Атырау, 28 қараша 14:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Бергей РЫСҚАЛИЕВ: «Жер - шаруаларға»

4 603 просмотра

30 мамыр мен 1 маусым аралығында облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ интернет-конференция өткізіп, оған 49 сұрақ қойылды. Әкім оның 44-іне жауап берді.

Айта кету керек, бірінші басшымен тікелей сөйлесу онлайн режимінде өткен жоқ, тікелей интернет-бейнекөрсетілім де (шара форматы осындай мүмкіндік береді) болмады.

Мәлім етілген тақырыптың («2012 жылдың 27 қаңтарындағы ҚР президенті жолдауының басым бағыттарын жүзеге асыру барысы туралы») қойылған сұрақтарға қатысы болмады. Маған облыс әкімі аппаратындағылар түсіндіргендей, бұл интернет-конференция – тұрғындар үшін аймақтың бірінші лауазымды тұлғасына сұрақтар қою үшін мүмкіндік екен. Бізге дейін осындай шараны төрт облыстың әкімдері өткізгенін ескерсек, мұның жоспарлы шара екенін айтуға болады.

Азаматтардың сұрақтары үш күн бойы қабылданды, ал құпия сауалдар қаралмады. Осыны пайдаланып «АЖ» өз сұрақтарын қойған еді. Сұрақтарды жіберу қиындық туғызбады, egov.kz. порталындағы «интернет-конференция» бөлімінен бірнеше жолды толтыру жеткілікті болатын.

 

«ҚИЯЛ-ҒАЖАЙЫПТАР ӘЛЕМІ» ТУРАЛЫ ҰМЫТУҒА БОЛАДЫ

Интернет-конференцияның арқасында «Қиял-ғажайып әлемі» балалар ойын-сауық кешенінің тағдырын анықтадық. Біздің: «Учаске кімге тиесілі және ол жерде бас жоба бойынша не жоспарланған?» деген сұрағымызға, әкім былай деп жауап берді:

- Жеңіс бағы маңында орналасқан осы жер учаскесі «Евразия ойын-сауық орталығы» ЖШС-не тиесілі екенін хабарлаймын. 2011 жылы осы ЖШС-нің жазбаша арызы бойынша, арнайы комиссия ойын-сауық кешенін әкімшілік ғимарат, қонақ үй және көппәтерлі тұрғын үй салу үшін функциясын өзгертуге рұқсат берген. Материалдар тиісті құжаттарды дайындау үшін қалалық жер қатынастары бөліміне жіберілді. Мәселе қалалық әкімдіктің бақылауына алынған.

Редакциядан: Бұл жерде қожайынмен қайшылықтар орын алады. Өткен жылы біз «Қуат жүйесі» құрылыс компаниясының 2011 жылғы қала құрылысы кеңесінде қараусыз қалған «Қиял-ғажайыптар әлемінің» орнына зәулім ғимараттар мен тұрғын үйлерден тұратын кешен жобасының таныстырылымын өткізгенін жазған едік. Сонда сол кездегіқала әкімі Мереке ЕСМҰРАТОВ оны мақұлдамай,бұл компания учаскені сатып алған кезде аттракциондар паркін қалпына келтіруге уәде бергенін, енді сөзінде тұруға тиіс екенін түсіндірген болатын.

Алайда, учаске кімге тиесілі болса да, әкімнің жауабынан парк орнында зәулім ғимараттар болатыны айқын болды.

 

КАНАЛДЫ КОМИССИЯ ҚАРАЙДЫ

Ерік Мостовой каналыКөптеген сауалдар туғызатын тағы бір жоба – ерік Мостовой. Ол туралы шенеуніктер жақ ашпауды жөн көреді. Дегенмен де, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне әлденеше рет ауызша және жазбаша сауалдармен шыққаныммен, маған ештеңе айта алмады.

Облыс әкіміне: «Құрылысына 2 млрд бюджет теңгесі жұмсалған ерік Мостовойды қараусыз қалды деуге болады. Осы жобаны аяқтау жоспарда бар ма?» деп сұрақ қойған едік.

Ол былай деп жауап берді:

- Ерік Мостовой жалғаушы канал ретінде Жайық өзенінде су көтерілгенде толтырылу үшін салынған. Содан бері қарай өзен деңгейі қатты төмендеп кетті. Мұның жерасты сулары көлемінің азаюына немесе көбеюіне ешқандай қатысы жоқ. Осыған қарамастан каналды екі жақтан ашып, понтондар мен  шлюздерді орнаттық. Жылына екі рет суды жіберіп, каналды тазартамыз. Каналдағы суды жаңарту үшін әжептәуір шығындар қажет. Әрине, канал біздің қаламыздың көріктенуіне үлес қоспайды. Алайда біз оны және оның төңірегін тазалықта ұстауға тырысамыз. Мәселені арнайы комиссиямен қарауды тапсырамын. Егер комиссия оны пайдасыз деп тапса, оны көміп тастаймыз. Егер оны пайдалануға мүмкіндік бар деп шешсе, сол жолды қарастыратын боламыз. Соңғы шешім комиссияда.

Кезінде каналды салуды «Дренаж» КМК бұрынғы директоры, ал қазіргі Атырау облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Ибрагим ӘМІРОВ белсене қорғаған еді. Оның пікірі өзгермепті:

- Каналды көміп тастауға болмайды. Ол қаланың солтүстік бөлігінің микроклиматын жақсартып, дренаж секілді жұмыс істейді. Атырау ықшам ауданының тұрғындары балшықтың азайғанын мойындап отыр. Оның үстіне, канал жанындағы топырақ жақсарып келеді. Бірінші нұсқа бойынша канал сағасы теңізге дейін жетуі тиіс, сонда көп қаржы жұмсалып отырған жүзбелі сорғы қажет болмай, су өзі ағып кетер еді. Ал қазір су тұрып қалмас үшін оны үнемі айдап отыру керек.

 

120 + 180

Тұрғындардан түскен сұрақтар негізінен коммуналдық сипатта (жолдар, суға кеткен жертөлелер, терможаңғырту) болды. Анағұрлым қызықты дегендерін жария етеміз.

-  2012 жылы Атырауда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» бірге мемлекеттік бағдарлама бойынша қанша пәтер беріледі?

- «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» мемлекеттік  бағдарламасы бойынша биыл 120, ал келесі жылы 180 пәтер салынатын болады.

 

АЗҒЫР ЖАЙЫНДА

- Азғыр полигонының аумағын радиациялық ластанулардан тазарту, оның тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша қандай жұмыстар жүргізіледі?

- Жергілікті халық әлі күнге дейін ядролық сынақ зардабын шегіп келеді. Қоршаған ортаның және адам денсаулығының ахуалы кешенді экологиялық және медициналық тексерулер жүргізуді талап етеді. Мен бұл сұрақпен көп уақыттан бері айналысып келемін. Салалық министрліктердің, орталық құрылымдардың басшыларына полигон туралы әлденеше рет айттым. Бұл мәселе міндетті түрде аяғына дейін жеткізілетін болады. Біз Азғырға су, газ және жарық жүргізіп, жолдар мен басқа әлеуметтік  нысандар саламыз, халықты сауықтыру жөнінде арнайы бағдарлама жасап, оны үкіметтік деңгейде қорғайтын боламыз.  

 

ЖЕР ИЕЛЕНУШІЛЕРДІҢ ЖАДЫНА!

- Қазіргі уақытта жердің бәрі сатылып кеткендігін айтқым келеді. Жайылымдық жер де, шөп шабатын жер де жоқ, бәрі жекеменшіктің иелігінде. Осы жерге мал жайғың келсе, қожайынына ақша төле. Шөп шапқың келсе де сол. Қазақстанда бос жер жоқ деген әңгімелер сандырақ сөз. Іс жүзінде осы жерлердің қожайындары ештеңемен айналыспайды, олар осы бос жерді сатып алып, одан ақша жасайды. Осыған қатысты не айтасыз?

- Өте орынды әрі өзекті сұрақ. Мен бұл туралы хабардармын және осы мәселені таяуда Махамбет ауданына барған кезде көтерген едім. Президенттің тапсырмасы, үкіметтің қаулысы бар, хаттамаға енгізілген тапсырмалар бар. Қазір облыстағы жер учаскелерінің мониторингісін аяқтап жатырмыз. Жер тек  онымен айналысатындарда, оны ауыл шаруашылық және басқа өнім өндірісі үшін пайдаланатындарда ғана болатынын айтқым келеді. Менің білуімше, қазіргі кезде Атыраудан Индерге дейінгі Жайықтың бүкіл жағалау бөлігі сатылып кеткен. Осы жерлердің 1-2 пайызы ғана қолданыста, қалғандары бос тұр. Көпшілігі жер алып, сіз айтқандай, одан пайда табады. Мұның бәрі сотқа жолданатын болады. Содан соң барлық жерлер кері қайтарылады. Егер бос жатқан жерлердің қожайындары оларды ерікті түрде қайтарса дұрыс болар еді. Олай етпеген жағдайда, оларға қомақты айыппұлдар салынып, жерді қайткен күнде де сот арқылы қайтарып аламыз.

 

«ЖАТАҚХАНА ТҮРЛІ БОЛАДЫ»

Балықшыдағы Құнанбаев көшесінің бойындағы №13 үйдің тұрғыны өздерінің жатақханалары күреле ме деп сұрапты. «Бұл балық техникумының жатақханасы, бұл жерде су да, санитарлық тораптар да, жылу да жоқ. Балалар жиі ауырады. Подъездердегі жалаңаштанған электр сымдары да қауіп туғызып отыр. Осының бәрін ескеріп, осы мәселені қарауды өтінемін», - деп ол әкімге сауал жолдаған.

Ол былай деп жауап берді: «Қазіргі кезде бүкіл жатақхана жеке меншік иелігінде. Онда тұратын адамдар тазалық пен мәдениеттің жоқтығынан осындай жағдайға жетіп отыр. Мәселен, қалада өте таза әрі барлық жағдай жасалған жатақханалар жеткілікті. Қалада барлық апатты үйлердің бәрі дерлік күрелген. Тізімде қалған тұрғын үйлер кезек бойынша күрелетін болады». 

 

БАҒА БАҚЫЛАУДА

- Қазір жанар-жағармай бағасының өскендігі байқалады. Облыстық әкімдік ахуалға қалай бақылау жасап отыр?

- Үстіміздегі жылдың 6 сәуірінен бастап, мұнай өнімдері 6 теңгеге өсті (Аи-92/93 - 106 теңгеден 112 теңгеге дейін,  Аи-80 - 86 теңгеден 91 теңгеге дейін). Мұнай өнімдерінің шекті бағалары Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттікпен, мұнай және газ министрлігімен, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігімен мақұлданып бекітілген. Облыстық әкімдік табиғи монополияларды реттеу агенттігімен және аудандық әкімдікпен бірге жанар-жағармай материалдарының бағалары мен қорларының күн сайынғы мониторингісін жасайды.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

6 маусым 2012, 17:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.