Атырау, 5 қазан 12:10
 ашықВ Атырау +15
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Мақаттан мұң арылар емес

4 975 просмотра

Мақат ауданында коммуналдық мәселелерді шешуге миллиардтаған қаржылар бөлінсе де мұқтаждық сол күйінде қалып қойған. Тек былтырғы жылдың өзінде  Мақат ауданының  әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге облыстық бюджеттен 5 млрд. 370 млн. теңге бөлінген. Бұл қаражат аудандағы газ және су құбырлары жүйесін, жолдарды жаңалауға, «Атырау –Мақат» су құбыры құрылысына, сондай-ақ ауыл шаруашылығы  мен әлеуметтік қамтуларға жұмсалған. Бұны былтырғы жылдың аяғында  Мақат ауданына  жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ айтты. Бұл қаржылардың есебін анықтау әзірше мүмкін болмай отыр.

АУДАН ӘКІМІ НЕ ДЕДІ?

Соңғы үш жылға жетпейтін шамада үш әкімге өзгергенімен Мақаттың басынан мұң арылмайтын болды.

‑ Байшонас пен Ескенеде жылужайлар қалыпты деңгейде жұмыс жасап жатыр. Мақатта жағдай бірқалыпты деңгейде. Яғни, жылу, су проблемалары толық шешілді. Көп қабатты үйде тұратындар жылуды өздіктерінен автономиялы түрде тартып алған. Ал әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға Аджип көмектесіп, бірнеше үйге газбен жылытылатын жылу қазандарын қосып берді. Әрбір тұрғын дербес жылудың жайын өздері шешкендіктен орталықтағы жылу беретін котельныйды жауып тастадық. Тек жаңадан салынған үйлерге шағын жылужай арқылы жылу берілуде. Бұл үйлер келесі жылдары жылудың жайын өздері шешпекші. Негізі жылу жеке кәсіпкердің қарамағына берілген,‑деп сөз бастады Мақат ауданы әкімі Қилымғали ҚАЙНЕНОВ.

Бұдан әрі әкім ауыз судың проблемасы да шешілгенін айтты. Бүгінде кенттегі су мен канализация «Атырау СуАрнасы» КМК қарамағына көшіп, Мақаттан филиалы ашылып жұмыс жасауда көрінеді.

Бірақ жауапкершілік жүгі біздің мойнымызда. «АтырауСуАрнасы» КМК әлді мекеме болғандықтан кентті толық сумен қамтуға шамасы жетеді. Кенттегі су жинайтын бірнеше резервуарлар іске қосылуда, сонда қажетті судың 15‑20 күндік қорын жасақтауға болады. Ескі су құбырларында апаттар көп, сонда да көпқабатты үйдің бесінші қатарына су жеткізіліп берілуде. Ал «Мақат‑Сәулет» ЖШС тазалықпен дұрыс айналыспағандықтан оны басқа біреуге беріп жатырмыз,‑дейді аудан әкімі Қайненов.   

Мақаттың коммуналдық тауқыметтен арылған күйін көзбен көру үшін кентті аралап шығуды ойладық. Өйткені Теміржол көшесіндегі сексен пәтерлік үш үйдің жылусыз отырғанына ондаған жылдар болып еді. Орталық жылужайдан ажыратылып тасталғандықтан көпқабатты үйде тұратындар заңсыз түрде автономиялы газбен жылынатын дербес қазандықтарын жасап алғаны да есімізге түсті. Енді мұның бәрінің орайы келіп шешіліп жатса, қанекей.

ЖЫЛУДЫҢ ЖЫРЫ ТАУСЫЛАР ЕМЕС

Теміржол көшесіндегі сексен үйлік көпқабатты үйде тұратындар жабығыңқы күйде қарсы алды. Өйткені мұнда тұратындардың бәрінің бірдей арқасы жылып отырмаған болып шықты. Аяз қысқан сайын күйі кеткендер газ плиталары мен жылытқыштарды қосып отырғанын жеткізді. Сыртқы киіммен ұйықтау бұлардың дағдылы жайы. Рас аталмыш көшедегі 80/3,80/4, 80/6 көпқабатты үйдегілердің әлділері өз алдына дербес жылуды тартып алған. Бәрі бірдей емес, оны анықтау да қатты қиындық келтірмеді. Асүй сыртындағы кішкене жәшіктер болса, онда ол үйде жылудың болғаны. Сексен пәтерлік көпқабатты үш үйдің әрқайсысында 13-15‑теген пәтер иелері ғана заңды түрде дербес жылуды орнатқан.  

‑ Әкімшілік тарапынан кейбіреулерге тегін жылу тартылып берілді. Бірақ 90‑шы жылдары бұл үш үй орталық жылужайдан ажыратылып тасталды. Яғни, жылу құбыры қатып қалып, кесіп тастады. Содан бері адамдар қиындықпен өмір сүріп жатыр. Газбен жылытылатын жылуды қосып алу үшін кемінде жүз мың теңге қажет. Онсызда қалт‑құлт етіп отырғандар оны қалай тартып алсын. Амал жоқ, газ плитасын үздіксіз іске қосуға тура келуде. Газге тұншығамыз, қайтеміз. Ал аяз қысқанда дірдектеп отырғанымыз,‑дейді Қанат, Айшат,Райгүл есімді мақаттықтар.

‑ Кентте 100 пайыз жылу бар деп айта алмаймын. Күні бүгінде 185 тұрғынның жылу қазанын қосып беру жөнінде арызы жатыр. Соған қарағанда кем дегенде жүзге жуық үй жылусыз отыр деп айтуға болады. 2009-2010 жылдары жүзге жуық тұрғынның жылуына Аджип арқылы көмек берілген болатын. Бірақ енді қалған үйлердің өтініші қашан орындалатыны белгісіз,‑дейді Мақат кенті әкімінің орынбасары Нұрберген ТӨЛЕГЕНОВ.

Бұрын жылу «Мақат‑Сәулет» ЖШС‑ің қарамағында болған. Одан кейін кент әкімшілігіне көшіп, енді жылу басы бүтін «ЖК Оразғалиеваның» құзырына көшкеніне жиырмашақты ғана күн болған. Жеке кәсіпкер жылу үшін тұрғындармен келісім шартқа әлі отырмаған болып шықты. Кент әкімі Қ. Төлепов лицензиясы бар адамды Мақаттан таппағандықтан Атыраудан іздеулеріне тура келгенін айтқанда таң қалдық. Күні бүгінде кенттегі 67 көпқабатты үйдің жертөлелерінде жылу жоқ. Ал мүгедектерден құрылған тігін цехында жылужайдың операторы болмауынан олар қиындықты кәдімгідей бастан кешіруде. Тігінші Ақмарал Абдешованың мәлімдеуінше өздері мүгедек жандар кезекпен күні, түні жылуқазанын қарап шығады екен. Жарық өшіп жанғанда автоматты түрде қосылып айрылатын қазандықтың бір бөлшегі жанып кеткен.

СУ, КАНАЛИЗАЦИЯ АПАТТАРЫ

Мақаттағы суға бөлінген қаржыда есеп жоқ. Құбырлар бұдан бес‑алты жыл бұрын ауыстырыла бастағанымен қайсысы қандай жағдайда екенін мамандар білуден қалған. Суды жартылай жаңа, жартылай ескі құбыр арқылы айдауда.

‑ Өткен жылдың бірінші қарашасынан бастап аудандағы ауыз су «АтырауСуАрнасы» КМК алды. Күні бүгінде кентке 600-700 текше метр су беріп тұрмыз. Бірақ су апаты көп орын алуда. Сол себептен кідіріс көп. Біз алған екі ай жарымда 50-шақты су апаты орын алды,‑дейді «АтырауСуАрнасы» КМК‑ның Мақаттағы филиал бастығы Нұрлан ЖАНТОҚОВ.

‑ Сонда су апаты жаңа құбырда да кездесіп отыр ма?

‑ Негізі ескі су құбырында кідіріс көп. Жаңадан да кездесіп қалады. Ең сорақысы қанша су құбыры бар екенін, қаншасы жарамды, жарамсызы белгісі. Өйткені аудан әкімшілігі құжаттарды әлі тапсырған жоқ.  Осының өзі жұмысымызға қиындық туғызып отыр. Себебі тұрғындардан төлемақы жинай алмай отырмыз. Су құбырының қай жерде қайсысы жатқандығын білмегендіктен жұмыста қиындық кездесіп отыр. Су қысымына шыдамай апаттар өте көп орын алуда,‑дейді Жантоқов.

Аттанарда ескі Мақаттағы 18/5 үй тұрғындары хабарласты. Ашынған әйелдер канализация жырын жырламастан бұрын кент әкімі Қонсалы Төлеповтың келуін сұрады. Ұялы телефонына хабарласқанда кент әкімі Төлепов қолының тимейтінін, канализацияға әкім орынбасары жауапты екенін айтты.

‑ Жертөлеміз канализацияның суына толып тұрғанына екі‑үш жыл болды. Содан бері бармаған жеріміз қалмады, биліктегілер әне тазартамыз, міне тазартамыз деп сырғақсуды шығарды. Ал үйде отыру мүмкін емес. Мүгедек балаларға қиын болды. Олар нәжістің иісіне бастары айналатын болды. Киімдерімізден сасық иіс шығады. Масадан арылғанымызға бір апта өтті. Жертөледегі канализация линиясы баяғыда істен шыққан. Құдық қатып жатыр. Енді біз не істейміз. Әкімшілік канализация құбыры ауыстырылып жатыр дейді. Біздікі қашан жөнделеді,‑дейді шарсызданған Ғалия ОРДАБАЕВА, Самал ҚАЛАҒАНОВА, Руфинат ТӨРАЛИЕВА, т. б.

Біз «АтырауСуАрнасы» КМК Мақаттағы филиал бастығы Н. Жантоқовқа хабарластық. Оның айтуынша канализацияның құжатын әкімдік бұларға тапсырмаған болып шықты. Бірақ аталған үй тұрғындарының арызы аяқсыз қалмайтынын Жантоқов тағы пысықтады.  Оны енді уақыт көрсетеді. Коммуналдық мәселелерден басы айналған әкімдіктегілердің жауабы жоғардағыдай.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА           

Суретті түсірген автор

2 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.