Мақаш РАХМЕТОВ, 80 жаста, Қазақстан Республикасының жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі, КСРО-ның құрметті мұнайшысы, «Қазақстан Республикасының кен орындарын алғашқы ашушы» белгісімен төрт мәрте марапатталған, «Қазақстан Республикасының жер қойнауының құрметті барлаушысы».
«АЛҒАШ БОП БҰРҒЫЛАДЫҚ»
- Мақаш аға, сіз танымал геологсыз, «Прикаспийбурнефть» геологиялық барлау бірлестігі, Балықшы барлау-бұрғылау басқармасы және Волгоградтағы сіздің әріптестеріңіз 70-80 жылдары Каспий маңы ойпатынан жаңа кеніштер іздеді. Барлау ұңғыларының әжептәуір бөлігі қазір су астында қалды. Олар аймақ экологиясына нақты қауіп төндіре ме және ұңғылардың қайсысын анағұрлым қауіпті деп есептеуге болады?
- Бұл ұңғылардың сонау 60-жылдардың басында бұрғылай бастады. Менің есептеуімше, бір мыңнан астам ұңғы су астында қалды.
Тұзүсті ұңғыларынан төгілген мұнайларды жоюмен «Атыраумұнайгазгеология» айналысады, ол төгілген мұнайларды ішінара жою тендерін ұтып алды. Алайда олар мұнай аққан ұңғыларды тиімді тұмшалай алды ма және мұнай кету қаупін сейілтті ме, ешкім білмейді.
Менің пікірімше, Жылыой ауданында Теңіз кенішіне жақын жерде орналасқан, 2 млн тоннадай мұнай қорлары бар Пустынный кеніші аймақ экологиясы үшін анағұрлым қауіпті боп табылады. Дәл осы құрылымда біз республикада алғаш боп Теңізден, Королевскийден және Қашағаннан бұрын тұзасты барлау ұңғыларын бұрғыладық.
1973 жылы тұзасты қабатын ашқан кезде, карбон қабатында өнімді қорлар бар екендігі анықталды. Пустынныйда бұрғылаудың өзі өте қиын болды. Бұрғылау ерітіндісінің тығыздығын азайтса болды, флюидтердің кері шығарындысы орын алатын. Сол кезде күкіртсутектің адам ағзасына өте қауіпті әсерін көрдік, уланған жұмысшыны ашық ауаға шығаруға тура келген еді.
Мен КСРО мұнай және газ министрлігіне жазған өз хатымды сақтап қойған едім. Онда алғашқы тұзасты ұңғылары үшін тот баспайтын материалдарды қолдану мәселесін шешуді өтіндім. Алайда мұндай эксплуатациялық шегендеу колонналарының тұрбаларын немесе превенторларды КСРО-да шығарған жоқ.
ЖЫНҒА АРНАЛҒАН ҚАҒАЗ ТЫҒЫН
…Теңіз кеніші ашылғаннан кейін мұнай және газ министрлігі ол жерге Пустынныйдан 6-7 мың метр тереңдікке жете алатын үш бұрғылау станогын әкелуді ұйғарды. Алайда тіпті барлау ұңғыларын шұғыл жою кезінде де бұрғышылар күкіртсутекке төзімді цементтің арнайы түрін пайдалануы тиіс. Оның орнына олар стандартты түрін қолданған. Енді бір қауіптісі - күкіртсутек осы цемент дәнекерін жеп, теңіз бетіне атқылауы мүмкін.
ОЛ ЖЕРДЕ ЕКІНШІ ТЕҢІЗ ЖАСЫРУЛЫ
- Сіз сонда қазір иесіз қалған және жартылай суға батқан құрылымда күкірті көп мұнайдың коммерциялық көлемі бар деп айтқыңыз келе ме?
- Бұрғылау күрделі болғандықтан және ұңғылаудың жоспарлы көрсеткіштері орындалғандықтан, бұрғышылар ұңғыларды сынай қоймады. Олардың шұғыл арада, аяқ астынан Теңізге жіберілгені сондай, біз Пустынный құрылымындағы өнімділік қабатын ашып үлгере алмадық. Бірақ бір нәрсені дәл айта аламын, бұрғыланған бес тұзасты ұңғыларының үшеуінен Теңіз бен Қашағандағыдай құрамы ұқсас мұнай мен газ таптық. Менің білуімше, қазіргі уақытта Пустынный шетелдік компаниялардың бірінің барлау жүргізетін шартты аумағына кіреді. Меніңше, оларда тұзасты қабатынан мұнай мен газдың әжептәуір қорларын табу мүмкіндігі жоғары. Рас, бұл құрылымда кей кездері түсініксіз заттар орын алып жатады. Мәселен, осы құрылымның бүкіл тарихи геологиялық ақпараты, ең алдымен, барлау-бұрғылау мәліметтері «Теңізмұнайгаз» өндірістік бірлестігінің мұрағатында белгісіз себептермен өртеніп кеткен.
- Сонда осы тұзасты құрылымы туралы ешқандай геологиялық ақпарат қалмаған ба?
- Егер Пустынный алаңы бойынша геологиялық-геофизикалық материалдарды қалпына келтіру қажет болса, мен материал жинауға қатысуға дайынмын. Айтпақшы, Гурьев күмбезінде волгоградтық бұрғышылар бұрғылаған ұңғылардан алынған құнды ақпарат тиісті органға сақтауға жіберілмеген.
- Волгоградтық бұрғылау жұмыстары басқармасының салғырт қарым-қатынасын немен түсіндіруге болады?
- Олар ақша мен сыйақыларды негізінен ұңғымалау үшін алды, алайда ұңғы қаншалықты терең болса, бұрғылау соншалықты баяу болатыны баршаға белгілі. Сондықтан олар бұрғылаудың ақырғы нәтижесіне емес, тек жылдамдығына ғана қызығушылық танытқан. Сондықтан олар қиын және тиімсіз ұңғыларды тез жойып, «жобалау параметрлерінен ауытқып кетті» деп желеуретті.
ҚАШАН ЖАРЫЛАДЫ?
- Ескі кеңестік дәуірдегі тұрбалар коррозияға және күкіртсутектің агрессиялық әсеріне қаншалықты төзімді?
- Күкіртсутек металл материалды 25-30 жыл ішінде жеп, қағаз секілді күйге жеткізе алады. Ал осы ұңғыларды тұмшалаған кезден - 1981 жылдан бері қарай қанша уақыт өтті, енді есептеп қараңыз. Егер флюидтер бұрқақша атқыласа, Каспий теңізіне аса зор зиян келтіреді.
- Алайда егер Пустынныйда апат орын алса, осы апатты шығарындыны жою қаншалықты қиын болмақ?
- Іс жүзінде ешқандай. Өйткені сол маңдағы теңіз тереңдігі қазір 2-3 метр құрайды. Яғни, апат болған жерге бұрқаққа қарсы техникаға жүзіп баруға немесе жақындап баруға болмайды.
- Пустынныйдағы аса қауіпті ұңғыларды қайта тұмшалау немесе жою жұмыстары техникалық тұрғыда қаншалықты күрделі?
- Бұрын орнатылған цемент дәнекерлерді бұрғылап, тоттанбайтын шегендеу колонналарын түсіріп, забойдан бастап шығатын ауызына дейін осы ұңғыларды қайтадан цементтің арнайы түрімен тұмшалау керек.
ТӘЖІҒАЛИ КЕНІШІ ДЕ БАР
- Бүгінде теңізге қауіп төндіріп тұрған басқа да жартылай суға кеткен кеніштер бар ма?
- Иә, бұл ең алдымен Тәжіғали кеніші. Ол жерде мұнай өндірілетін тұзүсті кеніші болды. Ол жерде де волгоградтық бұрғышылар 5 400-5600метртереңдікте бір тұзасты ұңғысын бұрғылап үлгерді. Сол жерден де мұнай табылып, волгоградтық мамандар іле-шала бұл ұңғыны да жауып тастады.
ИМАНҒАЛИҒА ЖАЗЫЛҒАН ХАТ
- Каспий теңізінің экожүйесіне төнген осы қауіп туралы қазіргі билікке ескерту жасап көрдіңіз бе?
- Иә, мен Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВКЕ, ол премьер-министр боп тұрған кезде Каспий теңізінің экологиясына төнген қауіп-қатерлер туралы ескерту-хат жазған едім. Ең алдымен «Теңізшевройл» компаниясының неокомдық су тұтқыш қабатын жоғары уытты өнеркәсіп ағындарын айдау үшін пайдалануы қауіпті екенін көрсеттім. Ол хатты сол кездегі энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир ШКОЛЬНИККЕ жолдапты. Ал ол өз кезегінде өнеркәсіп қалдықтарын айдау қауіп туғызбайды деп жауап берді. Алайда сонау кеңестік және қазақстандық ғалымдар неокомдық жерасты суларының Каспий теңізімен оның терең сулы бөлігінде қосылатынын дәлелдеді. Теңіздің бүкіл өнеркәсіп қалдықтарын сақтау үшін кеңестік және қазақстандық мамандар сонау 1990 жылдары Каспий теңізінің су қоймасына уытты заттар енеді дегенді жоққа шығарған Опорный стансасының маңына юралық шөгінділерді пайдалануды ұсынған болатын. Алайда 2001 жылы үкімет Теңізшевройлмен жерасты құрылымдарын салуға және пайдалануға келісім-шарт жасап, енді компания кеніштің өзінде неокомдық қабатты мейлінше пайдалануда. Дәл осындай ымырашылдық саясаттың салдарынан Қашағанда Каспий өңірінің гидрогеологиялық бассейнінің бір бөлігі боп табылатын орташа юралық су тұтқыш қабатына бұрғылау қалдықтарын, шламдарды кері айдау жүзеге асырылатын болады.
Сондай-ақ, Каспий теңізінің экологиясы үшін жауапкершілік салмағының басым бөлігі Қазақстан мен Ресейге түскенін, өйткені тек біздің тұзасты кеніштерімізде ғана қауіпті күкірсутекті мұнай бар екенін ұмытпаған жөн.
ГАЗ АЙДАУ ТЕҢІЗДІ ҚҰРТАДЫ
- Сіз, сондай-ақ, күкіртсутегі мол газды Теңіз кенішінің қабатына кері айдауға қарсылық білдіргендігіңізбен танымалсыз. Осы технологияға өзіңіздің теріс пікірде болуыңызға қандай негіз бар?
– Егер техникалық тілмен айтар болсақ, Теңіз кендері серпімді арынсулы режимде екені белгілі. Алайда газды қарқынды түрде кері айдау арынды газ режимін күшейтіп, арынсулы режимді әлсіретеді. Мұнай қозғаушы күштердің тепе-теңдігінің осылай бұзылуы пайдалану ұңғыларында газдың жарылуына әкеліп, ерте ме, кеш пе одан таза күкіртті газ атқылайтынын тәжірибе көрсетіп отыр. Бұл әрі қарай газ «қалпағындағы» қысымның күрт төмендеуіне әкеп соғады. Оған мұнай тараса, оны ТШО үшін ғана емес, Қазақстан үшін де жоғалған мұнай деп есептеуге болады.
Басқа да қауіп бар. Газды қарқынды кері айдау резервуар қабатының гидравликалық жарылысына әкелуі мүмкін. Бұл да мұнайдың қомақты көлемін жоғалтуға әкеп соқтырады.
- Сіз сонда не ұсынасыз?
- Мен ғана емес, басқа да көптеген мамандар, соның ішінде экологтар суды кері айдау режимін ұсынады.
ТШО БІЗГЕ НЕ ҚАЛДЫРАДЫ?
- ТШО-дан түскен соңғы ақпарат бойынша, сіздің американдық әріптестеріңіз Қазақстанда 2032 жылдан кейін Теңіздегі мұнай қорының 70 пайызы қалады деп растап отыр.
- Иә. Шеврон 2032 жылға қарай жеңіл мұнайдың 30 пайызын өндіріп алады да кетіп қалады, ал бізге 70 пайыз өндірілуі қиын мұнайды қалдырады. Қалай еткенде де американдықтардан кейін Теңіз мұнай атқылайтын кеніш болмайды. Ал әрі қарай пайдалану шарттары және Теңіз резервуарының жағдайы қалай болатыны, әлі белгісіз.
ШӨКЕЕВ БЕКЕРГЕ АСЫҚТЫРАДЫ
- Жақында Атырауға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшысы Өмірзақ ШӨКЕЕВ келіп, Қашаған жобасының операторын биылғы жылдың желтоқсанында алғашқы мұнайды өндіруге асықтырған еді. Сіздің пікіріңізше, бұл асығыстық қаншалықты орынды және ол экологиялық қауіп туғызбай ма? Өйткені, техникалық тұрғыда өте күрделі құрлықтағы және теңіздегі кешенді іске қосу кезіндегі түрлі қауіп-қатерлер деңгейі өте жоғары ғой.
– Әрине, Қашағандағы құрлық және теңіз құрылғыларын уақытынан бұрын ісе қосу үшін асықтыруға болмайды. Алайда сапар барысында Астананың пікірі осындай екені айтылды, енді бәрі де осыған дайындалып жатыр.
Сұхбаттасқандар Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ,
Жасұлан КӨЖЕКОВ («Эко-Пост» қоры)