Атырау, 9 қараша 01:33
 бұлттыВ Атырау +1
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Жағасы қарасудың бозқараған...

5 649 просмотра

Жайық пен Жайлаукөлдің жазғы самалындай жайсаң да, жайдары әндердің бірі - Илья Жақановтың “Бозқарағаны”. Өлеңі Мұқағали Мақатаевтікі. Қайран Мұқаңның тұмадай тұп-тұнық, мөп-мөлдір лирикадан тұратын өлеңдеріне соңғы жиырма жыл ішінде “Бозқараған”, “Қош енді, қош бол күрең күз”,  “Есіңе мені алғайсың” секілді небір шедевр әндер жазылғанын аяулы ақынның өзі көрмей кеткені болмаса, осы аталған туындылар әннің естісі мен есерін ажырата алар тыңдарманның аса бір сүйсінісін тудыраған дүниелер болды. Осының арасында біздің бүгінгі әңгімеміздің өзегі “Бозқараған” болмақ.

Иә, “Бозқараған”!.. Бұл Мұқағалидың осыдан көп жыл бұрын дүниеге келген өлеңіне жазылған ән. Өлеңнің өзі де әнге сұранып тұрған асыл дүние болатын. Табиғат суреті мен адам бейнесін сөзбен салуға шебер Мұқаң адам мен табиғаттың бір-бірінен ажырағысыздығын өте әдемі сезіммен, сұлу поэтикамен һәм сыршыл лиризммен жеткізеді:

 

Жағасы қарасудың бозқараған,

Бұтағын бозқараған қозғамаған.

Ішінде бозқараған бойжеткенің,

Бозарып бозбалалар көз қадаған…

 

Бір байқаған адамға, осы ән сонау ата-бабамыздың заманында өмір сүрген бозбала мен бойжеткеннің махаббатын жырлайтын өлең сияқты болып та немесе соның бүгінгі формасы секілденіп те көрінеді. Өлеңнен көп кейін шыққан сазы да халық әндерінің үлгісіне келеді. Бұл жерде бар құпия Мұқағали мен Ильяның өз туған халқының әдебиеті мен өнерінің уызына әбден жарығандығында жатқан шығар.

Әннің қысқаша туу тарихы туралы Ілағаң былай дейді:

-1992 жылы Мұқағалидың туған еліне бардық. Әйгілі “Шалкөде” мен “Қарасазда” болдық. «Хан тәңірін» көріп тамсандық. Мұқаң кәусарынан қанып ішкен “Қарасудың” жағасын араладық. Жағалай тұтасып бозқарған өскен екен. “Міне, мынау Мұқаң жырлаған бозқарағанды тоғай. Анау кетіп бара жатқан екі жас сондағы бозбала мен бойжеткен шығар-ау. Ал ана біреу жеңгесі болса керек”… Осылай ойға шомып, су жағасында тұрғанымда кенеттен жүрегімді лықсытып, бір толқын кернегендей болды… Ән екен…Тап осы сәт өзім “Қарасудан” телміріп көз алмаған күйі іштей қайта-қайта оқып тұрған өлеңге ілесе әдемі бір саз көмейімнен төгілді. “Бозқараған” тап осылай “Қарасудың” жағасында өмірге келіп еді...

“Бозқарағанды” осы күні ҚР еңбек сіңірген артисі Қажыбек Бекбосынов орындап жүр. Соңғы жылдары ол атыраулық әнші Ажар Сейтенованың да репертуарынан орын алды. Десек, те осы бір аяулы ән бүгінде тым көбейіп кеткен мәнсіз де нәрсіз әндердің тасасында еленбей қалып жүр. Жаратқан Алласы керемет дауыс берген әншілердің әнге деген талғамының төмендігі қынжылтады. Не болса соны айтатын болып жүр. Ал Ілағаңның “Бозқарағаны” секілді шедевр дүниелерді халық сағынды. Ендеше, бәріміз сағынған осы әнді еске түсіріп көрейік:

 

Жағасы “Қарасудың” бозқараған,

Бұтағын бозқараған қозғамаған.

Ішінде бозқараған бойжеткенің,

Бозарып бозбалалар көз қадаған,

шіркін-ай, көз қадаған-ай.

 

Қайырмасы:

 

А-а-а-а-а-ай-и-и-ий-й-й,

Қарасу,

Қарасу.

Бозқараған жағасы-ай,

Беу, бозқараған жағасы-ай!

 

Тойларын бойжеткендер жасарында,

Маздайтын бозқараған ошағында.

Тұратын желіктіріп жеңгейлері,

Біреулер жер түбіне қашарында,

шіркін-ай, қашарында-ай.

 

Жағасы “Қарасудың” бозқараған,

Бұтағын бозқараған қозғамаған.

Қайда әлгі бойжеткенің көз қадаған,

Соңында қайда жеңгең сөз бораған,

шіркін-ай, сөз бораған-ай? 

 

Міне, Мұқағали мен Илья ағаларымыздың сыршыл жүректерінен шыққан “Бозқараған” осы.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

13 маусым 2012, 16:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.