«Суретші шығармашылық тұрғыда өсуі тиіс, мен осы даму мен картиналардың құны арасында тікелей байланыс бар деп ойлаймын», - дейді танымал атыраулық суретші Рафаэль СЛЕКЕНОВ. Оның картиналары 8 мың - 30 мың доллар аралығында бағаланады. Ол бұрын өз стилін «джаз кескіндемесі» деп атайтын, қазір «авангард» деп атайды. Осы және басқа да жайттар туралы «АЖ» тілшісімен сұхбат өрілген еді.
СТИЛЬ ТУРАЛЫ
Өз картиналарын ол жапондық мультиинструменталист Китароның медиативті музыкасының ырғағымен салады. Жеке әсеріммен бөліссем: оның картиналары қойылған «Tengri Art» жеке галереясында күйбің тірліктен арылып, жаның жай табады. Әсіресе, сиқырлы музыка ойнап тұрған кезде.
- Рафаэль, сіздің стиліңіз қандай? Авангардизм бе, модернизм бе?..
- Иә, стиліңіз қандай деп бәрі сұрайды. Мен қайдан білейін қандай екенін? Кеше қандай болсам, бүгін ондай болғым келмейді. Кешегіден де жақсы болғым келеді. Ал мына «изм» дегендер шектеп тастайды.
- Бұл сөздер шымбайыңызға қатты тие ме?
- Иә, тиеді. Еркін шығармашылықты терминологиялық стильге теліп тастау дұрыс емес. Осындай ұғымдарды естісем «фашизм», «коммунизм» деген сөздер еске түседі. Бұрын стилімді джаз кескіндемесі деп атайтынмын, бүгінде авангард кескіндемесі деп айтамын.
- Қазір немен айналысасыз?
- Картиналар саламын, жеке көрмеме әзірленіп жүрмін. Биыл немесе келесі жылы ұйымдастырсам деген жоспарым бар. Жалпы, суретші үш жылда бір рет жеке көрмесін өткізуі тиіс деп есептеймін.
- Атыңызды Рафаэль деп әкеңіз қойған екен. Ауылдан шыққан қазақ баласы үшін өзгеше есім, солай емес пе?
- Ол кісі зиялы, өте көп оқыған кісі, ағам Эдгар секілді суретті де жақсы салады. Әкемнің ойына Рафаэль деген ат келе берген екен. Қайта өркендеу дәуіріндегі ұлы итальян суретшісі Рафаэль Санти туралы білмеді деп ойламаймын. Інім де жақсы суретші. Ол қазір туған жерім - Индер кентіндегі мектепте сабақ береді.
"АЖ" анықтамасы: Рафаэль Слекенов Атырау облысының Индербор кентінде дүниеге келген. АМУ-дің бейнелеу өнері факультетін бітірген. 2001 жылдан бастап - Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Тұзды көл жағасындағы үй» фильмін түсіру кезінде қоюшы суретші болып жұмыс істеді. «Тарлан» сыйлығының лауреаты, Польша Мәдениет министрлігінің стипендиаты, Қазақстан Көркемөнер академиясының корреспондент-мүшесі.
КИНО МЕН АСТАНАЛАР ТУРАЛЫ
- 2003 жылы сізді «Қазақфильм» киностудиясы өңірімізде түсірілген «Тұзды көл жағасындағы үй» көркем фильмінің қоюшы суретшісі ретінде шақырды. Сізге бұл тәжірибе қалай?
- Иә, маған бұл жұмысты Асанәлі ӘШІМОВПЕН бірге фильмді түсірген Игорь ВОВНЯНКО ұсынды. Бұған дейін ол Атыраудағы көрмеме қатысып, картиналарымды ұнатыпты. Картиналарым кішкентай баланың жан дүниесін жақсы суреттейді екен деді, сценарийде де көп оқиғалар бес жасар баланың көзқарасымен берілді.
Бұл мен үшін тың тәжірибе болды, сондықтан қызықты да, нәтижелі жұмыс жасадық. Осыдан кейін сол кездегі «Қазақфильм» басшысы Сергей ӘЗІМОВ тағы бір фильмнің түсіріліміне шақырды. Ол тіпті, Алматыға көшіп кел, пәтер алып береміз деп те ұсыныс айтты. Бірақ мен бас тарттым.
- Неге?
- Кино - ұжымдық жұмыс, ал бұл менің бағытым емес. Сол кезде Алматыға кетпегеніме еш өкінбеймін. Шындап қолға алса, Атырауды да мәдени орталыққа айналдыруға болады (күлді). Өзімнің «Tengri Art» жеке галереямда басқа да суретшілердің көрмелерін өткізіп тұрамын ғой. Әлі есімде, 2011 жылы бұл жерде танымал мексикалық суретшінің картиналар көрмесін ұйымдастырдым. Сонда Алматы мен Астанадағы әріптестерім: шетелдік шебердің көрмесі қалайша астаналарда ұйымдастырылмаған дегендей қызғаныштарын білдірді. Біздің Атыраудың олардан несі кем?!
- Жеке тапсырыстар көп пе?
- Көп емес. «Маразматик» суретшінің авангардтық кескіндемесіне кім тапсырыс береді? (күлді). Әрі Атырауда болса. Арасында американдықтардан немесе шотландиялықтардан тапсырыстар түседі. Клиентпен келісім жасап аламыз: олардың қалаған нәрселерін ескеруге тырысамын, бірақ өзімнің қажет деп тапқанымды саламын. Егер ол келіспесе – басқа да суретшілер бар, соларға жүгінсін.
ЕУРОПА ТУРАЛЫ
- Білуімше, сіздің шығармашылығыңызды көбіне шетелде бағалайды?
- Өкінішке орай, солай. Бірақ өзімнің қазағым түсінсе екен деймін. Өзім қазақпын ғой, туған жерімді жақсы көрем. Өткен жылы Лондонда «Дала романтикасы» атты өзімнің картиналарым қойылған көрмеде бір ай болғанда үйге, отбасыма тез кеткім келді. Тіпті, туған жерімнің шаңын да сағындым.
- Лондондағы көрмеге қалай бардыңыз? Арнайы шақырту болды ма?
- Бұрын менен картина сатып алып жүрген, шығармашылығымды бағалайтын шетелдіктермен байланыстамын. Кезінде Шотландияда менің көп жұмысым көрмеге қойылды. Ал галеристер өзара араласып тұрады, сол орта арқылы Лондонға жол ашылды. Айта кету керек, шетелде көрме ұйымдастыру өте қиын нәрсе. Біріншіден, картиналарды тасымалдау оңай емес, екіншіден, тіл білген жақсы. Бір жақсысы, ағылшын тілін білемін, каталог үшін картиналарға сипаттаманы өзім басып шығардым. Сосын ол жерде маған көп көмектескен еріктілер болды.
- Қандай тілдерді білесіз?
- Ана тілім мен орыс тілінен басқа, ағылшын, поляк тілдерін және аздап италия тілін білемін. 2007 жылы жарты жыл Варшавада тұрдым ғой. Сол кезде поляк Мәдениет министрлігінің «Gaude Polonia» стипендиялық бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған байқауда алты айлық курсқа жолдама ұтып алдым. Оқуы, тұратын жері тегін болды. Еуропаның түрлі елдерінен 40 стипендиат болдық. Беделді қонақ үйде тұрдық, оған қоса стипендия мен картиналарға материалдар сатып алу үшін 500 доллар төлеп тұрды. Барлық жағдай жасалған керемет кез еді. Біз тек шығармашылығымызбен айналысып, оқуымызды оқыдық. Сол жерде жүріп поляк тілін үйрендім.
ӨЗ ЖОЛЫМ ТУРАЛЫ
- Картиналарыңызға қарап, балалық шаққа саяхат жасағандай демалып қаламын. Суретшінің миссиясы неде, қалай ойлайсыз? Көрерменнің оның шығармашылығына сүйсініп, демалғаны ма, әлде автордың не айтқысы келгенін түйсіну үшін бас қатырғаны ма?
- Жақсы сұрақ. Мен үшін жауап біреу: көрермен жан-тәнімен демалуға тиіс, мен тіпті «кайфовать» ету керек деген сөзді қолданар едім. Айтпақшы, автордың өзі үшін де солай. Мен, мысалы, өзіме ләззат сыйлайтын нәрсені ғана саламын. Тек сонда ғана туындыгер мен көрермен арасында үйлесім пайда болады. Тағы бір жайт: суретші сыртқы пікірлерге көп жалтақтамай, өз бетімен жұмыс істеуге тиіс деп есептеймін. Өзім жас кезімнен сондай болдым. Әйтпесе, пікірлер әртүрлі болады ғой - бүгін таспен атқыласа, ертең төбесіне көтеріп тастайды, содан соң қайта сынайды... Өз жолыңмен жүру керек.
- 2014 жылы Алматы-Атырау жолаушылар пойызы рельстен шығып кетіп, апатқа ұшырағанда сіз жарақат алдыңыз...
- Ол жерде, менен де ауыр жарақат алған жандар болды. Бірақ осы оқиғадан кейін жарты жылдай сурет салмай жүрдім. Мең-зең болып, аспанға, адамдарға, таң шапағына қарап жүретінмін, кітап оқыдым... Содан кейін өз-өзіме келіп, қайтадан сурет сала бастадым.
КРИТЕРИЙЛЕР ТУРАЛЫ
- Коллекционерлер туралы айтсақ.
- Әдетте, бұлар картиналарды сатып алып, кейін қайта сатып, осыдан жақсы ақша жасайтын адамдар. Мысалы, шотландиялық коллекционер өз галереясы үшін менен үш картина сатып алды. Содан кейін оларды 2-3 есе қымбатқа сатқанын естідім. Ал канадалық коллекционер «Today» картинасын менен сатып алғаннан 8 есе қымбатқа қайта сатыпты. Бірақ бұл шамыма тимейді – менің картиналарымды әрі қарай не істейтіндігі олардың шаруасы. Айта кетейін, менің картиналарым Еуропаның бірнеше елдерінде, Қытай, Үндістан, Жапония, Таиланд, АҚШ, Канадада көрмелерге қойылған.
- Картинаны бағалау критерийлері қандай?
- Өнертанушылардың, әрине, өз пікірлері бар, бұл олардың мамандығы. Суреттің көркемдік құндылығы мен оған төлеуге дайын болатын сома арасында өте нақты байланыс бар деп есептеймін. Мысалы, бес жыл бұрын картиналарың 1000 долларға сатылған болса және қазір де құны сондай болса, демек, туындыгер ретінде алға баспағаның. Менің пікірім осындай.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ