Атырау, 25 желтоқсан 07:21
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Екі дүние есігінде

5 665 просмотра

Осыдан 10 жыл бұрын әлемдік ақпарат көздері бұрын-соңды болмаған сенсацияны: 1927 жылы өмірден озған Бурятия буддистерінің басшысы ХІІ Пандито Хамбо-лама –Даши-Доржи ИТИГЭЛОВТЫҢ бұзылмаған қалпы сақталған денесінің 75 жылдан соң қазылып алынғанын жария еткен еді.  Буриятияның діни  қайраткері денесі Бурият Республикасы астанасы Улан-Удэден 36 шақырым қашықтықтағы Иволгинск дацанында (монастырь) орналасқан. Жуырда маған оны көзбен көрудің орайы келген еді. 

 

100 МИЛЛИОН «ОМ»

Улан-Удэден монастырьға жету онша көп уақыт алған жоқ, бар болғаны жарты сағаттың ішінде дацанға да келіп жеттік.  Алдымен Иволги селосына жеткен соң  автобус кешіккен соң такси ұстауға тура келді. Өйткені, таңертеңгі сағат 8-10 арасында болатын хуралға (мінажат) қатысқым келген. Маусым айы болса да, жергілікті тұрғындар сырт киімдерін әлі шеше қоймапты. 

Храмның территориясына кірмес бұрын буддист болмасаң да жасауға тиісті бірнеше рәсімдері бар екен. Соның бірі – гороо (территорияны айналып шығу) және хурдэ (дұғалық барабандарды айналдыру). Менде сағат тілі бағытымен қозғала отырып, әлгі үлкенді-кішілі  барабандарды айналдырып шықтым. Ритуалдық горооны 1, 3, 7, 12 рет айналдыру керек... Храм территориясының 5 гектарға созылып жатқанын ескерсек бұл бір өзінше марафон болды. Барабан-хурдэ храмның  барлық аумағына орналстырылған. Оның ішінде ұзын маталарға немесе қағаздарға жазылып, оралған мантралар (дұғалар) бар.  Барабандар айнала бастағанда оның ішіндегі мыңдаған мантралардың оқылу процесі  автоматты түрде жүре бастайды. Ол мантралар денеңнің сауығып, кармаңның (карма дегенміз буддистер үшін сенің келесі өміріңде  кім болып келетініңді анықтайтын, таңбадай болып басылған жасаған әркеттеріңнің іздері) тазалануына көмектеседі деген ұғым бар. Студент-буддистер айтқандай,ең үлкен барабанда ең басты саналатын «Ом мани пад ме хум» мантрасы жүз миллион рет жазылған, яғни бір айналдырсаңыз ол жүз миллион ретоқылады-деп түсіндіреді олар.

 

ҮҢГІРДЕГІ РЕКТОР

Иволгинск дацанының жанындағы буддалық «Даши Чойнхорлин» университетінің ректоры Ганжур лама РАДНАЕВТЫ (суретте) табу соншалықты қиынға түспеді. Есік алдындағы Ганжур-ламаға  кезекке тұрған адамдар тобына мен де қосылдым. Менің Қазақстаннан келгенімді естіген Ганжур-лама сәл-пәл таңырқай қарап алды да:

- Cіз мұсылмансыз ғой, егер менімен кездескеніңізді білсе, сізді жазаламай ма? Бірден ескертіп қояйын, біз принципті түрде миссионерлікпен (буддизмді насихаттаумен) айналыспаймыз, - деді.

Толықша келген Ганжур лама монах болса да адамды жатырқамайтын, өте көңілді әрі өткір тілді жан екен.

– Лама болу үшін не істеу керек? Әлде лама болып дүниеге келу керек пе?

– Ол үшін 16 жыл монастырьда оқу керек. Мен 1974 жылы буддизмді оқып үйрену үшін Моңғолияға кетіп қалдым. Буддизм – бұл таңдау еркіндігі. Әркім өз жолын таңдайды, біреулері ешуақытта жар сүймеуге ант береді, басқалары монастырьдан кетеді, содан соң оған қайтып оралуы мүмкін. Біздің университетімізде қазір 200 студент білім алып жатыр. 40 жасөспірім әскер қатарына шақырылды. Монахсың ба, жоқ па, сен отан алдындағы борышыңды атқаруға тиіссің. Университеттегі студенттер барлық 8 немесе 16 сатыдан өткен соң ғана “лама” деген атқа ие бола алады.

– Сіздің студенттеріңіз қандай пәндерді оқиды?

– Біз табиғатты зерттейміз, өйткені, біз бәрiмiз табиғаттың балаларымыз ғой. Курсқа медицина, астрология, математика, психология, буддалық логика, буддизм негіздері, тибет тілінің грамматикасы, иконография, будда философиясы мен тарихы, медитация негіздері кіреді. Медитация тәжірибесі жоғарғы курстардан басталып, жылына үш айдан жүргізіледі. Бос кеңістікке (буддистер үшін Құдайды алмастыратын түсінік – С.Т.) қол жеткізгендер медитация жасау үшін бір жылға дәруіш боп кетеді.

– Медитация жасау үшін арнайы дайындық керек пе?

– Әрине. Бұл йога, адам тәні мен жанының ерекше күйі, бұл басқа әлемге саяхат.

– Сіз өзіңіз медитация жасайсыз ба?

– Мен мұны жылына бір рет 7 күн бойына жасауға міндеттімін. Мен медитацияны үңгірде, оңаша жерде жасаймын.

– Ол қандай жер?

– Әркім оны өзі таңдайды. Саған ешкім кедергі келтірмес үшін бұл орындар басқалар үшін құпия болады. Тағы бір ерекше мінәжат ететін жерлер бар, оған студенттер тобы болып медитация жасауға барамыз.

– Сіз адамдармен сөйлескен кезде, оның энергетикасын сезесіз бе?

– Сіз ол жақсы адам ба әлде  нашар адам ба дегенді айтып тұрмысыз?

– Иә...

– Міндетті түрде, сәл сөз алмасқаннан-ақ оның парасатын пайымдауға болады. .

– Университет пен дацанның бүкіл шаруашылығын кім демеп отыр?

– Меценаттар қол ұшын береді. Кез-келген дін қайырымдылық есебінен тіршілік етеді ғой.

– Ганжур-лама, сіз әрі жұлдыз жорамалшысыз. Біздің газетімізді не күтіп тұрғанын айта аласыз ба?

– Сіздер қазір жетістік полюсінен аттап өттіңіздер, тек ерінбеу керек, өмір – бұл өз-өзіңмен күресу.

ТІРІ ӨЛІК

ХІІ Пандито Хамбо-лама Даши Доржо ИтигэловСапарымның ендігі негізгі және басты мақсаты өлгенімен де, естуімше тірі делініп келген Хамбо-лама Итигэловты көру еді. Бірақ, өкінішке орай оны кез-келген уақытта көрсете бермейді екен. Дацанның басқарушысы АЮР ЛАМА өтінішімді қанағаттандырудан бас тартты. Бірақ мен де алған бетімнен қайтпадым. Итигэловты көруге көмектесуін сұрап Ресейдегі буддизм иерархиясының діни тұлғасының бірі саналатын Ганжур-ламаға қайта бардым. Ұзақ келіссөздерден соң Итигэловтың денесі тұрған храмға кіруге мүмкіндік алдым.

Міне, храмның қақ төріндегі әйнек жәшіктің ішінде шүйкедей ғана лама лотос қалпында отыр! Тұнық жасыл жанары ашық, залдың артындағы алыс бір нүктеге қадалған. Қолыма берген көк жібек ритуалдық матаны алып, оның алдына тағзым етіп, өз ағзасы мен санасын билеудің ең биік шыңына көтерілген ұлы философқа деген құрметімді білдірдім. Өкінішке орай, маған Хамбо-ламаны суретке түсіруге рұқсат берген жоқ. Марқұм болған ламаның  жаны будисстер сенетіндей 85 жыл бұрын нирванаға кетсе де, оны өлді деуге тілің бармайды. Танауының айналасының жұмсақ тіндері сәл-пәл деформацияланғанымен, ол біз білгендей кеуіп  қалған, бальзамдалған мумия емес! Тіпті оның өлгені күні кешедей әсер қалдырады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша Бурятияда жаздың ортасына қарай ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі екен. Мені таң қалдырғаны мына қолапайсыз «саркофагта» ешқандайда салқындатқыш қондырғының қолданылмағаны болды.

 

ДҮНИЕДЕН БАЗ КЕШУ

XII Пандито Хамбо Ламаның 1852 жылы дүниеге келгені белгілі. 1911 жылы Бурятиядағы буддистердің жетекшісі боп сайланды. 1927 жылы ол өз денесін 75 жылдан кейін кері шығарып алуға өсиет етіп, бұл өмірмен қош айтысады. Ұзақ медитация кезінде лотос күйінде отырып көз жұмған Хамбо Лама Итигэловтің денесі балқарағайдан жасалған жәшікке салып, көміледі.

Иволга дацанындағы монахтардың айтуынша, өмірден өтер алдында бүкіл шәкірттерін жинаған Итигэлов, олардан өлім аузында жатқан жанға жақсы ортада қайта туылуын тілейтін «Хура Намши» мантрасын оқуды өтінеді. Шәкірттерінің батылы бармайды, өйткені, ол әлі тірі еді! Сол кезде Хамбо Лама дұғаны өзі оқи бастайды, содан соң оған шәкірттері де қосылған екен.

 

«ӨЛГЕННЕН КЕЙIН ӨЗГЕРIС ЖОҚ»

2002 жылдың қыркүйегінде саркофаг шығарылып алынады. Сөйтсе, Ламаның денесі еш бүлінбеген екен. Республикалық сот-медициналық сараптама орталығының үш жетекші маманы қол қойған эксгумацияланған мүрдені сыртқы тексеру актісінде былай деп жазылыпты: «Жәшік ішінен және мүрдеден бөгде хош иісті, шайырлы немесе шіріген иіс байқалған жоқ... Мүрденің жұмсақ тіндері тығыз икемді консистенциялы, буындарының қозғалысы сақталған. Басында шашы, тырнақ пластинкалары да қалпында. Жәшіктен шығарған кездегі мүрденің отырған күйі қандай да болмасын демегіш және бекіткіш құрылғысыз сақтаулы. Бальзамдау немесе тұмшалау мақсатында бұрын денені сойған қандай да болмасын белгілер, сондай-ақ, мүрденің денесінен бұрын алынған зақымдардың іздері, бүлінулер, ота жасалған белгілер, сырқаттар анықталмады».

Әсіресе, сарапшыларды таң қалдырғаны Итигэлов денесінде тірі ағзаға тән кейбір белгілердің сақталуы болды. Ал, мені оның  көзінің де сол қалпы  қалғаны таңдай қақтырды. Зерттеу жүргізген сот-медицина сарапшысы, медицина ғылымдарының докторы Виктор ЗВЯГИННІҢ растауынша, ламаның денесі өлгеннен кейін өзгерістерге ұшырамаған. Инфрақызыл спектрлі фотометрияның көмегімен жасалған анализдер Хамбо Ламаның ақуызды фракциясы «тірі кезіндегі сипаттамаларға» ие екенін көрсеткен.

 

«ОНЫҢ ТІРІ ЕКЕНІ АҚИҚАТ»

Хамбо-ламамен кездесуден соң сан-салаға кеткен ойларымды реттеу үшін буддалық университеттің ректоры Ганжур-ламаға қайта келдім.

– Ганжур лама, Итигэловтың денесіне зерттеу жүргізген сарапшылар мүрденің осыдан 12 сағат бұрын о дүниелік болғандай көрінетінін мәлімдеді. Сол уақыттан бері 10 жыл өтті, өзгеріс бар ма?

– Ешқандай өзгеріс жоқ. Мен оны жиі көремін, әзірге ештеңе байқаған жоқпын.

– Оның көздері де сол қалпы ма әлде маған солай көрінді ме? Ал тамыр соғысы бар ма? Маған бүгін монахтар айтқандай, ламаның денесінен тер де шыға ма?

– Оның бойында бәрі – қан қысымы да, тамыр соғысы да бар.Ол тірі адам секілді, шынымен де терлейді.

– Хамбо Лама Итигэловтың күйін қалай сипаттай аласыз: ол өлі ме әлде медитация жасап отыр ма?

– Жер бетінде өлі дененің шірімейтіндігі туралы бұған дейін нақты мысалдар болған  жоқ.Сондықтан мен оның күйін: ол тірі деп қана түсіндіре аламын.

– Ал, егер медитация жасап отырған болса, ол бұл күйден қашан шығады?

– Бізге келесі Будда келген кезде, екі мың жылдан кейін.

– Қалай ойлайсыз, ол Будданың күйіне жетті ме?

– Ешкім де әзірге бұл сұраққа жауап бере алмайды. Бірақ ол сансара (кармамен шектелген әлемдегі туу мен өлім айналымы) шегінен асып кетті.

 

БОС КЕҢІСТІККЕ БӨЛЕН

Ламалар айтқандай, Итигэлов «жан жақты және сапалы анализ жүргізіп, барлық құбылыстардың ұлы ақиқаты  - Бос кеңістікке тікелей, іс жүзінде қол жеткізген». Мұны түсінікті тілге аудару мүмкін емес. Аударып та қажеті жоқ. Бірақ, біз, мәселен, бос стаканның қандай екенін білеміз. Ендеше былай дейді ректор, мүрдені 10 жыл бұрын зерттеген сарапшылар оның бойында темір, мырыш, күміс, йод және басқа да металлдар мен минералдар жоқ екенін, яғни, оның ішінде бос кеңістік түзілгенін айтты. Тірі (тіндер) шірімейді, ал өлі (минералдар және т.б.) Ламаның денесін тастап кеткен. Сондықтан бұл жерде ажал болмайды. Хамбо лама одан қашып құтылған.

Міне, буддистер пәлсапасы осылай өрнектеледі. Монахтар туу және өлу шеңберінен мәңгілікке азат болып, Итигэлов секілді дүниеден баз кешуге әр адамның мүмкіндігі бар екендігіне сенімді. Біздің Қорқыт атамыз да ажалдан қашып құтылмақ болған, бірақ... қолынан келмеді. Алайда, аңыз оның адам тілімен айтып жеткізуге болмайтын тылсымды түсінгенін жеткізеді бізге. Ол өзі жасаған қобызымен ғана сырласқан.  Бірақ, Қорқыт атаның өзі орындаған саздың не туралы мұң шерткенін кім білсін?

Атырау – Улан-Удэ – Иволгинск – Атырау

Суретті түсірген автор

АЙТПАҚШЫ:                                                                 Ол да «тірілердің тірісі» болған. Улан-Удэ қаласындағы орталық алаңда орналасқан Ленин басының мүсіні 2010 жылға дейін дүние жүзіндегі ең ірісі боп есептелген. Төбесіне дейінгі биіктіні 7,7 метр құрайды. Басының диаметрі 4 метр, салмағы – 42 тонна. Алайда канадалық Ванкуверде де биіктігі 17 метр болатын Владимир Ильич Лениннің басы бар.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

20 маусым 2012, 19:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.