Қарсақ кен орныАтырау облысында мазутпен бүлінген жерлер қаншама? Тәуелсіз сарапшылар мұндай жерлер жүздеген миллион тонна деп есептейді. Мемлекеттік органдар атаған цифрлар бұдан аз. «АЖ» тілшісі мен «ЭкоПост» қорының төрағасы Жасұлан КӨЖЕКОВ өткен демалыс күндерін облыс картасындағы қара дақтарды іздеуге арнаған еді.
ФИЛЬМДЕГІДЕЙ КӨРІНІС
Мұнай төгінділерінің іздерін табуға геологтардың, жүргізушілердің әңгімелері, ғаламтордан алынған ғарыштық топографиялық түсірілімдер мен GPS-навигаторлар көмектесті. Ең алдымен Атырау мен Маңғыстау облыстарының шекарасындағы Боранкөл (бұрынғы Опорный) поселкесіне қарай аяқ бастық. Бірнеше жыл бұрын бұл жерде «ҚазТрансОйл» ҰК-ның «Опорная» мұнай айдау стансасының тұрба құбырынан мұнай аққан. Экологиялық апат іздеріне бірнеше гектар аумақта топырақ сеуіп тасталған. Алайда тұзды көлдің бетінен мұнай қалдығын жасыра алмайсың. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қаскүнемдер мұнай ұрлау үшiн тұрбаға түтік орнатуға тырысқандықтан, мұнай төгіндісі орын алған екен.
Бұрынғы Сарықамыс поселкесінің маңынан жартылай мұнаймен толтырылған жұртта қалған резервуарды таптық. Жанында басылып нығыздалған мұнай шламының төбешіктері көрінеді. Құдды «Шөл даланың ақ күні» фильміндегі секілді.
«ТӘТТІ БӘЛІШ» ДЕГЕН ОСЫ
Көк арна кен орныКелесі аялдамамыз – Көкарна кеніші болды. Бір жылдай бұрын бұл жерде ірі апат орын алған. Мұнай ұзындығы мен ені бірнеше километр аумаққа төгіліпті. Тракторлар жұмыс істеп жатыр. Жұмысшылар мұнай қалдықтарын әлдебір реагенттермен көміп, ал беткі жағын топырақпен жабуда. Міне, осындай «тәтті бәліш» болашақ ұрпақтарға мұраға қалмақ.
Жылыой ауданының аумағымен бірнеше ондаған километр жер жүргеннен кейін Тереңөзек кенішінің төңірегінен мұнай шламымен толтырылған тағы 2 алып болат резервуарларын кездестірдік. Айнала үйреншiктi әсем көрiнiске бөленген: ыстықта тасқа айналған мұнайлар - гудрон таулары көрінеді. Сол маңда, жазылған маңдайшаларға қарағанда, «Ембімұнайгаз» ӨФ қызметкерлері жақында салған болуы керек, типтік шлам жинақтағыштар орналасқан.
ТЕҢІЗ ШАЙҒАН ЖЕРЛЕР
"ЕмбіМұнайГаз" ӨФ-нің Жылыой ауданындағы шлам жинақтағыштарыЖексенбі күні Мақат ауданына қарай ат басын бұрдық. Бағытымыз – Google-да көрсетілген Қарсақ кенішінің маңындағы мұнай төгіндісі. GPS-навигатор арқылы жағалаулары қатты мазутталған екі үлкен тұзды көлдерге жеттік. Шіріген тұрбаға қарағанда, апатқа мұнай төгіндісі себеп болған сияқты.
Интернеттен Ботақан кенішінің маңындағы екі қара «шаршылардың» да координаттарын білдік. Бірақ ол жерден, бір таң қаларлығы, ештеңе таппадық. Бұл аумақты әлсін-әлі теңіз суы басып кетеді. Ғарыш түсірілімдерінің жалған айтуы мүмкін емес, демек, бүкіл мұнайды теңіз шайып әкеткен.
Солтүстікке қарай аяқ басқанда, бұрын мұнай мұнарасы тұрған жерді таптық. Google-да оның мачтасы әлі күнге дейін белгіленіп тұр. Ал іс жүзінде оны қара металл сынықтары үшін баяғыда кесіп алып кеткен. Мұнайдың төгілуіне қарсы құрылым – превентор да ұрланған. Бұдан шығатын қорытынды: бұл жерге мұнай төгілу қаупі төніп тұр. Ал далада бұзылған, иесіз қалған осындай ұңғылар қаншама.
Әрі қарай Исатай ауданының Жанбай селосының төңірегін араладық. Ол жерде тұрба жарылып, мұнай суландыру каналына аққан. Кезінде «Потенциал-Ойл» компаниясының қызметкерлері мұнай төгіндісінің салдарын жойып, тұрбаны ауыстырыпты. Бірақ бізді малдың жаппай қырылуы алаңдатып отыр. Апат болған жерден бір шақырымдай маңда мал өлекселері көп кездесті.
«БИЛІК АҚПАРАТТЫ ҚҰПИЯ ҰСТАЙДЫ»
Сарықамыс маңындағы резервуар осы«ЭкоПост» қорының төрағасы Жасұлан Көжеков әңгімелейді:
– Облыста жинақталған мұнай қалдықтарының нақты көлемін анықтау өте қиын. Кейбір мәліметтер бойынша - 200 миллион тоннадан астам, ал мемлекеттік органдардың есебі бойынша -анағұрлым аз. Және де қалдықтардың жинақталу процесі жалғасуда. Қалдықтардың едәуiр бөлiгі көмілмейді, жай ғана топырақ сеуіп тасталады. Ал табиғат пайдаланушыларда шламды көмумен айналысуы тиіс мердігерлер болады. Менің ақпаратым бойынша, облыста мұндай 20 шақты фирма бар, ал оның тек 3-уі ғана мамандандырылған полигонға ие. Сонда мазутталған топырақтың негізгі бөлігі қайда кетеді? Атырау қаласының төңірегіндегі каналдар мен жыралардан мұнай шламының табылу фактісі біздің қаупімізді тағы да растап отыр. Мәселе мынада –мұнайшылар экологиялық шаралар түрінде жай ғана тұрбаларды, тиек арматурасы мен резервуарларды ауыстыра салады. Олар өздерінің өндірістік шараларын экологиялық шарамен шатастырмаулары тиіс. Тағы бір жайт: өндірісте орын алатын ағымдағы апаттар туралы жақ ашпайды. Біз Көкарна кенішінен мазутталған алаңды көрдік. Бұл апат осыдан бір жыл бұрын орын алыпты. Ал ол туралы ақпарат қайда? Неліктен мұнай төгінділерінің салдары әлі күнге дейін жойылмаған? Төтенше жағдай жария етілсе, апат салдары тез жойылады. "Опорная" стансасы маңындағы мазутты көлБиыл ақпан айында Жанбайда «Потенциал-Ойл» мұнай төгіндісі орын алғанын жария етпеді, сіздің газеттегі жарияланымнан кейін компания бюджетке 2,5 млрд теңге мөлшерінде айыппұл төлеп, салдарын жойды. Тек қоғамдық бақылау ғана мұнайшылардың экологиялық проблемалармен нақты айналысуларына түрткі бола алады деп есептеймін. Мемлекеттік органдардың өзінде көбінесе толық ақпарат болмайды, ал көп жағдайда оны жасырып, баспасөзде іріктеп, тоқсан сайынғы және жарты жылдық есептерді таратумен шектеледі. Олар болып жатқан жағдайдың нақты ауқымы туралы пікір айта алмайтындай мөлшерлі ақпаратты ғана береді. Мәселен, Тәжіғали кенішінен мұнай қаза бастады. Тәжіғали мен Пустынный тұзасты мұнай құрылымдары боп табылады. Оларға Теңіздегі 85-жылы орын алған өрттен де күрделі апат қаупі төніп тұр. Қайта ол жерге арнайы техника бара алатын еді. Сол өртті бір жыл бойына өшірді, 3 млн тоннадан астам мұнай өртелді. Әрине, Тәжіғалидағы дебит Теңіздегідей емес. Алайда, бұл кенішті Каспий теңізі басып кетеді, оған техника бара алмайды. Тіпті, өрт болмай-ақ, мұнай төгілсе, соның өзі жеткілікті. Неліктен мемлекеттік органдар бұл туралы жақ ашпай отыр?
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор