Бiздiң қалада жақында пайда болған этникалық мүсiндердiң идеялық мағынасын көпшілік түсіне қойған жоқ. Алматыдан мүсіндердің авторы Гүлфия МЕЛДЕШ (суретте) қала тұрғындарына осы жөнінде, мәселен, көне қаланың үстінде құшағын жайып тұрған перiштенiң құпиясын, бұғыға мінген еркек-әйелдiң сырын ашуды және өз шығармасындағы басқа да шеберлік әдістерді түсіндіруді ұйғарды.
Айтпақшы, Гульфияның жұмыстарын кең байтақ еліміздің кез-келген қаласынан табуға болады. Атырауда аллеялар мен саябақтарды безендірген 14 этникалық мүсіндерден бөлек, Гүлфияның авторлығымен жасалған Хиуаз ДОСПАНОВАНЫҢ ескерткіші де бар.
- Гүлфия, сонымен періштенің сыры қандай?
- Ол періште емес! Бұл көне Сарайшық қаласында өмір сүрген ханның қызы Айша. Ол көлде алтын қайықпен серуендеп жүріп, аққуларға қант беретін болған. Кейінірек бір ханның күң әйелі болып, құсалықтан көл тұңғиығына секіріп өледі. Осынау әдемі аңызды Атырауда білмейтін адам кемде-кем шығар.
- Бірақ мұнда оның қанаты бар ғой?
- Бұл оның қайығының желкендері. Ал мүсіннің келесі жағына көне қаланы суреттедім.
- Сіздің мүсіндеріңіздің тақырыбына айналған тағы аңыздар бар ма?
Гүлфия Мелдеш- Әрине! Бірақ ол сіздің жақтан таралған аңыз емес, туған жерім Оңтүстік Қазақстанға танымал аңыз. Өте ертеде хан болыпты, оның баласы болмаған екен. Сол кезде ол жас күң әйелге үйленеді. Кешікпей күң жүкті болады. Ашу-ызаға булыққан әрі қызғаныш билеген бәйбішесі баланы өлтірмек болады. Хан аңға шығып кеткен кезде жас күң бір емес, екі сәбиді дүниеге әкеледі. Ханның әйелі балаларды алып, малайларына оларды өлтіріп, орнына екі күшікті салып қоюды бұйырады. Ананың қайғысында шек болмайды. Қызметшілер оның көз жасын көріп, сәбилерді өлтірмеуге бел буады. Оларды астаушаға салып, Сырдария өзеніне салып жібереді. Астауша ағыс бойымен Ханшайым аралының жағасына жетеді. Сол жерде балаларды мейірбан бұғы шығарып алып, оларды сүтімен асырайды... Мүсінде мен осынау ғажайып жануарды бейнеледім. Осы туындыға бір жағынан қарасаң бұғыға мінген батырды көресің, ал екінші жағынан қарасаң – онда салтанатты түрде отырған сұлу қызды – оның қарындасын көресің.
...Басқа да қызықты мүсіндер бар, мәселен, «Бұрыш» мүсіні. Бұрын қыз-жігіттер басқаша танысатын. Бұл жерде жігіт қолын жүрегіне қойған, оның ниеті таза, жүрегі махаббатқа толы. Ал қыз өте сыпайы. Ал мынау – музыканттар, домбыра, қобыз... Олардың бәрі Волгоградтағы Отан-Ана ескерткіші жасалған материалдан – шамат-арматуралы монолиттен жасалды. Ал бұл мүсіндер Атырау облыстық әкімдігінің тапсырысымен қала тұрғындарына тарту ретінде Алматыда жасалды.
Этникалық стиль – бұл, әрине, жақсы ғой, деп ойладым, сұхбаттасушыммен хош айтысқаннан кейін. Атыраудағы бүкіл ескерткіштер мен мүсіндер тарихи немесе этникалық тақырыпқа арналған. Кейде өзгеше нәрсені қалайтын кездер болады. Қарағандыда, мәселен, «Где-где? В Караганде!» деген қанатты сөзге ескерткіш қойыпты. Сөйтіп, бірден Гиннестің рекордтар кітабына енген. Қостанайда таяуда техникалық прогресске ерекше ескерткіш орнатылған – 20 метрлік бетон клавиатура, классикалық құрылғыны дәлме дәл қайталайды. Немесе Алматыдағы «Битлздер» ескерткішін атауға болады. Ал менің көз алдыма мына-а-дай сазанды қармағына іліктірген балықшы елестейді. Оны өзенге жақын маңға отырғызуға болар еді. Не айтып кеттім өзі, оны кім отырғызсын, ол ескерткіш екен ғой...
Анастасия ПАСТУХОВА,
Гүлфия МЕЛДЕШТІҢ жеке мұрағатынан алынған және Қанат ЕЛЕУОВ түсірген суреттер