Атырау, 24 қараша 15:40
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

"Бұл жер көшеден жақсы"

5 272 просмотра

Әлиев-Сатыбалдиев көпіріне таяу, Әйтеке би көшесі бойындағы кетеуі кеткен осы бір көне үй әрі-бері өткен жанның назарын аударады. Алайда оның сырт көрінісіне қарап, бұл үйде маскүнемдер немесе қаңғыбастар тұрады деп жаңсақ ойлауға болмайды.

 

 

ДӘЛІЗДЕГІ КӨҢІЛСІЗ КӨРІНІС

Ұзақ жылдар бойына әр кеш сайын шегеленген терезелердің кішкентай саңылауларынан жарық көрініп, балалар күлкісі мен қосылған теледидардың жайлы дыбысы естіледі. Өте ертеде салынған ғимараттың бірінші қабаты әбден тозып, қаңырап қалған: терезелердің әйнегі жоқ, есік жақтаулары қисайған... Терезеден кез-келген жүргінші үшін көрініп тұрған бөлмелердің біріне көз тастағанда, тау боп үйілген лас шүберектерді, төңкерілген ванна мен төбеден құлаған кірпіштерді көрдім.

Ал, көше жақтағы кіреберіс фойе таза. Бұл үйдің тұрғын бөлігі. Сол жерде бірнеше қолжуғыштар тұр. Пәтер есіктерінің алдына төселген алашалардың үстіне шәркелер ретімен қойылған, ал қабырғада кезекшілер кестесі ілініпті: Ләззат апа, Сансызбай, Тимур… Екінші қабатта бар болғаны 11 адам. Бірінші қабатта да басқа есімдер жазылған осындай кесте ілінген.

Пәтерлердің бірінің есігін қақтық. Ұзақ күтуге тура келді. Ақыр соңында әлдебір ер адам есіктен басын шығарды да, менің блокнотым мен фотоаппаратты көрген кезде, зәресі ұшып, есігін сарт еткізіп жауып алды.

…Үмітімді үзіп төртінші пәтердің есігін қақтым, кенет дәліздің түбінен көлеңке жылт етті. Бұл қолында ойыншық машинасы бар, бізге үрпие қарап тұрған балақай екен.

- Әке-шешең қайда? – деп сұрадым.

Бір ауыз сөз айтпастан, балақай «анда» деп, саусағымен көрсетті.

Есікті соққанымызда бір әйел есік ашып, қаламаса да бізді ішке кіргізді.

- Өтінем, менің есімімді сұрамаңыздар, мені суретке түсірмеңіздер,  – деп өтінді ол. – Иә, біз мұнда заңсыз тұрамыз. Менің екі балам мен анам бар. Ал, мен екінші топтағы мүгедекпін. Егер бізді бұл жерден қуып жіберсе...

Сөйтсек, бұл отбасы осы жерде 2004 жылдан бері тұрады екен. Осыған дейін жалдамалы пәтерлерде көшіп жүрген. Ал ақшалары жетпей қалған уақытта анасы жұмыс жасаған мекеменің басшылығы иесіз қалған, жарығы, жылуы, суы, газы жоқ апатты ғимаратқа қоныстануды ұсыныпты.

- Оларға көп рахмет, – дейді сұхбаттасушым. – Біз осында көшіп келіп, ішін ретке келтіріп, терезе қондырып, ептеп-септеп жайғастық. «Атырау-Жарық» жарық өткізіп, содан соң газды да қосты. Ал қалғаны... Иә, қыста тоңамыз, бірақ бұл жер көшеден жақсы.

 

ПӘТЕР МӘСЕЛЕСІ

Басқа пәтер тұрғындарымен де сөйлесудің сәті түсті. Олардың көбі бұл үйде 15 жылдан астам уақыттан бері тұрады екен. Бұлардың көпшілігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің жергілікті департаментінің қызметкерлері. Өзінің жүктілігін көлегейлеген жас әйел күйеуінің осы жерден пәтер алғанын айтты. Бірақ фамилиясын да, қызметтік лауазымын да атамады:

- Сіздерге мақала керек, ал бізге өмір сүру керек қой. Пәтерді қойшы, бізді бәрібір 15 маусымда көшіріп жібереді, өйткені бұл үйді аукционда сатпақ. Сіздің мақалаңыздың кесірінен күйеуім жұмысынан айырылып қала ма деп қорқамын.

- Сіздерді шығарып жібере ме сонда?

-Иә. Пәтерді жалға ала алмаймыз, ақшамыз жоқ. Времянка іздеп жүрміз, бірақ өзіңіз түсінесіз, қазір басқа жақтан адамдар көп келетін уақыт. Ал біздің отбасымыз үлкен – мен, күйеуім, сәбиіміз, бұйыртса, тағы біреуі болады. Әрі қарай қалай өмір сүретінімізді білмеймін...

- Ал пәтер алу кезегіне тұрған жоқсыздар ма?

-  Әрине, бұл жердегілердің бәрі кезекте тұр. Апа, сіз нешінші боп тұрсыз? – деп сұрады ол басын шығарып қараған көршісінен.

-  О-о-о…

- Бізде де сол жағдай. Біз де соңғы жағында тұрмыз, – деп ащы жымиды ол.

 

«БАСПАНАНЫ МЕМЛЕКЕТ БЕРЕДІ»

Сонда бұл үй кімдікі? Ақпарат алу үшін жергілікті өлкетанушы Вячеслав АФАНАСЬЕВКЕ хабарластық. Оның айтуынша, бұрын ол жергілікті көпестің иелігінде болған. Кеңестік дәуір кезіндегі тағдыры әрқилы, алайда бір кездері бұл жерде «химиктерге» - шартты мерзімінен бұрын босатылғандарға арналған жатақхана болғаны белгілі. Кейінірек үйге қалалық МАИ, туберкулезге шалдыққандарға арналған аурухана орналасқан. Ал соңғы қожайыны – Қылмыстық-атқару жүйесінің облыстық департаментіне қарасты «Еңбек-Атырау» РМК. Бұл кәсіпорын жалпы режимдегі жергілікті колонияда сотталғандарға жұмыс береді.

Алдымен департаментке хабарластық. Мекеменің бас маманы Шынар ТЕЛЕШЕВА былай деп хабарлады:

-  Бірнеше жыл бұрын біздің қызметкерлеріміз басшылықтан көмек сұраған еді. Басшылық қол ұшын беріп, оларды осы ғимаратқа қоныстандырды. Иә, бізге ғимараттың сатылатындығы белгілі. Сондықтан тұрғындардан пәтерлерді босатуды өтіндік. Бірақ  біз оларға еш көмектесе алмаймыз. Біз жұмыс берушіміз ғой, ал баспананы мемлекет береді. 

«Еңбек-Атырау» РМК бұл ақпаратты растады. Тығырықтан жол табу - тұрғындардың өз қолында екен.

Анастасия ПАСТУХОВА,

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

13 маусым 2012, 22:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.