Атырау, 23 қараша 07:02
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Шеберлердің көне қаласы

8 995 просмотра

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ежелгі Атырау облысы ғана емес, Ақтөбе-Лаэти қалашығының барлық аумағында қазба жұмыстарын жүргізуге лицензия алды. Тарих-филология факультетінің студенттері бұл жерде археологиялық тәжірибеден өтеді. Олар өздерінің тапқан алғашқы олжаларын бізге мақтанышпен көрсетті.

ИТАЛЬЯНДЫҚТЫҢ ЖОЛЫМЕН

Ақтөбе-Лаэти қалашығы Атырау қаласының шетіндегі Томарлы поселкесінен шығысқа қарай Ақтөбе шатқалында орналасқан. Осы археологиялық ескерткіш туралы көп уақыттан бері белгілі. Өткен ғасырдың 20-жылдары гурьевтік мұғалім СУХАРЕВ осы жерден бергі орта ғасырлық қызыл балшықты керамиканы жинаған. Өлкетанушы Вячеслав АФАНАСЬЕВ қалашық туралы 60-жылдары көнекөз геолог Сапар ҚАРЫМСАҚОВТАН хабардар болған. Ш. Уәлиханов атындағы археология және этнография тарихы институтының тапсырмасы бойынша ол осы мекенге, сондай-ақ, Сарайшық қалашығына тұрақты бақылау жасай бастаған. Өзінің алғашқы олжаларын (соның ішінде ортағасырлық керамика ғана емес, неолиттік  пышақ тәрізді пластиналар болған) әйгілі маман Әлкей МАРҒҰЛАНҒА көрсеткен.

Ақтөбе қалашығын күрделі археологиялық қазу жұмыстарын 1974 жылы мәскеулік археолог Лев ГАЛКИННІҢ басшылығымен орта Волга экспедициясы бастаған. Галкин XIV ғасырдағы итальяндық саяхатшының картасын көрген, онда бұл жерлер «Лаэти» деп аталыпты. Сондықтан қалашықтың Ақтөбе-Лаэти деген екі атауы бар.

Археологиялық қазба жұмыстарын тоқсаныншы жылдардың басына дейін түрлі экспедициялар жүргізген. Олардың барлығының қазба олжалары Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақталған.

 

КВАРТАЛДАР БОЙЫНША ҚОЛӨНЕР

- Ортағасырлық Ақтөбе-Лаэти қалашығы - Төменгі Поволжьеден Орта Азияға бағытталған керуен жолында XII-XIV ғасырларда қоныстанған Алтын орда қолөнер қалашығының қалдықтары, - деп әңгімелейді Х. Досмұхамедұлы атындағы АМУ жанындағы археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Марат ҚАСЕНОВ.Қоныс бас қала Сарайшықтың оңтүстігіне қарай 50 километр жерде орналасқан. Олжаларға қарағанда, бұл жерде көптеген қолөнер шеберханалары болған. Бұдан басқа, жергілікті халық сауда керуендеріне қызмет көрсеткен.   

Қала тұрғындардың кәсібіне қарай кварталдарға бөлінген. Алтыннан жапсырма әшекейлер мен сырғалар дайындаған зергерлер бөлек тұрған. Оларға сүйектен ою оятын шеберханалар көршілес орналасқан. Бұған сүйек жүзіктер, сүйек тарақтардың сынықтары, сүйек кесінділері дәлел. Басқа кварталдан балық қабыршақтары мен сүйектері мол табылды. Бұл жерде бекіреден, қортпадан, сүйрік балығынан өнімдер дайындаған. Қаланың солтүстік шетіндегі үлкен кварталда жез балқытатын қолөнершілер мекендеген. Жезден жүзіктер, білезіктер, ыдыстар жасаған. Бұдан басқа, бұл жерде шыны тұмарлар – алуан түсті және түрлі көлемдегі моншақтар жасалды.

Көпестер, дипломатиялық миссиялар мен Батыс пен Шығысты жалғайтын жолдағы пилигримдер Ақтөбе-Лаэтиге соқпай кетпеді. Ал, бұл шеберлер қаласын XIV ғасырдың аяғында Темірдің әскері ойрандаған.

Адамзаттың қолымен жасалған бұл іске табиғат та өз үлесін қосты: бұл мекен Каспий теңізі деңгейінің және Жайық өзеніндегі мол су тасқынының көтерілуі нәтижесінде суға кеткен. Өткен ғасырдың 50-жылдары теңіздің беті қайтып, қоныс қалдықтары жер бетіне шыққан еді.

 

ҚАЗБА ОРНЫНДАҒЫ ТӘЖІРИБЕ

Ақтөбе-Лаэтиді зерттеу өткен ғасырдың 90-жылдарының басында түрлі себептер бойынша үзіліп қалған. 20 жыл өткеннен кейін АМУ-нің тарихшы және географ студенттері археологиялық қазба жұмыстарын қайта жаңғыртты. Олар тапқан олжалардың арасында – неолит дәуіріне жататын шыны мен жезден жасалған зергерлік әшекейлер, керамикалық бұйымдар, жебелер мен сүйек инелер бар. Жас археологтар тапқан хумдар – бидай сақтау үшін саздан жасалған үлкен ыдыстар керемет сақталған. 

Х. Досмұхамедұлы атындағы АМУ студенттерімен бірге қазба жұмыстарына Алматыдан Атырауға академиялық алмасу бағдарламасы бойынша келген Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері қатысады.

Ақтөбе-Лаэти қалашығы тарихи-археологиялық ескерткіш деп танылған және мемлекет қорғауына алынған. Алайда, жергілікті археологтар мен тарихшыларға бірнеше жылдар бойына көне қалашықтың аумағы үшін күресуге тура келеді. Оның бір бөлігі «Орбита» телестансасын салу кезінде толықтай қираған. Қалған аумақ құрылысшылардың назарына әлденеше рет іліккен. Ол жерден екі рет канал қазғылары келіп, құс фабрикасын салмақ болған. Ал, соңғы екі жылда көне қалашықпен көршілес Жұлдыз ықшамдауданы қарқынды түрде бой көтеруде.

- Ақтөбе-Лаэти тек қағаз жүзінде ғана қорғалатын аумақ боп қалмайды деп үміттенеміз, - дейді АМУ тарих кафедрасының меңгерушісі Серік ҚУАНЫШ. Алдымен қорғау шарбағын орнату керек. Бұдан басқа, археологиялық қазба жұмыстары мен ғылыми-зерттеу жұмыстары әжептәуір шығындарды қажет етеді. Университеттің жалғыз өзінің бұған шамасы жетпейді. Егер біздің идеямызға жергілікті биліктер рухтанса жақсы болар еді... Ал идеялар баршылық. Мәселен, қалашықтың аумағынан Атырау тұрғындары мен меймандар келу үшін ашық аспан астынан археологиялық мұражай салу, осы жерден қазба жұмыстарына тікелей қатысқысы келетін туристерді тарту үшін археологиялық база құру. Ал, ең бастысы - өткенімізді сақтауымыз керек, онсыз болашағымыз жоқ екені белгілі.        

Тамара СУХОМЛИНОВА

20 маусым 2012, 17:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.