Атырау, 29 наурыз 20:09
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Атырау суретшілері: Бақтыгерей Телеубай

Сурет Бейнежазба
6 791 просмотра


Атырауда неліктен қолданбалы өнер дамымайды? Неліктен облыстық Суретшілер және қолөнершілер қауымдастығының арнайы оқыту бағдарламаларын қаржыландыру туралы ұсынысы мәслихат депутаттарының қолдауын таппады? Осы және басқа да сұрақтарға Қауымдастық төрағасы, суретші және қолданбалы өнер шебері Бақтыгерей ТЕЛЕУБАЙ жауап береді.

- Бақтыгерей аға, сұхбатымыздың алдында өзіңіздің кезінде ши тоқып, гобелен (суретті кілем) жасаумен айналысқаныңызды айтқан едіңіз.

- Иә, кеңес жылдары мен қырғыз шеберлерінің жұмысына қызығушылық танытып, тоқымамен айналыса бастадым. Қырғызстандағы ұлттық қолданбалы өнердің дамуын Қазақстанмен салыстыруға келмейтіндігін атап өту керек. Оларды ағашпен, металлмен, жүнмен, киізбен жұмыс жасауда, тоқыма және тағы басқалары бойынша Орта Азияда көшбасшы деуге болады. Өкінішке орай, біз өнерімізді дамытуды өте кеш қолға алдық. Әрине, жағымды тұстар да бар, мықты шеберлер пайда болды. Соңғы 15 жылда елімізде Монғолиядан қазақтар әкелген кесте өнері пайда болды. Ал бұл қазақтың көне өнері. Жалпы, киіз үйді құрайтын бүкіл құрал-сайман - өнер туындылары. Моңғолия қазақтары күні бүгінге дейін күнделікті тұрмыста киіз үйді қолданады, ал ол бізде музейлерде жәдігер ретінде тұр және тек Наурыз мерекесінде ғана алаңдарға тігіледі.

«АЖ» анықтамасы:
Бақтыгерей ТЕЛЕУБАЙ Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында дүниеге келген. 1973 жылы Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітірген. 1991-1995 жылдары Қазақстан Суретшілер одағының Атырау филиалын басқарды. 1994 жылы Махамбет Өтемісұлы атындағы республикалық жүлдеге ие болды. Құрманғазы Сағырбайұлы, Әбілқайыр хан, Бөкейхан Нұралыұлы, Жәңгірхан Бөкейұлы, Бейбарыс сұлтан, Есет Көтібарұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Дина Нұрпейісова сынды тарихи тұлғалардың портреттерін жасады, олар Атырау музейлерінде сақтаулы тұр. Оның басқа жұмыстары Алматы, Астана музейлерінде және Англия, АҚШ, Түркияда жеке коллекцияларда сақтаулы.


- Бүгінде Атырауда ұлттық қолданбалы өнер қандай деңгейде?

- Өте нашар дамыған. Себебі керамистер, зергерлер, тоқымашылар тиісті оқу орындарын бітіргеннен кейін Алматыда қалып қояды, үйлеріне оралмайды.

- Басқа өңірдің жастары да астаналарда қалғысы келетін шығар?

- Олай емес. Мысалы, Шымкент пен Ақтауда бұл іс жақсы дамып келеді. Ақтауда шеберлердің өнімі күнделікті тұрмыста қолданылады. Мен мұнда дәстүрлі қолөнерді жандандыру қажет деп барлық деңгейде үнемі айтып жүрмін, бірақ нәтиже жоқ. Мысалы, Қазақстан қолөнершілер одағы қолданбалы өнердің алуан түрі бойынша тренингтер мен шеберлік сабақтарын ұйымдастырады. Мұндай тренингтер барлық облыста өткізіледі, бірақ бізде емес. Үш жыл бұрын облыстық мәдениет басқармасына біздің өңірден осындай оқыту бағдарламасын ұйымдастыруды ұсындым. Біз қолөнершілер одағының төрағасымен бірге бір жылға 9 миллион теңгеге смета жасадық. Алайда облыстық мәслихат сессиясында менің ұсынысымды қолдамады. Өткен жылы да ұсындым – онда да сессия қабылдамады.

- Соңғы кездері кескіндемемен қатар мүсін макеттерін жасаумен айналысып жүрсіз. Бұл немен байланысты?

- Беларуссияда витраж дайындайтын зауытта жұмыс жасап жүрген кезде мүсін өнеріне қызығушылығым болды. Бірақ қазір бұл өнер түріне сұраныс көп емес, тапсырыстар жоқ деуге болады. Ал монументті мүсіндер қаланы безендірер еді. Қазір Атыраудағы кейбір мүсіндер көңіл жабырқатады. Иә, мен монументті шығармалардың шағын үлгілерін жасаймын. Бұл менің идеям, менің ойымша, оларды іске асырса, қаламызға көрік берер еді.

Әкім Бергей Рысқалиевтың тұсында Атырауды безендіру жөніндегі комиссия жиналысына қатысқан едім. Сонда сол кездегі қала әкімі Әділбек Нұрлығожиев: «Сіз ренжімеңіз, бізге тек Алматымен жұмыс жасаймыз деп айтты» деді. Жергілікті шеберлерді жақындатпады. Сіз сол алматылық шеберлердің қандай мүсіндер жасағанын көрдіңіз бе - қой, ешкі, сиыр немесе ат үстінде теріс қарап отырған қыз. Бұрын қазақтар кінәлілерді осылай жазалаған ғой.

Тағы бір мысал. Атырау әкімдігі ғимаратының алдында Әйтеке би ескерткіші орналасқан. Ол алыстан қарағанда Жамбыл Жабаевқа өте ұқсас. 1978 жылы «Қазақтың ұлттық киімдері» деген кітап жарық көрді, онда шапан мен дөңгелек бөрік киген қарияның суретінің астына «Жетісу қазақтарының киімі» деп жазылған. Жамбыл Жабаев – Жетісудың тумасы. Бізде ондай бас киім кимеген. Әйтеке би - Кіші жүзден, оның киімі тарихи шындыққа сәйкес келуі керек. Бұл этнография, бұл тарих, бұл біздің мәдениетіміз. Санкт-Петербор қаласында Бөкей ордасындағы Кіші жүз билерінің көп суретін көрдім, олардың киімдері ешқайсысына ұқсамаған. Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында, Орталық Қазақстанда ұлттық киімдер айтарлықтай ерекшеленеді.

Сондықтан қаланы безендіру жөніндегі комиссияның құрамында этнографтар, тарихшылар мен суретшілер болуы керек. Мұның бәрі келесі ұрпаққа қалады, қателіктер болмауы тиіс, ал қазіргі кәсіби деңгей өте төмен.

- Сіз басқарып отырған «Арбат» суретшілер мен қолөнершілер қауымдастығы туралы айтып берсеңіз.

- Ол екі жыл бұрын құрылды, бірақ, өкінішке орай, көп жағдайда тек қағаз күйінде қалып отыр. Сол уақытта шамамен  жергілікті 40 шебер сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанды облыстық филармонияға кездесуге шақырды. Ол біздің бағдарламаларымызды көріп, қолдауға уәде берді. Қауымдастық көрмелер, мастер-кластар, білім беру бағдарламалары бойынша тренингтер, пленэрлер өткізуді жоспарлады. Тіпті, көрме залы бар үлкен шеберхана ашпақ болды. Бірақ ештеңе болмады, қазір қолданбалы өнер шеберлерінің барлығы дерлік үйден жұмыс істейді. Біз Қауымдастық үшін орынжай іздедік, Мұқан цокольді қабаттардың бірін таңдауды ұсынды. Нұрсаядан таптық, бірақ орынжай кепілдікте тұрған болып шықты. Сол кезде прокуратура араласып, бұл жерді алатындай болғанбыз. Бірақ басқа адамдар жолымызды жауып тастады, сөйтіп ештеңе шықпады. Қажетті құжаттарды жинаймын деп үш ай уақытымды текке жұмсадым. Енді мұның бәрін облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа жеткізгім келеді, Қолөнершілер одағымен бірге жасаған оқу бағдарламаларының сметасын көрсеткім келеді. Бәлкім, билік бұл проблемаға назар аударар.



Айнұр САПАРОВА

Суретті және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ


7 мамыр 2018, 19:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.