Махамбет ауданының Таңдай селосында ауыз судың ахуалы өткір мәселеге айналып отыр. Бұдан жеті жыл бұрын Таңдай ауылынан 15 шақырым жердегі Жалғансай селосынан таза су құбыры тартылғанымен, мәселе шешіле қалған жоқ. Тұрғындардың айтуынша, құбыр суында сан рет кідіріс болған. Ол біресе қыста қатып қалса, енді бірде суы таза болмапты. Оның үстіне бағасы да көңілге қонбайды. Яғни, таза су техникалық судан 500-600 теңгеге қымбат. Ақыр соңында, таңдайлықтарға Бақсай каналының суын қанағат тұтуға тура келген. Осы жағдайды білмек мақсатпен ауылды аралап, әкімдіктің есігін аштық.
ӘКІМНІҢ ҚАБЫЛДАУЫНДА
Таңдай селолық округінің әкімі Жұмабай БИСЕНОВПЕН әңгімеміз әп дегеннен жарасып кете алмады. Келген мақсатымызды білген соң:
- Сіз неге ауылды аралайсыз, неге бірден бізге келмейсіз. Біз мұнда не үшін отырмыз?-деп дүрсе қоя берді. Мен болмасам орынбасарым қасыңызда жүретін еді. Сіздің не мақсатпен, не үшін келгеніңізді, не істеп жүргеніңізді білмейміз ғой, -деп реніш білдірді округ әкімі.
Бұдан әрі біздің «ауылда қанша үй, қанша тұрғын бар?» деген қарапайым сұрағымызға, ауыл әкімі жауап берместен бұрын жан-жаққа телефон шала бастады. Бізге беймәлім Нұрланға және Сәкеңе телефон соқты.
- Нұрлан - менің кеңесшім. Мүмкін мен сіздің сұрағыңызға жауап бермеуім керек шығар. Бұл жұмысқа жаңадан келгендіктен (Ж. Бисенов 2008 жылдан бері осы селоның әкімі. - Л. Қ.) журналистермен қалай сөйлесетінімді білмей жатқаным. Бірінші рет тілшімен бетпе-бет кездесіп отырмын, енді үйренбесек,- деп түсіндіріп өтті әкім бұл қоңыраулардың мән-жайын.
Сонымен, таза судың жайына қатысты сұрағымызға ауыл әкімінің айтқан уәжі мынау болды:
- Таза су Жалғансайдан құбыр арқылы келіп тұр. Бір апта бұрын құбырдың бір бөлігі машиналардың таптауынан істен шықты. Өйткені су құбыры жер үстімен жүргізілген болатын. Енді соны жалғау керек болып тұр. Тұрғындар амалсыздан Бақсай каналының суын ішуде.
ҮЙШІІКТЕГІ ҚҰЛЫП
Жалғансай селосы арқылы келетін таза су ауыл іргесіндегі 100 тонналық қазанға құйылуы тиіс екен. Осы жерден водовоз арқылы үйлерге тасылады. Ауыз су сақталатын қазан басына барғанымызда, машинаның ізі байқалмады, айналасын арам шөп басып кеткен. Ал оператор отыратын үйшікке құлып салыныпты.
- Бұдан 6-7 жыл бұрын Таңдай селосына таза су келді деген ақпар жоғарыға кетіп қалған. Әу бастан бұл құбырдың суын халық қаламады, суы таза емес, әрі қымбат. Таңдайлықтар 1932-ші жылдан бері Бақсай каналының лас суын ішеді. Канал суы бұрынғыдай кемеріне дейін толмайтын болды. Қамыс басқан, өзі балдыр, лас суды адам да, мал да ішіп отыр. Үш тонналық водовоз суын 1000 теңгеден құйдырып отырмыз. Шындық осы. Үлкен басымызбен бізге жалған айтудың қажеті қанша?!-дейді ауыл ақсақалдары Бисекен БИҒАЛИЕВ, Ахмет ИСЩАНОВ, Тәжен ИСМАҒҰЛОВ.
ШІРІГЕН СУ
Бақсай каналы«Казсушар» РМК-ның Махамбет филиалы Бақсай каналына су айдауды 15 сәуір мен 15 қазан аралығына дейін жүргізеді екен. Одан кейін каналдың екі жағы шлюзбен бітеліп, күз, қыс бойы өлісу адам мен малдың ортақ меншігіне айналатын көрінеді. Балдырланып, қамыс басқан, тазартылмаған канал суын тұрғындар еріксіз ішуге мәжбүр. Ал наурызда су орталанып, иістене бастайды. Ондайда Махамбет селосынан 3 тонна су 3500 теңгеге тасылады. Бұл қымбат суды жағдайы барлар алса, кейбіреулері каналдың лас суын ішіп отыра береді.
- 2001-2002-ші жылдары «РСТАС» ЖШС селоға су құбырын жүргізгенімен, одан бір тамшы тамбады. Бұл 34 млн. теңге қаржы текке кетті деген сөз,-дейді ауыл тұрғыны Қадыржан ҚАЗЫМБЕКҰЛЫ.
Осылайша 80 жылдық тарихы бар Таңдайдың 2580 тұрғыны таза тамшы суға мұқтаж болып отырған жайы бар.
МЕКТЕП АПАТТЫҚ ЖАҒДАЙДА
Таңдай орта мектебі«Сақалды құрылыс» ретінде аты шыққан 624 орындық Таңдай орта мектебі (бұл мектепті 10 жыл дегенде әрең бітіріпті - Л. Қ) 2000 жылы пайдалануға берілген. Он жыл өтпей-ақ, аталмыш білім орны апаттық жағдайдағы мектептің қатарына еніп үлгерді. Сапасыз құрылыстың салдарынан мектептің 4 кабинеті жабылып қалды. Ал мектепте сыныптар жетіспейді. Бүгінде іргетасынан басталып, 3-ші қабатқа дейін жарылып кеткен. Сыртқы сылақтары түсе бастаған, терезе, есіктердің тозығы жетіпті.
Атырау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті 2011 жылғы 16 мамырда және 2012 жылдың 27 ақпанында берген қорытындысында мектептің апатты жағдайда екенін көрсеткен.
- Мектепке арнайы комиссия келіп, аралап, апаттық жағдайда екеніне көз жеткізді. Биыл күрделі жөндеуден өтеді ме, жоқ, жаңа мектеп салына ма, әзірге белгісіз. Сондықтан комиссия қорытындысын күтіп отырмыз,-дейді Таңдай орта мектебі директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Гүлбаршын ГУБАШЕВА.
Осы селодағы 1932 жылы салынған емхана ғимараты да әбден ескірген.
АТА КӘСІП ҚАЛҒАН ЖОҚ
Енді ауылдағы жағымды жаңалықтарға кезек берейік.
Жүйрік ат, құмай тазы десе жанын беретін қазақ үшін жылқының орны бөлек. Таңдайлық Жауынбай ҚУАТОВТЫҢ (суретте) әкесі Асанғали бәйгеге ат жаратудың шебері болыпты. Одан кейін бұл кәсіп Жауынбай ағаның інісі Кеңесбайдың қолына көшіп, жыл сайын жорға жарысқа атын қосып, жүлделерге ие болып жүр. Енді бұл ата дәстүрге Жауынбай ағаның кіші баласының қызығушылығы оянған. Бәйгеге қосу үшін бұдан 2 жыл бұрын Калмыкиядан 500 мың теңгеге 9 жасар атты сатып алып келген болатын.
- Балам бұл кәсіпті жете меңгере қоймағанымен, ұмтылысына қуанамын. Биыл ауданымызда Ұлы Жеңіс мерекесіне арналып өткен аламан бәйгеге әдейі жаратылған атымызды қосып, бірінші орын алдық дейді Жауынбай аға.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА