Атырау, 26 қараша 04:45
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Шетелдік нөмірмен бір жыл ғана жүруге болады

43 168 просмотра


Соңғы жылдары тек қана Атырау облысының ғана емес, республика аумағында ТМД елдерінен – негізінен РФ, Қырғызстан және Армениядан әкелінетін көліктердің саны күрт өскенін байқаймыз. Осыған байланысты «АЖ» тілшісі Атырау облыстық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Мырзалы ӨТЕҒАЛИЕВҚА бірнеше сауалдар жолдаған болатын.

- Өзге елдерден әкелінген көліктерді тіркеу қалай жүзеге асады?

- «Жол жүрісі туралы» Заңының 64 бабына сәйкес басқа мемлекеттерде тiркелген және Қазақстан Республикасының аумағына бір жылдан кем мерзiмге әкелiнген жеңiл, жүк автомобильдерi мен автобустар, арнайы автомобильдерді қоса алғанда, мотоциклдер мен мотороллерлер, автомобильдердiң құрамында жүруге арналған тiркемелер - мемлекеттік тіркеуге жатпайды. Басқа мемлекеттен әкелінген,  тіркеуге тыйым салынбаған көлік құралдарын есепке қою алдында ҚР Салық кодексінің 533 бабына сәйкес бастапқы мемлекеттік алым және утилизациялық алым төлеуге міндетті. Бұл алымдар көлік құралының шыққан жылына және қозғалтқыш көлеміне байланысты 0,25 АЕК- тен 2500 АЕК дейін төлейді. ( 601,25 теңгеден- 6 млн 12500 теңгеге дейін.)

- Қандай көліктерді Қазақстанда тіркеуге тыйым салынған?

- Экологиялық класы 5- тен төмен, қауіпсіздік жастығымен және ISOFIX бекіту мен блок қоюға қарсы тежеу жүйесімен (ABS) қамтамасыз етілмеген, сондай- ақ күндізгі жарық шамдары жоқ көліктер елімізде тіркеуге жатпайды.

- Қазіргі таңда Атырау облысы аумағында өзге мемлекеттерден әкелінген қанша көлік бар екені белгісіз ғой?

- Өкінішке орай, солай. Бір жылға дейін мемлекеттік тіркеуге жатпағандықтан, біз тіркеуге алмаймыз.

- Басқа елдерден әкелінген көліктер шетелдік нөмірлерімен қанша уақытқа дейін жүре алады?

- ҚР «Жол жүрісі туралы» Заңының 65- бабына сәйкес ҚР аумағы арқылы халықаралық жол жүрісіне көлік құралдарының қатысуына рұқсат берілген болатын. Яғни өзге елдің мемлекеттік нөмірімен жүру үшін иесінің Қазақстан Республикасы аумағынан тыс тұрғылықты жері болуы керек немесе көлік бізде тіркелмесе және ел аумағына уақытша әкелінсе өзге елдің мемлекеттік тіркеу нөмірімен жүре алады. Мұндай жағдайда бұл көліктер ҚР аумағында халықаралық жол жүрісінде деп есептеледі.

- Демек, көлік құралы 1 жыл бойына халықаралық жол жүрісінде деп есептелініп, кейін міндетті түрде ҚР тіркеуге тұруы қажет қой?

- Иә, еліміздің аумағында бір жылдан астам уақыты өткен көліктер халықаралық жол жүрісінде деп есептелмейді. Тек тіркеу талаптарын орындаған жағдайда ғана елімізде тіркеле алады.

- Көліктердің Қазақстанда жылдан артық уақыт жүргендігін қалай білуге болады?  

- Елге әкелінген көліктер кедендік дерекқорда тіркеледі, сол арқылы біз біліп отырамыз.

Бірақ, жүргізушілердің бұл ережелерден де аттап өтудің жолын тапқаны белгілі. Олар Қазақстаннан шығып, кері елге өтіп, сөйтіп тағы бір жыл тіркеусіз жүре алады.  

- ТМД елдерінен кіргізілетін көліктердің техникалық байқаудан өтулері міндетті ме?

- Бір жылдан кем уақытқа әкелінген көлік құралдары Қазақстанда тіркеуден өткізілмейді, сондықтан да оларға біздің елімізде техникалық байқаудан өтудің керегі жоқ.  

Фархат ӘБІЛОВ

Суретті түсірген автор

4 маусым 2018, 10:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.