Атырау, 24 қараша 23:07
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырау суретшілері: Сәдір Кәрібай

Сурет Бейнежазба
9 778 просмотра

Кеңес Одағы кезіндегі көптеген атыраулық суретшілер бүгінде неге қоғамның көлеңкесінде қалып жүр? Өнер иесінің өзін қадірлеуі және оның шығармасының көркемдік құндылығының қатынасы қалай? Осы және өзге де тақырыптар төңірігінде «АЖ» тілшісі суретші Сәдір КӘРІБАЙМЕН әңгімелесті. 

«АЖ» анықтамасы:
Сәдір КӘРІБАЙ – 1956 жылы Қызылорда облысы Арал қаласында дүниеге келген. 1983 жылы Шымкент қаласындағы Ә. Қастеев атындағы көркемсурет училищесін бітірген соң Атырауға келіп, облыстық суретшілер Одағында жұмыс жасайды. 1987 жылдан бері облыстық, республикалық көрмелер мен симпозиумдарға қатысып келеді. Жұмыстары Қазақстанның  музейлер қорында және көптеген елдердегі коллекционерлердің иелігінде сақтаулы. 
1992 жылы ҚР Суретшілер Одағының мүшесі.

КЕҢЕС ДӘУІРІ ТУРАЛЫ

- Сәдір аға, әңгімеге дайындық барысында Сіз өткен ғасырдың 80-жылдарында  жергілікті суретшілердің еңбекақысының жоғары болғандығын айтып қалдыңыз...

- Иә, солай. Ол кезде мұнайшылар да бізден төмен алатын. Мысалы, мен 500 сом айлық алдым, ол кездері бұл өте көп ақша.  200 сомын тамағыма, серуенге жұмсап, 300 сомын ауылдағы әке-шешеме салып жіберетінмін. Мен 1983 жылы оқу бітіріп, жолдамамен Атырау облыстық суретшілер қорына бас суретші болып жұмысқа тұрдым. Ол кезде кәсіби оқу орындарын бітіріп келген жас суретшілерді қуана қабылдайтын.  Бірақ бұл жерде көпшілігі ұзаққа қала алмайтын, жұмысы өте көп. Оның үстіне белгіленген уақытта үлгеріп отыруың керек. Бұл жерде әңгіме авторлық туындылар туралы емес, қордың негізгі қызметі кеңестік идеологияны насихаттау құралдарын жасау болды. Бізге партия тарапынан тапсырыс көп түсетін. Мамыр мерекелеріндегі шерулерде ұстап жүретін үлкен плакаттарды жазып жүрдік.

Лениннің суретін салғаным әлі есімде. Қазір мұның бәрі күлкілі шығар, бірақ, осы тапсырыстар біз үшін үлкен кіріс көзі болатын. Ал қазір басқа уақыт, барлық жерде суретші қолының ізі түспеген билбордтар мен басқа қазіргі заманғы құрылымдар. Дегенмен, мұның бәрі жақсылыққа ұмтылу. Ал менің жасым келді, мен қазір таза шығармашылықпен айналысамын. Өзімнің жұмысымнан ләззат аламын. Өзімді эгоист санаймын және суретшілер, жалпы өнер адамы сондай болуы керек деп есептеймін.

- Өзіңізді қатты жақсы көресіз бе?

- Жоқ, өзімді емес, өз өнеріңді жақсы көру, өз туындыларың арқылы өзіңе тамсану. Жасаған жұмысыңа тәнті болуың керек. Сонда ғана шабытың ашылып, әрмен қарай да сурет салғың келіп тұрады. Суретші эгоист болуымен қатар, мінезі нашар болуы керек (күлді). Менің мінезім нашар.

- Мінезіңіз қандай сонда? Қырсықсыз ба?

- Иә, ол да бар. Жалпы, мен 83-жылы Атырауға келгенде ол кезде Гурьев, рушылдыққа бөліну қатты сезілетін. Мені де бастапқыда сырттан келген деп шеттетін. Бірақ, менің де мінезім атыраулықтарға ұқсас, қаталдау болатын. Мен де тік мінезді, бетің бар, жүзің бар демей, тіке айтатынмын. Сондықтан, ортаға тез үйреніп кеттім.

НАРЫҚ ДӘУІРІ ТУРАЛЫ

-Партиялық тапсырыстар болмаған сонау 90-шы жылдардағы кезеңдерді қалай өткіздіңіз? Қалай өмір сүрдіңіздер?

- Иә, жақсы жағдайға үйреніп қалған бізге бұл ауыр соққы болды. Бірі ішіп кетті, бірі қайыршы болып қаңғып кетті. Ал бертін келе қатарлас әріптестеріміз Алматы мен Астанаға, басқа да қалаларға көшіп кетті. Ал мен сол кезде саудаға бет бұрдым. Алматыдан Атырауға пойызбен тауар тасыдым. Киім, магнитофон саттым. Болашақ жарым Шолпанмен сол пойызда келе жатып таныстым. Ол да сауда жасайтын. Мен жасым 45-ке таяп үйлендім.

- Неге кеш үйлендіңіз?

 - Мен үйлену, отбасын құру туралы ойламадым, бұған мән берген жоқпын. Біріншіден, өзім физиологиялық ерекшеліктеріме байланысты солай ойладым. Аласа бойлы, тартымсыз жігіттің әйелдерге ұнайтын қасиеті болуы мүмкін емес деген ойда жүрдім. Оның үстіне сондай нашар мінезіммен кім қарасын?

Алайда, бір сәт көз алдыма қартайған шағым келе қалды. Өзімді кәрілік басқан шақта шынтағымнан демеп, аузыма қасықпен тамақ беретін жанымда жан жоқ, жалғыз қалғанымды елестетіп, денем мұздап сала берді. Сөйтіп жүргенде тағдыр маған Шолпанды кездестірді. Шолпан өзім іздеп жүргендей, мінезі жайлы болып шықты. Менен он жас кіші. Танысқаннан соң оны сатушы етіп жұмысқа алғанмын. Кейін аз уақыттан соң ұсыныс білдірдім. 

- Сіз қазіргі өз шығармашылығыңызды қалай сипаттар едіңіз? Сіздің стильдік тіліңіз қандай?

- Философиялық-монументалдық. Символикалар арқылы философиялық ойды жеткізуге тырысамын. Кейбір әріптестерім менің картиналарымды тұнып тұрған роман ғой деп таңғалады. Мұны орынды айтылған мақтау деп қабылдаймын.

- Сіздің жұмыстарыңызда жай ғана қылқалам мен майлы бояуды ғана пайдаланбайсыз.

- Иә, аралас техника, бұл жерде темірді де, алюминийді де, консервіленген банкіні майыстырып, салатын бейнеге сәйкес пішінін келтіріп, қоқысқа тасталатын қиық маталарды да, гипсті де пайдаланамын. Жалпы он саусағынан өнер тамған шебер деуге болар: портрет сала аламын, графика, кескіндеме, чеканка.

- Өнертанушы Жеңіс Кәкенұлы өзінің «Ақ зер» кітабында сізді Пабло Пикассоға теңейді.

- Шығармашылық деңгейім Пабло Пикассодай болмас. Дегенмен, өзің туралы жақсы пікірлердің айтылуы көңілге жағады екен.

- Шығармашылық жұмыстарыңызды қаншаға бағалайсыз?

- Ең азы 1000 доллар. Оған келіспесе, сатып алмай-ақ қойсын. Арасында тапсырыстар болып тұрады. Соның арқасында өмір сүріп жатырмыз.



Айнұр САПАРОВА

Суретті және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ


3 маусым 2018, 17:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.