Атырау, 24 қараша 15:49
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қорғау құны

2 348 просмотра

7 маусымда облысымызға танымал құқыққорғаушы Әсел НҰРҒАЗИЕВА Ақтауға ұша алмай қалды. Оны облыстық ІІД қызметкерлері әуежайда жібермей, сот орындаушылары департаментіне жіберді. Нұрғазиева Жаңаөзенде зардап шеккендердің: 2011 жылдың 16 желтоқсанында қаза болғандар мен жараланғандардың туыстарының заңды мүдделерін қорғаушы.

МӘЖБҮРЛЕП КЕЛТІРУ

Ресми түрде оны ұстауы заңды – учаскелік инспекторлар сот орындаушылары департаменті берген осы мекеменің кеңсесіне мәжбүрлеп келтіру жөніндегі ұйғарымды орындаған (Нұрғазиеваның мойнында 241 мың теңге мөлшерінде банк несиесі бойынша қарызы бар). Осы жерде оған мәжбүрлеп келтіру туралы қаулы мен атқару қағазын тапсырып, содан соң босатты. Келесі күні Әсел өзінің құқыққорғау істері бойынша Ақтауға ұшып кетті.

- Төлеу туралы шешімді сот 2008 жылы қабылдады. Бірақ ешқандай да шақыру қағазын, тіпті атқару қағазын 2008 жылдан бері алған емеспін, - дейді Нұрғазиева. – Менің тұрақты табысым жоқ, қарызымды түрлі уақытта бөліп-бөліп төлеп жүрмін.

 

ҚАРЫЗ ЖАЙЫ

- Сен бір уақыттарда мамандығың (Әсел - заңгер) бойынша тұрақты компанияда жұмыс істедің ғой, неліктен несиеңді төлемедің?

- Басқа қарыздарымды бердім.

2005 жылы Әсел «Дэу-Матиз» көлігін несиеге алыпты. Сол кезде тұрақты жұмыс істеген, несиесін уақытында төлеп тұрған. Екі жылдан кейін машинаны екі бала айдап кеткен екен. Бірақ рөліне ие бола алмай қалған. Машина жөндеуге келмепті. Бірақ ол үшін қарызын ешкім жауып тастаған жоқ. Әсел жұмыссыз қалды. Нақтырақ айтқанда, жұмысы жетерлік, бірақ ол ерікті жұмысы. Ол қорғайтын жандардың оған төлейтін қаржылары да жоқ. Үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қаржының тұрақтылығымен мақтана алмайды. Желтоқсан айында Әсел қалалық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде табыс туралы декларация тапсырған. Оның жылдық табысы – 80 мың теңге. Бұл гонорары, ол еңбекақы алмайды.

- 3 мамырда «Азаттық радиосына» берген сұхбатымда ресми түрде ЕҚЫҰ бақылаушысы өкілеттігімнен босап, Жаңаөзенде зардап шеккендердің мүддесін қорғауға кірісетінімді мәлімдеген едім. Осыдан бастап менің отбасыма, ұлыма қатысты қоқан-лоққылар басталды. Белгісіз адамдар қоңырау шалып, ұлымның ұсталғанын айтып, тез арада полицияға келуімді талап етті (қоңыраулар жалған болған). Facebook-тағы менің парағымнан бүкіл жазылушылар тобына сілтемелер ұйымдастырылған. Ал бұл 5 000-нан астам адам болатын. Менің атымнан дөрекі түрдегі әдепсіз, ерсі ұсыныстар жіберіліпті...

 

ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ

- Мен жай ғана өз жұмысымды орындаймын, – деп түсіндірді өз кабинетінде  сот орындаушысы Аида НҰРМҰХАМБЕТОВА (суретте) әуежайдан полицияның және журналистердің бақылауымен келген Нұрғазиеваға атқару қағазын ұсынып. – Маған сіздің материалдарыңыз түсіп, оны дереу қолға алған едім.

- Сот шешімі 2008 жылы қабылданды, сонда үш жылдан астам уақыт ішінде сіздің мекемеңізге келу талап етілген бірде-бір шақыру қағазын, тіпті атқару қағазын алмағаны қалай? – деп сұрадым мен одан.

- Бүгінге дейін іс материалдарының қайда болғанын білмеймін, бұл менің құзырымда емес.

- Ал сіз Нұрғазиеваның дәл осы рейспен ұшатынын қайдан білдіңіз?

-  Жай ғана білдім. Маған ІІД-нен қоңырау шалып, ешқайда кетпей, күтуді бұйырды. Өйткені Нұрғазиеваны дәл бүгін әкелуі тиіс еді.

Бір қызығы,  Әсел пойызбен кетпек болып, ұлымен вокзалға барған, бірақ билет болмапты. Сол кезде ол рейс ұшуына екі сағат қалғанда ұшақ билетін сатып алған. Ол рейске әуежайға ертерек келіп тұрған құқыққорғау органдарының қызметкерлері, қастарында тұрған штаттық киімдегі тағы бірнеше адамдар жібермеді. Олар мені де әуежай ғимаратынан шығарып жіберіп, полицейлерге әлдебір тапсырмалар беріп жатты. Бірақ журналистермен де, Нұрғазиеваның өзімен де байланыспады. Одан әуежайға кірген кезде ешкім құжат сұрамаған, фейс-бақылау жұмыс жасаған. Сөйтсек, еліміз өз батырларының бет-жүзін жақсы таниды екен.

 

ӘЙЕЛДЕР КЛУБЫ

- Мен мұны қазіргі қызметіммен тікелей байланыстырып отырмын. Мені осылай баламмен ұстап қалатындай шетелге қашып бара жатқан жоқпын ғой. Бұл менің көзқарасым мен қызметіме ықпал еткісі келген әрекеттердің бірі. Мұның бәрі желтоқсанда Жаңаөзен оқиғаларынан кейін 7 күн өткен соң, қаза болғандарды еске алу акциясынан кейін басталды. Келесі күні мені және акцияға қатысушылардың бірі Макс БОҚАЕВТЫ болмашы себептермен депутаттыққа үміткер ретінде тіркеуден бас тартты. Біз шындықты «жасырып қалыппыз», ал шынтуайтында кейбір ҮЕҰ-да мүше екенімізді көрсетуді қажет деп таппаған едік. Өйткені олардан ешқандай қаржылай табыс түспейтін еді, бұл коммерциялық емес ұйымдар ғой. Содан кейін, 2011 жылдың желтоқсанында ЕҚЫҰ маған Жаңаөзендегі процесс бойынша олардың бақылаушысы болуды ұсынды. Бірақ ол жерде болғаннан кейін жай ғана бақылап, есеп жазып отыра алмайтынымды түсіндім. Қарама-қайшы ақпараттар ағымы, билік тарапынан жақсы ұйымдастырылған тактика, айыпталушылар мен зардап шегушілердің құқықтық дәрменсіздігі, құқық қорғаушылардың, соның ішінде мен пошта арқылы және бетпе-бет хабарласқан  өте танымал тұлғалардың мүлдем әрекет етпеуі менің ЕҚЫҰ-дегі өз өкілеттігімнен бас тартуыма мәжбүр етті. 3 мамырда мен ресми түрде ЕҚЫҰ-мен келісім-шартты бұзып, қаза болған бесеу мен жараланған алты жанның мүдделерін қорғауға кірістім. Бұлар полиция оғынан зардап шеккен 74 адам еді. Олардың көпшілігінің, тіпті, нотариустан менің атыма сенімхат рәсімдейтін ақшалары болған жоқ.

- Демек, сен олардың адвокатысың ба?

- Жоқ, мен олардың мүдделерін құқық қорғаушы ретінде қорғаймын. Айырмашылық қандай? Адвокат  мүлде жеке және жабық болады, өз қызметі үшін ақша алады.  Құқыққорғаушының міндеті – адамдарды өздерінің азаматтық құқықтарын заңды сауатты түрде қорғауға үйрету. Мен Жаңаөзендегі процесті ешқашан ұмытпайтын шығармын. Бұл – апталар бойы таңертеңгі 9-да басталып, көбінесе кешкі сағат 9-10-ға дейін созылатын, эмоциялық тұрғыда ауыр сот отырыстары, қорқынышты куәлік етушілер, зардап шегушілердің жауаптары, осының бәрі адамның жан қайғысы: ұлдарын жоғалтқан аналардың, аяқ астынан жесірге айналған жұбайлардың, бейбіт кезде жетім қалған балалардың көз жасы...

- Біз сол жауаптардың бәрін оқыдық, көңілге қонымды жауаптар екен. Алайда сонымен қатар, біреулер дүкендерді тонап, бейбіт халықтың көліктері мен мүліктерін өртеп, полицейлерге шабуыл жасады ғой... Бұл адамдар кімдер?

- Бұл мәселе әлі ашық күйде. Оларды «қара киімділер» деп атайды. Олар туралы куәгерлер әлденеше рет айтты, бейнежазбалардың көпшілігінде бар. Түсінесіз бе, жүргізілген тергеу ісі де сот секілді әлі көптеген сұрақтарға, ең бастысы – адамдарға оқ атуға бұйрық берген кім, осыған жауап берген жоқ Сондықтан да істі қосымша тергеуге жіберу үшін күш салып жатырмыз.

- Сен сонда жалғыз емессің ғой?

- Біз жаңаөзендіктердің мүддесін анағұрлым ұйымдасып қорғау үшін «Жаңаөзен жаңғырығы» деп аталатын қоғамдық бірлестік құрдық. Құрылтайшылар – мен, Тоғжан ҚИЗАТОВА (жалғыз менің қолымнан келмес еді), қоғам қайраткері және құқыққорғаушы Зәуреш БАТТАЛОВА. Басқа ешкім жоқ, дегенмен, бастапқыда ниет білдірушілер көп болған сияқты еді, солардың ішінде беделді азаматтар да бар болған-тұғын. Сөйтіп, осылайша «әйелдер клубы» пайда болды.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА,

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

 

13 маусым 2012, 22:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.