Атырау, 26 қараша 04:39
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Алматылық бұрандалар мен ақтаулық су тасушылар

Сурет
2 813 просмотра


Өткен жылы қалалық билік  Атырау мен қала маңындағы 40 балалар алаңының құрылысына 90 млн теңге бөлді. Алматылық «Қазақ Жобалау Құрылыс» ЖШС мердігер  болды. Қазір оларды кім жөндейді? Қаладағы саябақтар мен алаңдарға кім және қалай күтім жасайды? «АЖ» тілшісі осы туралы анықтаған еді.

Сынған әткеншектер, ағаштан жасалған бос құмсалғыштар, қисайған қоршаулар, кеспе тастары жан-жаққа шашылған аяқжолдар... Резіңке жабын-тақтаның бетон негізге бекітілгені таң қалдырады: шошайған металл бұрандалар балаларға қауіп төндіреді.

Ал биыл қалалық әкімдік 181 балалар алаңына күтім жасауға 9 млн теңге бөлді. Жұмыс көлемі металл жабынды жөндеуді, ішінара ауыстыруды және бояуды, аумақты тазалауды және объектілерді қорғауды қамтиды. Тендер жеңімпазы «Маңғыстау» корпоративтік қоры - «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Ақтау қаласындағы филиалы. Бірер қоңыраудан кейін мен Атыраудағы «Маңғыстау» сенімді өкілі Берекет ҚОНДЫБАЕВПЕН тілдестім.

- Қазір Атыраудағы балалар алаңдарында 5 адамнан тұратын бригада жұмыс істеуде, барлығы да Ақтаудан, - деді ол. – Жұмыс көлеміне металл элементтерін дәнекерлеу жұмыстары, бояу, тазалау, құмсалғыштарды құммен толтыру кіреді. Түсіндіре кету қажет: әлдебір металл элементтер сынған болса, біз дәнекерлеуге тиіспіз. Бірақ ағаш немесе пластмасса бөлшектері сынған немесе ұрланған болса, онда оны қалпына келтіру біздің міндетімізге кірмейді.

Мемлекеттік сатып алу жөніндегі сайтқа сүйенсек, жалпы сомасы 39 млн теңгеге Атырау қаласындағы саябақтар мен алаңдарға (16 нысан) күтім жасау да Маңғыстау облысы бойынша ҚСҚ филиалының үлесіне тиген. Техникалық сипаттізімде жазылған көлем өте ауқымды: жасыл-желектер отырғызу және күтім жасау, аумақты тазалау, қоқыс жәшіктерін, орындықтарды, шағын сәулет нысандарын бояу, жарықтандыруға, сондай-ақ, сорғы мен суармалы су құбырына техникалық қызмет көрсету, ескерткіштер мен обелискілерге күтім жасау.

- Біз жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жұмыс жасаймыз. Өкінішке орай, ЖСҚ бойынша жұмыс көлемі техникалық сипаттізімде жазылғаннан ерекшеленеді. Мысалы, сорғы станцияларына техникалық қызмет көрсету ЖСҚ көлеміне енбеген, тиісінше біз де мұны жасамаймыз, - дейді Қондыбаев. - Сонымен қатар, ЖСҚ-ға суару жүйесін жөндеу жұмыстары енбеген. Ал ол көп жерлерде,  атап айтқанда, Смағұлов бульварында, Исатай мен Махамбет алаңында, Жилгородоктағы ескі саябақта, облыстық әкімдік алдындағы газондарда жұмыс істемейді.

- Бұл жағдайда не істейсіздер?

- Әзірге су тасушы көлікпен суарып жүрміз, бірақ бұл өте қымбат. Жергілікті билікпен қосымша келісім жасау туралы мәселе көтердік. Егер жүйе суару үшін жарамсыз болса, онда бізге шығынмен жұмыс жасамас үшін су тасушы көліктерге қосымша қаржылар қажет.

- Әңгіме қандай сома туралы болып отыр?

- Алдын-ала есептеулер бойынша - 17 миллион теңге.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

31 мамыр 2018, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.