін айтыпты.

ДАРГАНОВКАНЫҢ ДАНА ҚАРИЯЛАРЫ

Туған жердің топырағын әке қабіріне төктіОсылайша тұйықталған шеңберді үзудің сәті енді ғана түсті. Нина Меңдібаева бізбен кездескеннен кейін Әділғали БАЙМЫРЗАҒА (осынау үлкен іздеу жұмыстарының бастамашысы болған осы кісінің арқасында жерлестеріміздің көпшілігі соғыста қаза болған аталары мен әкелерінің қайда жерленгенін білді) хабарласып, ол ғажайыптың күшімен ғаламтордан «құпия» деген белгісі бар құжаттар папкасына тап болып, 1942 жылы кішкентай Нинаның анасын есінен айырған «қара қағазды» тауып алыпты.

Жақын арада Нина редакцияға қайта келді. Жүзі бал-бұл жанған ол әкесінің бейітін тапқан екен. Тіпті отбасымен бірге Волгоград облысының шалғайдағы кішкентай ғана Даргановка хуторына барып,  сол жерде бауырластар зиратында мәңгілік мекен тепкен лейтенант Меңдібаевтың бейітіне туған жердің бір уыс топырағын салып та келіпті. Он бес үйден тұратын селода сұм соғыстың естеліктерін қастер тұтады екен: обелиск мен бауырластар зираты тап-тұйнақтай, ал қаза болған жауынгерлердің тумаларын өз туыстарындай құшақ жая қарсы алатын көрінеді.

- Кішкентай ғана хутор қарайтын село әкімшілігі басшысының өзі күтіп алып, бізді сарбаздар жерленген жерге апарды. Сол жердің тұрғындары бізге жылы әсер қалдырған еді, - деп әңгімелейді Нина апайдың жолдасы Алпысбай Жанұзақұлы риза болып.

Жергілікті қариялар шалғайдан келген қонақтарды обелиск жанында күтіп тұрыпты. Көне дәстүр бойынша нан-тұзбен қарсы алып, жауынгер туыстарының бейіт басындағы толқыныс сезімдерін бөлісіп, тіпті дастархан да жайған. Бұл жүректері кең жандардың шынайы мол пейiлдері болатын.

Осы хикаяда үнемі тазалықтың лебі есіп тұратынын байқаған Нина апа базарлық ретінде төрт тақия мен орыс стиліндегі төрт шәліні қалай асығыс ала кеткенін қысыла есіне түсірді:

- Келген соң бір тақияны алғыс айтып, жергілікті әкімге кигіздік. Көлік ішінде, ойбай, енді қайттім, енді үш тақия қалды, қалай таратсам екен деп ойлап келе жаттым. Бәрі аяқталған соң дастарханға отырдық, қарасам, үстел үстінде үш қария мен төрт әжей отыр екен. Бәріне де жетті, - деп қуанады Нина апа.

«Жаным Нинаш, бапаңның Сталинградқа бара жатып Мәскеуден салған сәлемдемесi. Әжеме, Нинашқа, Маруашқа сәлем, ел халық, солдаттарға сәлем. Мендыбаев Куаныш, 9.10.42».

 

ЕСКЕРТКІШКЕ ЕСІМІ ЖАЗЫЛАДЫ

Қариялардың бірі дастархан басында сол кезде қандай қантөгіс болғанын, ал деревняда дәл бүгінгідей қариялар мен балалардан өзге ешкім болмағанын еске алды. Бәрі де майданға аттанған еді. Сарбаздардың өлі денелерін қариялар мен балалар қар басқан даладан сүйреп әкеліп жерлеген. Балалардың ең үлкені 11 жаста болған... Қаза болғандардың көпшілігі көктемге дейін қар астында қалған, сондықтан «қайтарымсыз шығындар» тізімі бір жылдан кейін қайта нақтыланған. Мәселен, біздің әскери комиссариатқа КСРО Қарулы күштерінің кадрлар бас басқармасынан офицерлік құрам туралы нақтылау сұранымы 1948 жылы келген.

…Обелискіде әкесінің есімі жазылмапты. Нақты мәліметтер болмаған, енді бәрі де анықталғаннан кейін волгоградтықтар оны мерейтойлық датаға – Сталинградтың азат етілгеніне 70 жыл толатын келесі жылдың ақпанына дейін мемориалдық тізімге енгізуге уәде берді.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Өндірістің жас озатын әрі болашағы зор механикті соғыс басталмас бұрын Қосшағыл мен Құлсарыдағы ашық мұнай кәсіпшілігін игеруге жіберген еді. Сол жерден 1942 жылдың маусымында майданға шақырылады. Шілде айынан бастап 1942 жылдың желтоқсанында көз жұмғанға дейін Қуаныш Меңдібаев 126-атқыштар дивизиясының құрамында Сталинградты қорғаған. Көп шығынға ұшыраған осы дивизия Паулюстің қоршауда қалған әскеріне көмекке бара жатқан гитлерлік танкілерді тоқтатқан.

20 маусым 2012, 21:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.