Атырау, 28 қараша 14:47
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Монополистің тәбеті

2 212 просмотра

Сұйытылған газдың жасанды тапшылығы бағаның өсуіне әкелді

Атырауға сұйытылған газды жеткізу төңірегінде қызықты ахуал қалыптасқан. Үнемі тапшылықта болу бағаның күрт өсуіне әкелді (кейбір газ құю стансаларында бір литрі 70 теңгеге дейін). Алайда бір оғаш жері - облыста газ қажеттіліктен он еседей көп өндіріледі. Ай сайын АМӨЗ-де орташа алғанда 1 400 тоннадан астам өндіріледі, ал біздің қолымызға бар болғаны 150 тонна ғана тиеді.

 

ЖӨНДЕУ АЯҚТАЛДЫ, БІРАҚ ГАЗ ЖОҚ

Облыста сұйытылған газды көтерме бағамен сатудың монополиялық құқығы «Стандартгаз» ЖШС-не тиесілі. Компанияның бас кеңсесі Алматыда орналасқан. 2008 жылы 5 тамызда Атырау облыстық әкімдігінің, «АМӨЗ» ЖШС-нің және «Стандартгаз» ЖШС-нің арасында жасалған үшжақты келісім-шарттың 3.2 тармағына сәйкес, Атырау МӨЗ-інде өндірілген бүкіл сұйытылған газды тасымалдау және арнайы сақтау паркі бар «Стандартгаз» ЖШС-не беріледі.

АМӨЗ мәліметтері бойынша, сұйытылған газды өндіру көлемі үстіміздегі жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында 5 605 тонна (қаңтарда – 2 705 тонна, ақпанда – 1 200 тонна, сәуірде – 1 700 тонна) құраған. Осылайша, сәуір айында өндіріс көлемі бұрынғы деңгейге жеткен.

Сұйытылған газға қатысты проблемалар бізде шынымен де наурыз айында жөндеу кезінде басталды. Сол кезде «Стандартгаз» Атырау филиалының атқарушы директоры Бауыржан ИМАНАЛИЕВ АМӨЗ-де жөндеу жұмыстарының жүріп жатқандығына сілтеген болатын. Комментарий алу үшін біз зауытқа хабарласқан едік. АМӨЗ бас инженері Денис КОЗЫРЕВ былай деп жауап берді:

- ҚР Мұнай және газ министрлігі бекіткен технологиялық қондырғылардың жоспарлы-ескерту жөндеу жұмыстарының кестесіне сәйкес, ағымдағы жылдың 10-30 наурыз аралығында сұйытылған мұнай газын (СМГ) өндіретін қондырғы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тоқтатылды. Зауыт 2008 жылғы 5 тамыздағы СМГ өндіру, сақтау және сату жөніндегі Атырау облыстық әкімдігі, «АМӨЗ» ЖШС және «Стандартгаз» ЖШС арасында жасалған үштарапты келісім-шарттың бұрын жазылған шарттарын ұстанатынын атап өту керек. 30 күннен астам уақыт ішінде барлық мүдделі тараптар алдағы жөндеу жұмыстары туралы уақытында хабардар етілді (2012 жылғы 27 қаңтарда «Стандартгаз» ЖШС-не жіберілген №12/630 хат).

Жөндеу жұмыстары аяқталды, алайда бүгінде ахуал өзгермеген, облыста төрт айдан бері газ тапшы.

- Біз күн сайын «Стандартгаз» бас кеңсесіне 250 тоннаға сұраным жолдаймыз. Бүкіл мамыр бойына сұрадық, қазір де сұрап отырмыз, - дейді қаладағы төрт газ құю стансасы бар «Жайық-газ» ЖШС директоры Руслан КАШЕНОВ. – Бізге газ жоқ дейді. Өзіміздің төрт бекетімізді жалға беруге мәжбүр болдық. Егер көлем жоқ болса, ол қалай жұмыс істейді? Қазір не істейтінімізді білмейміз, штатта 45 адам бар, оларға ай сайын еңбекақы төлеуіміз керек.

 

«ҚАНША СҰРАСА, СОНША БЕРЕМІЗ»

Ал «Стандартгаз» ЖШС-нің коммерциялық директоры Бағытжан ИБАДОЛЛАЕВ бізде газдың тапшы екендігіне таң қалды.

- Біз 2011 жылдың 15 желтоқсанында жаңа меморандум дайындап, оны облыстық әкімдікке ұсындық, - деді ол телефонмен сөйлескенде. – Құжатқа «Карат» ЖШС (Теңізде жұмыс істейді), «Достық-Атырау» (Привокзальныйдағы газ құю бекеті), «АМӨЗ» ЖШС және біздің компания қол қойды. Тек «Жайық-газ»(қала бойынша 4 газ құю бекеті) бен облыстық энергетика және  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы ғана қол қоймады. Біз энергетика басқармасына хабарласқанымызда, оларда тағы үш ай уақыттары бар екенін айтты. Осыдан кейін біз оларға қоңырау шалмадық. Бізге «Жайық-газдан» шағым түскен жоқ.

- Біздің облысымызға қанша тонна газ сатасыз?

- Өткен айда шамамен 180 тонна болды, ал осы айдың мәліметі әзірге жоқ.

- Меморандумда қандай көлемдер айтылды?

- 150 тонна.

- Бірақ біздің сұранысымыз үш есе көп қой.

- Жалпы, бізден қанша сұраса, сонша береміз.

«Жайық-газ» ЖШС директорының айтуынша, олар жаңа меморандумды алмапты.

 

АЛМАТЫДА САТҚАН ТИІМДІРЕК

Облысымызға жаңа меморандум бойынша белгіленген газ сату көлемін атауға Ибадоллаев қиналып қалды. Алайда, біздің ақпаратымыз бойынша, монополист цифрды айына 150 тоннадан жоғары көтергісі келмейді. Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметтері бойынша, аймағымызда сұйытылған газды тұтыну көлемі жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан да меморандум үнемі жаңартылып тұрады. Сұйытылған газды тұтынушылар – негізінен газбен жүретін көлік қожайындары мен баллон газын пайдаланатындар (тұрмыстық газ тұтынушылар санының 25 пайызы, яғни, көп адам). Ай сайынғы сұраныс – бүкіл облысқа 400-450 тонна газ.

Ибадоллаевтың айтуынша, бүкіл газ дерлік Алматы мен Алматы облысына кетеді. Компанияға бүкіл сұйытылған газды анағұрлым жоғары көтерме бағаға сату тиімді екені түсінікті.

 

ОБЛЫС ӘКІМІ: «ШАРА АЛАТЫН БОЛАМЫЗ»

Шынымен де жергілікті биліктің монополисті облыс қажеттілігін қанағаттандыруға міндеттей алмағаны ма? Осы сұрақты таяуда өткен онлайн-конференция кезінде Атырау облысының әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВҚА қойған едік. Ол былай деп жауап берді:

- Бұл орынды сұрақ. «ҚазМұнайГаз» бен АМӨЗ басшыларына осыған қатысты ескертілді. Өкінішке орай, олар жергілікті атқарушы органдарға бағынбайтындықтан, бұл ұсыныс қаралусыз қалды. Мен осы мәселені жоғарғы сатыдағы деңгейде әлденеше рет көтердім, бірақ оларға басқа аймақтарға қымбатқа сату тиімдірек. Осы компания басшылары бұл мәселені реттейді деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, басқа шаралар алатын боламыз.

­Өз кезегінде Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Бауыржан ЖАЙСАҢОВ былай деп жауап берді:

- «Стандартгаз» ЖШС-нің бас кеңсесі Алматыда орналасқан, бұл ЖШС басшылығымен жұмыс жасау процесін қиындатады. Сондай-ақ, жеткізушінің Атырау қаласында бөлшек сауда желісі жоқ. Сұйытылған газ көлемін бөлумен ҚР Мұнай және газ министрлігі айналысады. АМӨЗ «Стандартгаз» ЖШС-не шығарылатын сұйытылған газдың бүкіл көлемін жібереді. Мұнда «Стандартгаз» Мұнай және газ министрлігі бекіткен жеткізу кестесін сақтамайды. Қазіргі уақытта сұйытылған газды жеткізу проблемасын шешу үшін облыс әкімдігі мұнай және газ министрлігіне өтініш-хат жолдады. 

Осындай жағдай қазір Ақтауда да байқалады. Алайда, бізден айырмашылығы, ол жерде проблема өткірлеу сезіледі. Өйткені оларда көліктердің 80 пайызы дерлік газбен жүреді. Қоғамдық жолақы мен таксидің арзандығы осымен түсіндіріледі (қаланың кез-келген нүктесіне200 теңге). Ақтаудағы бекеттерде газдың бір литрі 70 теңгеге дейін шарықтап кеткен. Газ бизнесімен айналысатындар бәріне «Стандартгазды» кінәлайды. Алайда жергілікті атқарушы билік (олардың жауаптарынан мәлім болғандай) осы компания алдында дәрменсіз. Бірнеше жыл бойына «Стандартгаз» ЖШС газға бір өзі билік етіп келеді. Бәлкім, шынымен де, БАҚ-тардағы кейбір жарияланымдардың растауынша, бұл компанияның артында президенттің ортаншы күйеу баласы Тимур ҚҰЛЫБАЕВ тұрған шығар.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

6 маусым 2012, 17:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.