Отставкадағы милиция майоры, бұрынғы табысты адвокат, ал қазіргі Иркутск казактар әскери жасағының есаулы Владимир БРАГИНЦЕВ жаяулатып үш мыңнан астам шақырым жерді жүріп өткен. Ол жолда көптеген әпенділерді-марафоншылар мен велосипедшілерді кездестірді, олардың барлығының өз мақсаттары мен міндеттері бар. Ал, Владимир Федорович Иркутскден Иерусалимге қажылыққа бармақшы. Және ол бұл Қасиетті жерге жаяу жетпекші...
Владимир Федорович елу сегізде, ол байырғы казактардың бірі. «Дінсіз казак-казак емес», - деп есептейді ол және православия дінін ұстаушы болуға тырысады. Қажылық жасау туралы ой оны көптен мазалаған болатын, алайда, алғашқы қадам жасаудың сәті еш түспей қойған еді.
- Бірде мен түс көрдім, түсімде маған екі жылдай аула тазалаушы болып жұмыс істеуге тиіс екендігімді айтты, - дейді Владимир Федорович. - Содан кейін мен іле-шала адвокатураны тастадым да, аула сыпырушы болып кеттім. Тура екі жыл бойына базарды сыпырдым. Дәл екі жыл өткен соң анам мен дін қызметкерінің батасын алып, осы жолға аттандым. Осы жылдың сегізінші мамыры күні түнгі сағат үште Брагинцев жолға жиналды. Оның есебі бойынша бұл сапары кем дегенде төрт жылға созылмақ:
- Иә, жаяу жүріп келемін. Дәл біздің ата-бабаларымыз қажылыққа қалай барды, солай жүріп келемін. Өзімнің рухани күш-жігерімді шыңдап, өзіме деген сенімді нығайтып, жолдың қиындығын жеңудемін.
Владимир Федорович күніне орташа алғанда 47 шақырымды жүріп отырады:
- Одан артық жүре алмайсың, арқаңа асынған шатыр, жылы киімдер, бақыраш салынған жолқапшық бар. Жазда бұған қарағанда жүру оңай болатын, ыстықтан ағаш пен бұтаның көлеңкесіне жасырынып, өзен де не болмаса көлге жуынып алуға болатын еді. Салқын түскелі бері қиындау болып кетті, салқын жерге құрылған шатырдан бойың қайдан жылынсын. Оның үстіне аяқтарым да тез шаршап қалатын болды. Он шақырым өтер өтпесте аяғым сырқырай бастайды, табаның бастырмайды, содан аяқтың ұшымен жүруге тура келеді. Бірақ, бұл мені тоқтата алмайды. Қалай болғанда да жетемін.
Владимир Федорович өз маршрутын казак жерлерінен бастады- Уссурийск казак жасағы, Амурский, Забайкальский, Иркутстк, Енисей, Сібір, Орынбор және Орал, Атыраудан кейін кезекте Астрахан казактарымен кездесу күтіп тұр. Одан әрі Элиста-Кубань-Дон-Украина-Румыния-Болгария-Греция. Грециядан әрі ол Қасиетті жерге кемемен немесе ұшақпен баруды жоспарлап отыр. Владимир Федорович қай жерде болмасын міндетті түрде православиялық храмдарға бас сұғады. Ол жүз алпыстай шіркеуде, сегіз әйелдер және алты ерлер монастырларында болды. Ол қай жерде болмасын адамдармен сөйлесіп, өзінің ұзақ сапарының мақсаты туралы айта жүреді.
Есаул Табыт Құдайдың алдына барып өз күнәлары мен ата-бабаларының күнәсін кешіруді және өз жақындары мен ұрпағына жақсылық тілеуді сұрап, жалбарынбақшы.
Жол сапарындағы кездескен қиындықтарды сұрағанымызда, ол жай ғана жауап берді:
- Кейде жуынып-шайынуда қиындықтар туындап қалады, алайда, су қоймалары қай жерде де бар. Ал, қалғандары маңызды емес. Өйткені, мен Құдай үшін жақсы іске баруға бел шештім. Ол маған жолда көмектеседі, мейірімді жандарды маған жіберіп отырады және Қорғаушы-періштелерім де қасымда. Бірде батпақты жерлермен жүріп келемін, бір кезде төмен қарай батып бара жатқанымды бір білдім. Содан Қорғаушы періштелеріме сыйына бастадым, бір сәт аяғым қатты топыраққа ілікті. Сенім адамға қашан да көмектеседі.
Владимир Федоровичпен болған әңгіме барысында мен одан жылылық пен мейріміділіктің есіп тұрғандығын сезіндім. Ол да менің сол ойымды оқып қойғандай, былай деді:
- Бір монахтың бөлмесінде былай деп жазылған жазба болатын: «Бүгінгі әрбір жасаған қайырымды ісің саған жұмаққа өтуіңе көмектеседі».Біз әрқайсымызға тағдырдың қанша ғұмыр сыйлап отырғанын білмейміз, сондықтан да қайырымды істерді атқаруды кейінге қалдырудың керегі жоқ. Жолаушының есебіне қарағанда ол Иерусалимге 2012 жылдың сәуір айында жетпекші. Ал, кейін басқа маршрут бойынша қасиетті жерлерді аралап, тағы да екі жылдан соң өз үйіне оралмақшы. Оның үйінде сүйікті жұбайы мен екі баласы және екі немересі тосып отыр.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор