Атырау, 23 қараша 06:56
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Барды бағалай білейік

9 545 просмотра

«Жерұйық» мәдениет орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастырған «Сарайшықтан - Астанаға!» атты этно - мәдени экспедициясы облыс аудандарының түгелге дерлік ауылдарын аралап шықты. Аталмыш қордың төрағасы Нұрберген Дәулетовпен (суретте) экспедицияның жұмысы, жалпы қоғамдық қордың нақты мақсаты жөнінде сұхбаттасқан едік.

ҮНДІ ЖІГІТІ ЖӘНЕ АЛАША

 - Қоғамдық қордың нақты мақсаты қандай?

-Біздің көтерген бастамамыз қазақ өнерінің қайтадан жандануына бағытталып отыр. Қазір ұлттық қолөнерді ұмытуға айналдық. Қарапайым мысал келтірейін. Қазір өзін зиялы деп есептейтін кейбір отбасылар үйінің қақ төріне гобелен іліп қояды. Дұрыс болар, өнерді бағалап, түсінгенге не жетсін. Бірақ, көпшілігі сол гобелен өнерін түсінбейді, еліктеушілікпен төрге іліп қояды. Ал кезінде әжесі тоқыған алаша, кілемдер гараж, қорада, тіпті одан бетер, ауладағы итінің үйшігінде жатады. Ал, сол гобелен мен әжелеріміз тоқыған алашаның айырмашылығы жоқ. Қайта қазақ арулары тоқыған бұйымның әдемілігі де, сапасы да әлдеқайда жоғары тұрады.

Осында Атырауда жүрген шетелдіктерді гобеленмен қызықтыра алмайсың, керісінше, олар алашаға да, киізге де, текеметке де қызығушылық танытады. Біз болсақ, сол алаша - текеметтерді мұражайдан ғана көретін халге жеттік. Ал қыз жасауын өзбек ағайынның күлдібадам дүниесіне айырбастадық. Тіпті, енді домбыраны да сол ала шапанды ағайындар жасап беретінді шығарды.

Осы ретте бір ғана мысал келтірейін. Жылыой ауданында жүргенде естіген әңгімеміз. Ауылдағы ата-анасына ірі мұнай компаниясында жұмыс жасайтын баласы үнділік шетелдік әріптесімен келеді ғой. Әлгі шетелдік алашаны көріп, үйдегілерден қоярда қоймай сұрап алады. Алып кетіп, еліне барған соң, қазақ әріптесінің шешесіне өзінің анасы ғана киетін үнділік ұлттық  киімін беріп жіберіпті. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.

Біздің мақсатымыз - жаңағы мұражайға мықтап ене бастаған ұлттық қолөнерді қайтадан күнделікті қолданысқа енгізу. Осы мақсатта аталмыш экспедицияны да ұйымдастырып отырмыз. Соның арқасында шалғайдағы ауылдарда алаша тоқитын, киіз басатын, қамшы өретін, ер шабатын, қайыс дайындайтын қанша шебер аға-апаларымызды таптық . Өкініштісі сол, олардың көбі егде тартып қалды, жастар жағы аз. Біздің ендігі мақсатымыз - жас шеберлердің қатарын көбейту.

 

ҚАБЫРҒАДАҒЫ ҚАМШЫ

Күміс білезіктер, XVIII-ХІХ ғасыр- Түсінікті. Бірақ, қалаға мықтап дендеп бара жатқан қазіргі қазаққа сіздің қамшыңыз, киіз - текеметіңіз керек бола қояр ма екен?

-Сауалыңызды түсіндім. Ғаламдастыру жағдайында қолөнер төтеп бере алмайды ғой деген астарлы пікіріңізді байқап отырмын. Бірақ, елдің болашағын ойлаған ұлттың ұстанымын ешқандай ғаламдастыру шайқалта алмайды ғой. Мысалы, Жапонияны алайықшы. Бұл елдің технологиясы мен ғылымы, экономикасы мен әлеуетінің дамыған озық ел екені баршаға аян. Бірақ, жапондықтар кимоносын, икэбанасын тастап кеткісі жоқ. Қайта олардың өнерін бүкіл әлем үлгі тұтып, сәнге айналдыруда. Жапондықтарға қатысты тағы бір мысал келтіре кетейін. Олимпиада ойындары қатарындағы жапондықтардың ұлттық күресі- дзюдомен жүз жиырмадан астам мемлекет айналысады екен, әрі Олимпиада құрамына енген жалғыз ұлттық күрес те осы болып тұр. Міне, қандай жетістік! Ал, біздің жағдайда не істеуге болады? Біз қандай қадамға барамыз? Қазіргі таңда қалада тұратын әр қазақ өз пәтеріндегі немесе зәулім үйіндегі ең болмағанда бір бөлмесін текемет, алаша, киізбен жабдықтап, шынайы қазақы қамшысын іліп, домбырасын төрде ұстаса деп ойлаймыз. Тіпті, басқаны былай қойғанда, қазақы киіздің өзі көп жағдайда денсаулыққа да пайдалы екендігін ұмытпауымыз керек. Өйткені, ол табиғи, таза шикізаттан жасалады. Ал, қазіргі нарықтағы кілем, паластардың барлығы дерлік бояуынан бастап, жіптеріне дейін химиялық қоспалары бар шикізат қой.

 

ШЕБЕР ДЕ, ОЛАРДЫҢ ІЗБАСАРЛАРЫ ДА БАР

Ағаштан жасалған ер-тоқым, ХІХ ғасыр Біз білсек, қоғамдық қордың мүшелері арасында облыс, республикаға танымал тұлғалар жүр. Бұл біреулердің атағы арқасында бедел жинаудың әрекетіндей көрінеді сырт көзге. Осының астарында қандай сыр жатыр? 

- Қоғамдық қордың ақылдастар алқасының мүшелігіне өз саласының беделдісі мен білгірі, іскерлігімен жұрт назарына іліккен тұлғалар шақырылғанын түсінікті жағдай деп есептеймін.  «Сарайшықтан-Астанаға!» атты этно- мәдени экспедициясына кезінде Әлібек ҚАЙЫРОВ, Нұрлан БЕРМАҒАМБЕТ, Абат КЕНЖЕҒАЛИЕВ, Әбдіхан ЕСЕНҒАЛИЕВ көп көмек жасады.

- Енді экспедиция барысында кездескен кейбір қызықты жайттарға тоқталсаңыз...  

- Айталық, Атырау өңірінде ұсталық, зергерлік өнері келмеске кетті дегенді жоққа шығаратын мысалды келтірейін. Құрманғазы ауданының Қошалақ ауылдық мектебінің директоры Наурыз ЖАМАНҒАРИН ертеректе кеңес өкіметінің тиындарынан білезік соқса, қазір де осы өнерін жандандыруға дайын, оның сыған көрігі әлі бар.

Ұстаның көрігі, ХVIII ғасырЖылыой ауданында да ұсталықпен айналысатын тұлғалар жетерлік. Алаша тоқитын, киіз басатын әже - әпкелерімізбен қатар, замандастарымыз да, қарындастарымыз да жетерлік. Олар әсіресе, Құрманғазы, Қызылқоға аудандарында көп екен.

Мысалы, Қызылқоға ауданы, Тасшағыл ауылының тұрғыныХамидолла МҰХАМБЕТОВТЫҢ ұлы Бақтыбек қайыс дайындап, қамшы өретін әкесінің өнерін қолға алатынына уәде етті. Бұл тізімді жалғастыра беруге болар еді, бірақ, экспедиция барысы туралы толық қорытындысы жарияланған кезде бәрі мәлім болады деп есептеймін.

Экспедиция қорытындысымен Атырау қаласында көрме ұйымдастырылып, кітап шығарылады, деректі фильм түсіріледі. Бұлардың тұсаукесері күзге таман, Астана қаласында өткізіледі.  Бұл бағыттағы жұмыстар қазір жүргізілуде, алғашқы нәтижелері де көп кешікпей көрініп қалар.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер «Жерұйық» мәдениет орталығының мұрағатынан алынды.

20 маусым 2012, 18:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.