Осы жылдың мамыр айында қала маңындағы Геолог поселкесіндегі «Шаңырақ» балалар ауылында балалардың ой-өрісін дамытуға арналған орталық ашылды. Онда 4-тен 7 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді. 1 маусым Балаларды қорғау күні қарсаңында «АЖ» тілшісі орталықта болып қайтты.
Бізде 45 тәрбиеленуші болды, өткен жылы тағы да жабылып қалған Қазыбаев атындағы балалар үйінен 17 бала қосылды, - дейді балалар үйінің директоры Гүлсара БОТАБАЕВА. – Балаларды дамыту орталығын ашуды біз көптен бері жоспарлаған едік. Біздің тәрбиеленушілеріміздің арасында нашар отбасынан келген 7 жасқа дейінгі балалар да бар. Олар физиологиялық және психологиялық жағынан өз қатарластарынан артта қалған. Олар енді түрлі ой-өрісті дамытатын ойындар арқылы тәрбие сабақтарын алатын болады. Бүгінгі күні орталықта 12 бала оқып жатыр. Барлық қажетті деген құрал-жабдықтардың барлығы бар.
- Балаларды асырап алуға, патронаттық тәрбиеге немесе қамқоршылыққа алуға ниет білдіріп келетіндер көп пе?
- Көп. Республикалық дерекқор базасының жұмыс істегеніне жарты жылдай болды, баланы асырап алам деушілер сол жерден ақпарат алады да біздерге келеді. Біздер жыл басынан бүгінгі күнге дейін 6 баланы отбасыға беруге дайындаған болатынбыз. Олар бізден кетіп, өздерінің жаңа отбастарына қосылды. Алайда, алты жасар қыз баланы төленетін жәрдемақының аздығын айтып, бізге кері тапсырды. Әрине бұл бала үшін ауыр соққы болды. Қазір онымен психологтар жұмыс жасап жатыр.
- Сіздердің тәрбиеленушілеріңіздің жазғы демалысы қалай ұйымдастырылып жатыр?
-Железноводсктегі «Қазақстан геологы» лагеріне баруға 7-14 жас аралығындағы 30 баланың тізімі бекітілді. Одан бөлек, 7 баланың құжаттары Италия қаласындағы халықаралық кешенге баруға дайындалып жатыр. Онда көптен бері түрлі елден 6-17 жастағы балаларды қабылдап келеді. Бұдан басқа, өткен жылы жаз айларында біздің ересек балаларымыз «Жасыл ел» жасақтарында жұмыс жасап, тапқан ақшаларына өз қажеттерін алған болатын. Биыл да солай болады деп отырмыз. 2016 жылы Бесікті ауылынан жаңадан балалар ауылын салуға шешім шығарылды. Жер телімі бөлінді. Сметалық-құжаттары дайын тұр. Биылғы жылдың тамыз айында спортпен шұғылдануға да, басқа да жағдайлары қарастырылған 8 үйден тұратын қалашықтың құрылысы басталады деп үміттеніп отырмыз. Жаңа орынға барғасын, өнімдерін өзімізге алу үшін, үй жануарларын асырау да жоспарда бар.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Суреттер мен видеоны түсірген автор