Атырау, 2 қараша 20:22
 бұлттыВ Атырау +11
$ 488.11
€ 530.09
₽ 5.01

Шала жабылған шатырлар

2 723 просмотра

Тұрғын үй-коммуналды шаруашылық жаңғырту бағдарламасына енгізілген үйлердің ПИК төрағалары бүгінгі күні екі оттың ортасында қалды. Бір жағынан мемлекеттік бағдарлама, демек, билік болса, екінші жағынан  - мердігерлердің барлық сапасыз істеген жұмыстары үшін жауапкершілікті  құрылыс фирмасынан емес (оларды жөндеуден кейін тауып көр) өздерінің ПИК-нен талап еткен тұрғындар жағадан алуда.

 

МЕРДІГЕР ҚАНДАЙ БОЛСА, ЖҰМЫС ТА СОНДАЙ

 «Әли» ПИК-нің  өткен жылы күрделі жөндеуден өткізген үйлерінің саны көп: 6 үй, оның ішінде біздің мақалаларымыз бойынша таныс №118 А, Б, В және Г үйлері бар. Бұл үйлердің тұрғындары жөндеу жұмыстарының сапасына мүлдем риза емес. Олар жертөлелерінің әлі де кеппегеніне, шатырларының жылыту материалдарымен толық қапталмағандығына, қасбет және ішкі подъездік жұмыстардың сапасына, домофондардың үнемі істен шығып қалатындығына және қатты жел болғанда балкондардың темір қаптауыштарының тарсылдап, тіпті, кейбірінің ұшып кеткендігіне шағымданады.

- Біздің үйлеріміздегі күрделі жөндеуге бөлінген қаржы бірдей, 34 млн теңгеден шамалы ғана асады, ал, сапасы әр жерде әр түрлі, - деп әңгімелейді 118 б үйдің тұрғындары. – Айталық, 118 б үйдің алдындағы орындықтар мықты, арқасы мен орындығы ағашпен қапталған, әрбір подъездің алдында шамдар жарқырайды, балалар алаңы бар, домофондар қалыпты жұмыс жасайды, подъездің ішкі жағының сылақтары түсіп жатқан жоқ. Ал, бізде темір шығыршықты орындықтар, жарық жоқ, сылақтың бәрі түсіп қалған, ал, бастысы - жертөле қайтадан ағынды сулар мен нәжісті суларға толып қалды. Балкондарды қаптаған профнастилдер әлсіз бекітілген, 75-пәтерде балконның темір құрылымы түгелімен құлап қалды. ТЖ және өрт сөндірушілерді шақыруға  тура келді.  

 

ЖЕРТӨЛЕЛЕР ЖАҚСЫ АТ БЕРМЕЙДІ

Төрт үйге – үш мердігер.  «Ритмремстройсервис» ЖШС 118 А және В үйді, «Комплексстрой» ЖШС  – 118 Б,  «Регионстрой ЛТД» ЖШС  – 118 Г үйді жөндеуде. Барлық тұрғындардың айтуынша, ең сапалы жұмыс 118 Б үйде жүргізілген екен. Алайда, бірде-бір мердігер өздерінің шалағай істерінің салдарынан нысандарды комиссияға тапсырған жоқ. Бағдарлама бойынша ақша қараша айында бөлініп қойылды, мердігерлер алдына бұл қаржыны жыл аяғына дейін иегеру мақсатын қойды. Бастапқыда бұл оңай шаруа емес болып көрінетін. Кейін маусымның ортасы, құрылысшылар жұмысты бітіріп қана қойған жоқ, кейбір жұмыстарды қайта жасауға мәжбүр болып отыр. Көбіне шағымдар жертөлелер мен шатырға  қатысты айтылуда.

- Жертөлелер 2-3 реттен кептіріліп отырды, бірақ, «Атырау су арнасының» өздігінен ағатын коллекторы бітеліп қалған жағдайда барлық нәжіс сулары бәрібір қайтадан жертөлеге жиналады. Біз бұл мәселені терможаңғырту бағдарламасы басталғанға дейін қозғап келдік және жертөлелерден проблемалар туындайтындығын ескерттік. Қалалық биліктегілер бұдан хабардар, өйткені, ТКШ бөлімі вакуумды күнара жіберіп отыр. Біз іркілген суды айдап отырамыз. Келесі күні бәрі жақсы болады, ал, кейін тағы да бітеліп қалады, - дейді «Әли» ПИК төрағасы  Амантай МУСТАФИН. – Бізді жертөлелерді кептіру бойынша жұмыстар және тұрбаларды ауыстыруды «Атырау су арнасы» қатар жүргізетін болады деп тыныштандырды. Алайда, су арнасының қызметкерлері жерді қазып, тозығы жеткен тұрбаларды ауыстыруды тек қазір ғана бастады. Тұрғындардың наразылығы түсінікті, олар жертөлелердің қалай болғанда да тазаланғандығын қалайды. Дәл бүгін жертөлелерде масаларды улады. Егер онда су тізеден келсе, оны улағаннан қандай пайда?  

 

12 ТАРМАҚТЫҢ ҮШЕУІ ҒАНА

Екінші бір өзекті мәселе – үйдің шатырлары. Оны жөндеуге қыста кіріскен болатын. Жұмыс тіпті, қар басқа кезде де жүргізілді, түскен қарды ешкім де жинаған жоқ, ол сол бойы төбеге жиналумен қалды. Артынша жөндеушілер төбені шифермен жапты да өз жөндеріне кетті. Ал, көктемде еріген қар 5-ші қабаттағы тұрғындардың төбелерін бүлдірді. Мердігерлерге өтемақы төлеп, пәтерлерді жөндеуге тура келді. Алайда, бәрінен бұрын шатырдың асты көгеріп кетуі мүмкін ғой. 

- Бұл біздің терможаңғыртудағы алғашқы тәжірибеміз, сондықтан да кемшіліктер жіберілді. Мәселен, біз төбені  жылыту материалдарымен қаптамастан тек шатырмен ғана жауып қойдық,- дейді А.Мустафин. – Бұдан басқа, асфальт деңгейінің үйдің іргетасынан жоғары екендігін ескермей қалдық, сол себептен жаңбыр суы жертөлеге қарай ақты. Енді ғимаратты айналдыра  өткел салмақпыз.

Бүгінгі таңда мердігерлер төбені жылыту материалдарымен қаптау жұмысына кірісті. «Ритмремстройсервис» ЖШС өзінің кепіл хатына сәйкес, 31 мамырға дейін жұмысты 12 тармақ бойынша, оның ішінде подъездерді әрлеуді бітіру, жертөлелерді қоқыс пен ластан тазарту, сынған терезе әйнектерін салуды  аяқтауға тиісті. Әзірге тек оның 3 тармағы ғана орындалды: канализациялық құдықтың 2 люгі ғана ауыстырылды, 5 қоқыс жәшігі орнатылды, жылу жүйесінің жіңішке тұрбалары қалыңдығы үлкен тұрбалармен ауыстырылды. Бұл тұрбаларды мердігерлердің өзі күзде орнатып, жылыту маусымы аяқталғаннан кейін ауыстыруға уәде еткен болатын.

- Олар ақшаны өз уақытында алып отыр, бюджет оларды ренжітіп отырған жоқ. Олар соған қарамастан сағызша созып келеді, - дейді ПИК қызметкерлері. Дегенмен, биылғы жылы «Әли» ПИК  терможаңғырту бағдарламасына тағы да қатысып отыр, бұл жолы күрделі  жөндеу Абай көшесіндегі  15 А және 19-шы екі үйге жүргізілетін болады. Мустафиннің пікірінше, бұл терможаңғыртудың барлық проблемалары барысында 40 жыл бойына жөндеу көрмеген үйлердегі тұрмыс сапасын жақсартудың  ерекше мүмкіндігі болмақ. ПИК төрағалары  бір-біріне көршісінің жағдайын білу үшін және мердігерлер қолданып жатқан жаңа материалдармен, технологиялармен танысуға қонаққа барады. Бастысы, ақшаны кешіктірмесе болғаны, әйтпесе, бәрі де ертегідей болып қалмақ.

 

«КЕМШІЛІК ЖОЙЫЛМАСА, ҚОЛ ҚОЙМАЙМЫЗ»

Тұрғындар қазір өз көздерімен көріп отырған «жөндеуге» 10 жыл бойына ақша төлеп отыруды қаламайды.

-Оны төлемейді де, - деп бізді сендірді ПИК-тегілер. - Әзірге барлық кемшіліктерді жоймайынша, біз ештеңеге қол қоймаймыз.  Алайда, бұл уақыт аралығында төлем мөлшері есептеліп те қойды. Мәселен, айталық, 118 Б үйде 1 шаршы метр үшін 58,55 теңге, ал, 118 Г үйде – 59 теңге. Қазір тұрғындарды жөндеу ақысын төлеуге жеңілдік алу туралы хабарландырып отыр, өйткені, пәтер иелерінің көпшілігі зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар, олар 60% болады. Әзірге тек олардың үшеуі ғана құжаттарын рәсімдеді. Қалалық ТКШ бөлімінің бастығы  Руслан БАСАР терможаңғыртудан өткен үйлердің бірі мемлекеттік  комиссияның қабылдауынан өткен жоқ. Оның пікірінше, бұл жерде тұрғындардың қарым-қатынасының да алатын орны бар екен. 

- Бұл үйлерді жөндеу бойынша жасалған барлық  күшке қарамастан домофондардың барлығы бірдей істен шыққан, подъездер тағы да қоқысқа толған – тұрғындар құрылысшылардың еңбегін бағаламайды. Айталық, 118 Б үй бойынша мердігерлер тек сметада көрсетілген жұмыстарды ғана емес, келісім-шартқа енбеген жұмыстарды да атқарды, олар бірінші қабаттағы баспалдақтарды бетондармен бітеді. Өздеріңіз білесіздер, үнемі ылғалдықтан кейбір подъездердің баспалдақтары ойылып қалған, әрбір подъездің алдына жарық орнатты. Бірақ тұрғындар келісім-шартқа қол қоюдан бас тартып отыр. Суға толған жертөлелерді тазарту жұмысының ақысына келісім бермейді. Бұл жерде мердігерлердің кінәсі жоқ, мәселе Атырау су Арнасының коллекторында болып тұр. Бүгінгі күні сыртқы канализациялық желілерді ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Ол жұмыстар аяқталған соң бұл үйлерде жертөлелердің толып қалу проблемасы енді орын алмауы тиіс. Сол кезде тұрғындар қол  қояр деген үмітіміз бар.

Дегенмен, ТКШ бастығының өзі бұған аса сенімді емес. Сондықтан да биылғы жылы терможаңғыртуға жататын 27 үйдің тұрғындарының  келісім-шартқа қолдарын жұмыс басталғанға дейін қойғызып алу жоспарланып отыр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін белгіленген үлгідегі өтінішті, жеке бас куәлігін және СТН, балалардың туу туралы куәліктері, неке туралы куәлік және ф4 анықтамасы, табысы жөніндегі анықтама (соңғы 3 айдағы еңбекақысы), зейнетақы туралы анықтама (арнайы мемлекеттік жәрдемақылар, бір жолғы жәрдемақылар, алименттер және т.б.), еңбек кітапшасының көшірмесін ұсынуы тиіс. Жұмыссыздар жұмыспен қамту орталығынан анықтама тапсырады. Сондай-ақ, алаңы мен бөлме саны көрсетілген тұрғын үй құжаттарының көшірмесі де керек. Негізгі пакеттер құжатына соңғы кварталдағы коммуналдық шығындардың түбіртегі жалғанады. Барлық құжаттар халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырылады. Өзіңізбен бірге құжаттардың түпнұсқалары болуы тиіс.

13 маусым 2012, 18:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.