Атырау, 26 қараша 04:36
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

​Бейшара велосипедші туралы бір ауыз сөз

Сурет Бейнежазба
4 891 просмотра

Атырауда жақында өткен веложарыстан кейін мынадай сұрақ туындады: егер мұндай шара үшін көлік қозғалысы тоқтатылса, онда бір велосипедші қарапайым күндері қала көшелерінде өзін қалай сезінеді? «АЖ» тілшісі «Жол жүрісі қағидаларымен» танысып, бұл құжатты шынайы жағдаймен салыстырған еді.

ЖЖҚ-ның 1.2-тармағына сәйкес, велосипед – автомобиль секілді көлік құралы, ал велосипедші – жүргізуші. Велосипедші велосипедті жетелеп әкеле жатқан жағдайда ғана жаяу жүргіншілерге теңестіріледі.

ЖЖҚ-ның 24-тармағына сәйкес («Велосипедтердiң, мопедтердiң, көлiк арбалардың қозғалысына, сондай-ақ мал айдауға қойылатын қосымша талаптар»), жаяу жүргiншiлерге кедергi келтiрмес үшін оң жақ шеткi жол жолағымен немесе бiр қатармен қозғалуы тиiс.

Ережеде велосипедшілер үшін тыйымдар қарастырылған: 1) ең болмағанда бір қолымен рульден ұстамай жүргізуге; 2) жолаушылар тасымалдауға; 3) ұзындығы немесе ені бойынша габаритінен 50 сантиметрден астам шығып тұратын жүкті немесе басқаруға кедергі келтіретін жүкті тасымалдауға;  4) жанында велосипед жолы болған кезде жолмен жүруге; 5) осы бағытта жүруге арналған біреуден астам жолағы бар жолдарда солға бұрылуға тыйым салынады.

Осы тақырып бойынша бірқатар сұрақтарға облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА жауап берді.

- Велосипедші артқы жағында келе жатқан көліктерге өзінің бұрылатындығы туралы сигналды қалай бере алады?

- ЖЖҚ-ның 8.1-тармағына сәйкес, маневр жасар алдында велосипедші жарық көрсеткіштерімен, егер олар болмаса немесе ақауы болса — қолмен сигнал беруге міндетті. Бұл ретте маневр жол жүрісіне басқа қатысушыларға кедергі туғызбауы тиіс.

- Тротуарларда велосипедпен жүруге болады ма?

- ЖЖҚ 9.9-тармағына сәйкес, көлік құралдарының (оған велосипед те жатады) жол жиегімен, тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолымен (14 жасқа дейінгі балалардан басқа) жүруіне рұқсат етілмейді.

ЖЖҚ 2-қосымшасының 7-тармағына сәйкес, велосипедте ақаусыз тежеуiш, руль және дыбыстық белгi болуы, алдынан жарықты қайтарушы, фонарьмен немесе фарамен (тәулiктiң қараңғы уақытында жеткiлiксiз көрiнiм жағдайларында қозғалыс үшiн), артынан - жарықты қайтарушымен немесе қызыл түстi фонарьмен, ал бүйiр жағынан - сарғыш немесе қызыл түстi жарық қайтарушысымен жабдықталуы тиiс. 

Ереже бұзылған жағдайда, велосипедші «Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы» деп аталатын 615-бап бойынша 5 АЕК көлемінде (12 025 теңге) айыппұл түріндегі жаза алады

- Атырауда қанша арнайы велосипед жолы бар?

- Бүгінгі күні - Әбілқайыр хан даңғылының бойында орналасқан бір жол бар. Әкімшілік полиция велосипед жолдарының санын көбейту туралы қалалық әкімдікке ұсыныстар жіберіп отырады. Сондай-ақ, жаңа көшелер мен ықшамаудандарды жобалау кезінде тротуармен бірге велосипед жолдарын салу ұсыныстары жасалады.

Тілшілеріңіз Нұрсая ықшамауданынан велосипедпен жұмысқа барып келеді, ал бұл түрлі көшелермен жүретін едәуір қашықтық. Жолдан не көрдім? Әр жерде кептеліс, мәдениеттен жұрдай жүргізушілер тыйым салынған оң жақтан басып озып, шаңдатып оларды жол шетімен айналып өтеді. Оған қоса қорғансыз велосипедшіні қағып кету қаупін төндіреді. Үйге қайтып бара жатқанда алдымен Гагарин көшесін таңдаймын – ол жерде көлік көп емес, жол кең, жол жиектеріне бетон тақталар төселген. Ол жерден қозғалысы көп Жарбосынов көшесімен қиылысатын Худин көшесіне бұрылып, содан кейін Құлмановқа және «Академия» автобус аялдамасының жанынан – Сәтпаев даңғылына бұрыламын. Бұл жерден велосипед жолына дейін алыс емес, бірақ машиналар қозғалысы өте қарқынды. Сондықтан, ереже бұзсам да, тротуармен жүрген жақсы. Бәлкім, полиция айыппұл салмас...


Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

29 мамыр 2018, 10:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.