Атырау, 13 қараша 11:29
 ашықВ Атырау +2
$ 494.95
€ 525.49
₽ 5.05

Арбауға түскен тұрғындар

2 007 просмотра

Газетімізде жарияланған «13-үйдің тынысы тарылды» («АЖ» 31.05.12. №22-санын қараңыз) деген мақаладан соң, біз Авангард-2 ықшам ауданындағы үйлер арасындағы құрылысқа қатысты сауалдарымызға қалалық әкімдіктен және қалалық прокуратурадан жауап алдық.

Екі жауап та қала құрылысы, санитарлық нормалар және өртке қарсы қауіпсіздік тұрғысынан алып қарағанда жан-жақты келтірілген талдаулар бойынша бір-бірімен айырмасыз және жерді беру жөніндегі қалалық әкімдіктің шешіміне сілтеме жасаумен шектеледі.

Қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВТІҢ хатына сәйкес, жер телімі қала әкімінің 2011 жылғы 16 наурыздағы №367 қаулысының негізінде азамат А.В.ТАМБОВЦЕВТІҢ жеке меншігіне берілген. Оның мақсаты - құрылыс материалдарының дүкенін салу болды, алаңы – 0,01 гектар. Жер учаскесі барлық тиісті деген өкілетті органдардың келісімімен берілді. Кейін мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауды жүзеге асырушы орган арқылы құрылыс-монтаждау жұмысына рұқсат берілді.  «Бұл жағдайда тұрғындардың құрылысқа рұқсат етуі немесе жер учаскесін ұсыну талап етілмейді, өйткені, бұл учаске кондоминиум нысаны немесе жалпы қолданыстағы жер болып табылмайды», - деп жазады Ә.Нұрлығожиев. Сөйтіп, ол №13 үйдің тұрғындарына егер олар жер учаскесі заңсыз беріліп, өздерінің құқықтары бұзылып отыр деп есептесе, сотқа шағымдануларына кеңес береді.

Атырау қаласы прокурорының міндетін атқарушы Әсет БЕКНАЗАРОВ өзінің жауап хатында «Мұхамбет» ПИК жиналысының хаттамасына сілтеме жасайды. Ол хаттамаға сәйкес, басқарма мүшелері мен тұрғындардың үй арасында бой көтеретін құрылыс павильонының құрылысына қарсы еместігі айтылады. Бұл жерде құрылыс заңдылығының басты талабы санитарлық-құрылыс нормасы емес, осы хаттама болып отырғанға ұқсайды. Бұдан басқа, тұрғындарды алдауға түсірген.

- Біз бұл қолдардың қалай жиналғанын білеміз,- дейді олар. – Бізге бұл жерде балалар алаңы салынады, сол үшін қолдарыңыз керек деген болатын. Кейін біз көптеген адамдардың осындай жалған әрекеттерге баратындығын білдік: бір нысанды салу үшін рұқсат алады да, нәтижесінде басқасын жүзеге асырады. Жаңа құрылыстың қандай болатындығы белгісіз. Бізде қожайын екі қатар  етіп салады деген ақпарат бар.

Аталмыш үйдің тұрғындары мен 1-қабаттағы бизнес иелерінің кеңес алу үшінжолыққан заңгер Айнагүл ДАУЛЕТБАЕВАНЫҢ пікірі мынадай:

- ҚР Құрылыс нормалары және ережелерінің 5.3 тармағында тұрғын үй аймақтарында жекеленген қоғамдық-іскерлік  және коммуналдық мақсаттағы жекеленген нысандарды, әдетте, 0,5 гектардан аспайтын алаңда орналастыруға, сондай-ақ, қоршаған ортаға зиянды әсерін тигізбейтін шағын-өндірістерді салуға рұқсат берілетіндігі көрсетілген. Қоршаған ортаны бүлдіруші болып табылмайтын нысандар үшін санитарлық-қорғау аймағының көлемі 25 метрден кем болмауы тиіс. Құрылыс материалдарын сату жөніндегі коммерциялық нысан зиянсыз өндірістік орын-жайға жатпайды, өйткені, онда лакты бояу, тез тұтанғыш және өткір иісті   химиялық құралдар сатылады. Сондай-ақ, ҚР құрылыс нормалары және ережелерінің 10, 14, 16-шы тарауларында көрсетілген: күннің және жарықтың түсуі, өртке қарсы талаптар туралы да ұмытуға болмайды. Құрылыс барысында санитарлық нормалар тұрғын жайлардың (бөлмелер мен ас үй) терезесінен бір-бірінің көрінбеуін қамтамасыз етуі керек. №13 үйдің тұрғындарына қатысты жағдайда бұл норма сақталмай отыр. Өрт сөндіру машиналарының ғимараттарға кіру жолын, кез-келген пәтерге өрт сөндірушілердің автобаспалдақтар мен автокөтергіштердің кіру мүмкіндігімен міндетті түрде қамтамасыз етілуі тиіс.  Жолдың жиегінен ғимараттың қабырғасына дейінгі арақашықтық 5 метрден кем болмауы керек. Біздің құрылысшыларымыз үнемі ұмытып кете беретін маңызды емес тармақ - мүгедектер үшін әлеуметтік инфрақұрылымдар нысанына кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету болып табылады, ондай нысандардың бірі №13 үйдің бірінші қабатында орналасқан дәріхана, оған құрылыс дүкенінің салынуы салдарынан кіріп-шығуға шектеу қойылады.

Осының бәрін ескере отырып, 2 қабатты дүкен құрылысы бойынша кәсіпкер құрылыс нормалары мен ережесін, ҚР сәулет, қалақұрылыс және құрылыс қызметі туралы заңды, №13 үйдің тұрғындарының азаматтық және тұрғын үй құқықтарын бұзып отыр деп  айтуға болады. Сөйтіп, олардың жер учаскесін беру және құрылыс салуға рұқсат беру жөніндегі мемлекеттік актті заңсыз деп тану жөнінде сотқа талап арыз беруге толық құқықтары бар. 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

6 маусым 2012, 17:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.