Атырау, 24 қараша 16:03
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Шешілмеген түйін

3 710 просмотра

Саша Денисовтің коллажыҮш жылдай уақыттан бері «АЖ» газеті бақылау жасап келе жатқан «Бала ауыстыру» туралы істе (соңғы жарияланым - «Үміт оты жылт етті», 12 сәуір 2012 жыл №15) күтпеген жайттар орын алды.

БАСТЫҚТЫҢ ҚҰПИЯ ОРЫНБАСАРЫ

Тергеу органдарының әрекетсіздігінен шаршаған ерлі-зайыпты Сәуле БАПАЕВА мен Нұрлыбай АШЫҚБАЕВ (суретте) 2009 жылы олардың Жылыой перзентханасында дүниеге жаңа келген қыздарының жоғалу фактісі бойынша қозғалған істің барлық 6 томын өз беттерінше мұқият оқып шықты. Сол кезде баяғыда өздеріне шалынған телефон қоңырауы туралы сұмдық жағдайды анықтапты. 2009 жылдың сәуірінде өздері жерлеген сәбидің денесін эксгумациялау қарсаңында ерлі-зайыптылардың үй телефонына өзін прокуратура қызметкерімін деп таныстырған ер адам қоңырау шалып, қабірді ашпауды талап еткен. Оның орнына Сәулеге дер кезінде медициналық көмек көрсетпеген дәрігерді жазалауға ұсыныс жасап, бәрі реттеледі деп сендірген. Ол содан кейін хабарласпапты.

2010 жылдың 15 қаңтарында Атырау ОТД басшылығынан 2010 жылдың 14 қаңтарындағы облыс прокуроры орынбасарының сауалына жауап келген. Абонент нөмірі – (7122) 25-11-10, қоңырау соғылған күні мен уақыты – 2009 жылдың 2 сәуірі, 14.30, әңгімелесу ұзақтығы – 6 минут. Бір қызығы, қоңырауды нақтылау бір күн ішінде жүргізілген. Тағы бір жайт: сол кезде облыс прокуроры Бауыржан СМАТЛАЕВ болған. Соның арқасында бала ауыстыру туралы іс бойынша тұрып қалған тергеу ісі орнынан жылжып, Қылмыстық кодекстің айып тағылатын бабы «Адам ұрлау» деп қайта өзгертілген. Ал ең бастысы, аталмыш нөмірдің қожайыны Азаттық, 85 мекен-жайы бойынша орналасқан Атырау облыстық ІІД мемлекеттік мекемесі боп шықты...

ІІД баспасөз қызметі бұл нөмірдің ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасарына тиесілі екенін растады. 2009 жылдың сәуірінде бұл лауазымды кім атқарғанын білу оңай болмады. Мені бір бөлімнен екінші бөлімге сілтеп жіберді. Тергеу басқармасының бастығы Есмұхан ҚАШКЕНОВКЕ хабарласуға тура келді. Мен телефон нөміріне қатысты жағдайды сипаттадым, содан кейін ол шабуылға көшті:

– Ал олар (ерлі-зайыпты С. Бапаева мен Н. Ашықбаев) сіздерге тергеу органдарынан сәби жерленген жерді екі ай бойына жасырғанын айтпады ма? Біздің істі қарайтын өз мерзіміміз бар. Бұл іспен сол кезде Жылыой АІІБ айналысты. Әлі есімде, олар ерлі-зайыптылардан ұзақ уақыт бойына жерленген жердің қайда екенін біле алмады. Ал біз өз кезегімізде АІІБ-ден мерзімді сақтауды талап еттік. Ерлі-зайыптыларға кешеуілдеу себебін анықтау үшін осы жерден қоңырау соғылуы әбден мүмкін. Маған Бапаева да қоңырау шалды, мен де оған кері соқтым. Бірақ әңгіменің не туралы болғаны есімде жоқ.

– Сонымен, осы кезде тергеу басқармасы бастығының орынбасары қызметінде кім болды?

– Бүгінде ол адам Атырау қалалық жедел басқару орталығының жедел кезекшісі боп жұмыс жасайды.

 

ҮШ МҮРДЕГЕ ҚАТЫСТЫ ЖҰМБАҚ

Басшылыққа  соғылған осы қоңыраудан кейін баспасөзден әлі күнге дейін іргесін аулақ салып жүрген тергеу өкілдерінің бірі осынау атышулы іске бейресми түрде комментарий беруге келісім берген еді:

– Әуел бастан-ақ, ерлі-зайыптылар өздерін түсініксіз ұстады. Дәрігерлердің салдыр-салақ әрекетіне шағым берген соң жарты жылдай қажетті құжаттарды, соның ішінде айырбас картасын ұсынбады. Ал бірнеше уақыт өткен соң, облыстық перзентхананың бұрынғы бас дәрігері Жәнібек КӨШӘЛИЕВТІҢ атышулы ісінен кейін олар сәбиіміз тірі, оны сатып жіберді деген жаңа шағым түсіреді. Бірақ біз фактіні анықтау үшін эксгумация жасау керек болады деп мәлімдеген кезде, олар екі ай бойына оны жасаудан бас тартты. Мәселе мынада, эксгумация жасауға берілетін санкцияда мүрденің жерленген жері көрсетілуі тиіс. Алайда ерлі-зайыптылар бізге оны атаудан бас тартты. Бізге сенбейтінін, қорытындыларын бұрмалауымыз мүмкін екенін айтты. Осыған қатысты мен сол кездегі аудан прокурорына, ІІД тергеу басқармасына әлденеше рет хабарластым. 2009 жылы наурыздың аяғында жерленген жерін көрсетпей-ақ қаулы алуға қол жеткіздім. Белгіленген күні біз сәбиді жергілікті зиратқа жерлеген шығар деп жорамалдап, Жаңа Қаратон поселкесінен шықтық. Бірақ күтпеген жерден ерлі-зайыптылар сәбидің Жылыой ауданындағы бұрынғы Сарықамыс поселкесінің маңында жерленгенін айтты. Ол жерге 150 км жер жүру керек. Сөйтіп, ол жерге келесі күні шықтық. Сондай-ақ, денені қыста, жер мұз боп қатқан кезде жерлесе де өте тереңге көміп тастағанына таң қалған едім.

– Сіздің күдігіңіз қандай болса да, фактілердің өзі айтып тұр ғой. Бірнеше сараптама перзентханада ерлі-зайыптыларға өз балаларын бермегенін растады. Сот-медициналық сараптамада сақталған ішкі ағза үлгілері үшінші сәбиге тиесілі екен. Ал бұл қалай?

– Иә, бұл жерде белгісіз үш мүрдеге қатысты мәселе бар. Туыстарына өлі сәбидің денесін берген кезде мүрдеханада үш дене болған.(Естеріңізге салайын, Жылыой ауданының дәрігерлері сол кезде мүрдеханада Бапаеваның өлі туған баласынан басқа бала болмағанын растаған еді - Л.С.). Оның бірі – анасы дәретханада босанған сәби. Бұл жерде криминал болғандықтан, денені паталогоанатом емес, сот-медициналық сарапшы зерттеген. Әдетте іздеушісі жоқ мүрделерді қоқыс шығарумен айналысатын коммуналдық қызметтің қызметкерлері жерлейді. Ал бұл жолы сол маңдағы маскүнемдерге бір бөтелкеге денені жерлеуге беріпті. Тергеу барысында біз олардан жауап алған едік, бірақ олар жерленген жерді естеріне түсіре алмады. Соған сәйкес, осы сәбидің денесі табылмады. Мүрдеханадағы екінші сәби денесінің үлгілерінің сараптамасы бұл сәбидің Бапаеваның сәбиі емес екенін көрсетті. Бірақ бұл сәбидің анасы онымен сәйкестігіне қатысты жасалған сараптамаға қатысудан бас тартты. Ал біз тағайындаған комиссиялық медициналық сараптама «Кювелер жатыры» деген диагнозы бар Бапаеваның тірі сәбиді дүниеге әкелуі мүмкін емес деген қорытынды шығарды.

– Өлі болсын, тірі болсын, сіздер сәбиді ақыры таба алмадыңыздар. Мүрдеханадағы сәби денелеріне қатысты әңгімеңіз маған қорқыныш ұялатады. Ендеше екі мәрте жалған сөйлегендігі әшкере болған паталогоанатом неліктен жазасын алмады?

– Иә, сәби табылған жоқ. Ал бала ауыстыру туралы бап тек тірі балаларға ғана қатысты. Мүрделерге қатысты берекетсіздіктерге келер болсақ, біздің ұйғарымымыздан кейін кінәлі тұлғалар облыстық денсаулық сақтау басқармасынан тәртіптік жаза алды. Тек біреуге нақты айып тағылған жағдайда ғана қылмыстық тұрғыда қудаланады. Ал ол жерде кінәлі адамды табу мүмкін емес. Паталоганатомнан басқа мүрдеге басқа тұлғаларға, соның ішінде санитаркаға да жол ашық. Эксгумация жасамауды  талап еткен ІІД-ден түскен қоңырауға келер болсақ, бұлай болуы мүмкін емес. Бәлкім, тергеу ісіне жәрдем көрсету өтінішімен қоңырау шалған шығар.

 

БАС ПРОКУРАТУРА ЗАҢДЫЛЫҚТЫ АНЫҚТАЙДЫ

– Мұның бәрі жалған, – деп мәлімдеді Сәуле Бапаева. – Көптеген сараптама нәтижелері біздің дұрыстығымызды дәлелдеп отыр. Сол қоңырау туралы тергеушіге мен келесі күні айттым, бірақ олар менен қашқақтай берді. Ал қоңырау туралы егжей-тегжей сұрастырып, шындықты білген соң, оны менен жасыруға тырысты. Енді келіп өтірік айтты деп айыптап отыр. Ал әлгі адам эксгумация жасаудан бас тартсам, басқа сәби сүю мүмкіндігімнен айырған перзентхана дәрігерін жауапкершілікке тартуға көмектесетінін айтты.

Атырау облыстық прокуратурасының тергеу және жауап алу заңдылығын қадағалау жөніндегі басқармасының аға прокуроры Салтанат НИЯЗОВА хабарлағандай, «Бала ауыстыру» туралы іс қылмыс құрамы жоқтығына байланысты қайтадан тоқтатылған:  

– Бірақ ерлі-зайыптылар Бас прокуратураға шағымданғаннан кейін, ол жерден қабылданған шешімнің заңдылығын анықтау  үшін істі сұратқан еді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА, суретті түсірген автор

20 маусым 2012, 18:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.