Атырау, 27 желтоқсан 01:43
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Қызметкерлеріңіз білімге құштар екен

3 133 просмотра

Біздің емханаларымызда отандық денсаулық сақтау саласындағы кезекті реформа шеңберінде психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің пайда болғандығын әңгімелеген едік.  Ал жақында №1 қалалық емханада жаңа қызметкерлер мен барлық орта медициналық қызметкерлер үшін арнайы тренингтер өтті.

Оны өз кадрларын оқытуға сыйақы қорының 10 пайызын жұмсауға құқығы бар емхананың өзі ұйымдастырған.

«Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» РМК мамандары – методология бөлімінің бастығы Ләззат РАХИМОВА мен психолог Раушан КУНАБАЕВА жаттықтырушылар ретінде қатысты.

 

НОРМАТИВТЕР МЕН КЕЛЕШЕКТЕР

Раушан КУНАБАЕВА Сіздерде біздің кадрлармен танысатын уақыт болды. Алған әсерлеріңіз қандай?

- Жақсы. Білімге құштар және белсенді қызметкерлер екен. Оқыту циклінің аяғында ілгерілеу айқын болды. Біздің мақсатымыз – медбикелер мен әлеуметтік қызметкерлерді психологиялық тұрғыда пациентпен сауатты жұмыс істеуге үйрету.

- Қызмет бабы бойынша, кiшi және орта буын қызметкерлері емделушiлерге дөрекілік көрсетеді деген шағымдармен жиі бетпе-бет келуге тура келеді.

- Түсініңіз, оларға да оңай емес. Бәлкім, қызметкерлердің біліктілігі, кәсіби жауапкершілігі, мінезі нашар пациенттерге деген шыдамдылықтары жетіспейтін шығар. Бірақ өз сабақтарымызда олардың осы ахуалды өзгерткісі келетін ниеттерін сезіндік. Ал проблеманы түйсіну – алға қарай қадам басу деген сөз. Бұдан басқа, 3 айдан кейін жұмыс нәтижелерін талдау үшін бақылау тестілеуін өткіземіз.

- Әлеуметтік қызметкерлер немен айналыспақ?

- Бұл жаңа бағыт, нормативтік база тек жасақталып жатыр, көбінесе жаңа қызметкерлер өздерінің қызметтік міндеттерін білмейді. Әлеуметтік қызметкерлер 2 санатқа бөлінеді: біріншісі – бұл орта медқызметкерлер, олар мекен-жайы бойынша қарияларға және мүгедектерге патронаждық жүргізеді, пациенттерге алғашқы көмек көрсетеді. Екіншісі – жоғары білімді қызметкерлер, олардың міндетіне учаскеде кеңес беру мен профилактикалық жұмыстар кіреді. Мәселен, ол тұрмыс құрар алдында қыз баланың тексеруден өтуіне, жүктілік кезінде уақытында есепке тұруына, дәрігерге уақытында баруына бақылау жасайды. Нәтижесінде дені сау ана мен бала болады. Әлеуметтік қызметкер мамандығының мәні осы.

Ләззат РАХИМОВА Сонда, отбасылық дәрігерлерден басқа, бізге әлеуметтік қызметкерлер бекітілген болды ғой. Бірақ, мәселен, №1 емханада 65 мың тұрғынға норматив бойынша 7 қызметкер белгіленген. Бұған мұқтаж жандарды нақты қамту үшін олар қанша болу керек?

- Бүгінде әлеуметтік қызметкерлер жөнінде түрлі дереккөздерден, ең алдымен емханаға барғанда тіркеу бөлімінен хабардар болады. Кейде әлеуметтік қызметкерге барғаннан кейін тіпті белгілі бір маманның көмегі қажет болмауы да мүмкін. Емхана жанындағы гипертониктер, диабетиктер және т.б. мектебіне жолдама, ал кейде психологқа бару да жеткілікті болады. Айтпақшы, бұл жүйе көбінесе отбасылық дәрігерлер жүйесін еске түсіреді. Штатқа келер болсақ, нормативтер осындай. Содан соң, әлеуметтік қызметкерлер өз қызметіне еріктілер қозғалысы шеңберінде жастарды, белсенді әжейлерді тарта алады.

 

«СІЗДІҢ ЖАҢА ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРІҢІЗБІН»

- Дегенмен де, адамдардың өздері әлеуметтік қызметкерлерге жүгінеді деп айта алмаймын. Әдетте, біз қатты сырқаттанып қалсақ қана емханаға жүгіреміз. Мен, мәселен, біздің әлеуметтік қызметкеріміздің кім екенін білмеймін. Меніңше, әріптестерім де білмейді. Бәлкім, оларға өз қамқорлығындағы жандармен өздері танысқандары жөн шығар?

- Солай етеді. Олар өз учаскелерін аралап, сондағы тұрғындармен танысатын болады. Мен бағдарламаның жаңа екенін айтып өттім. Америкада медициналық психологтар институты да бірден пайда болған жоқ... Бұрын дәрігерлер адамды емес, тек ауруды ғана көретін. Гинеколог әріптесім учаскедегі әйелдерді аты-жөндерімен емес, аурулары бойынша есіне сақтап қалғанын айтқан еді. Алайда, аурудың бастапқы себебін анықтаған жөн. Ауру себебінің 70 пайызы психосоматика боп табылатыны дәлелденген. Соның ішінде әлеуметтік себептер бойынша алынған стресстер де бар.

- Сонда әлеуметтік қызметкерлердің міндетіне осындай проблемаларды шешу кіре ме?

- Белгілі бір дәрежеде. Көбінесе мүгедектер мен зейнеткерлер өздерінің әлеуметтік құқықтарын біле бермейді. Осы мәселелер бойынша кеңес беру де әлеуметтік қызметкердің міндетіне кіреді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

6 маусым 2012, 20:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.