«АЖ» №3 санында, №24 («Счастливое детство») балабақшасы жеке қолға берілетіндігі туралы жазған болатынбыз. Жарияланымнан кейін «Счастливое детство» балабақшасына баратын бүлдіршіндердің ата-аналары осы шешімге қарсы шықты.
Өздерінің келіспейтіндіктерін жалпы ата-аналар жиналысында да, ашық хатта да білдірген олар хатты бізге, редакцияға алып келді. Бұл мәтінді аздаған қысқартулармен назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«№24 «Счастливое детство» балабақшасын сенімді басқару негізінде жеке қолға беру туралы қауесет 20.01.11 жылғы «Жайық самалы» газетіндегі жарияланымда расталды. Онда қалалық білім беру бөлімі біздің балабақшаны ұсынғаны, тендерлік комиссияның жасақталып жатқаны айтылған. Осыдан кейін біз жиналыс жасап, бірауыздан бұған келіспейтіндігімізді білдірдік.
Қалалық білім беру бөліміндегілердің әкімдіктің тапсырмасымен әрекет етіп отырғанын түсінеміз, алайда он жыл ішінде білім берудің және балаларымызды тәрбиелеудің сенімді жүйесі орнаған, сондықтан жұмыс істеп тұрған балабақшаға тәжірибе жасауды тиімсіз деп есептейміз. Әкімдіктің аталмыш мәлімдемесінде айтылған қызмет сапасын көтеру туралы мәселеге келер болсақ, №24 балабақшаның қызмет сапасы жоғарғы деңгейде екендігін ресми түрде мәлімдейміз.
Балаларымызға жолдама алу үшін ұзақ уақыт кезекке тұрдық. Қабылдау туралы арызымызды сәбиіміз дүниеге келген бойда бердік. Тәрбиешілерге, балабақшаның басқа қызметкерлерінен балаларымызға ешқандай шағым түсіп көрген емес. Тіпті, керісінше, ол жердегі жылылық пен қамқорлыққа бөленген балаларымыз балабақшаға баруға ұмтылады. Осы жерге балаларымызды қалдырғанда, олардың сенімді қолда екендігін біліп жүреміз. Осыған байланысты мынадай сұрақтар туындайды:
1) Балабақшаны сенімді басқаруға бергеннен кейін бізге тағы қандай қызмет сапасының анағұрлым жоғары деңгейін ұсына алады?
2) Тамақтандыруды қалай жақсартпақ? Тамаққа бірнеше жеміс-жидектерді қосу арқылы ма? Бірақ балаларымыз онсыз да толыққанды, пайдалы тағамдар ішіп жатыр.
Төлемақы мөлшерін 40000 теңге деп белгілесе, бұл ата-аналардың барлығына ауыр соғады. Біз жаңа қожайындар уәде етіп отырған күмәнді «арттырылған қызмет сапасы» үшін қомақты сома төлеуге дайын емеспіз. Қаламызда көптеген жаңа балабақшалардың ашылып жатқандығын білеміз. Ендеше тәжірибені жаңа парақтан бастаған жөн емес пе? Ата-аналар да балаларын осындай коммерциялық балабақшаларға бермес бұрын алдын ала барлық шарттар мен төлем көлемінен хабардар болар еді.
Бюджет қаржыларын үнемдеу саясатының бар екендігін түсінеміз, алайда біздің бюджетті толықтырып отырған салық төлеушілер екендігімізді ұмытпаған жөн. Жергілікті атқарушы органдар ретінде мемлекет көмектесудің орнына неліктен проблема туғызады?
Балалары басқа балабақшаларға баратын ата-аналардың барлығы да, сондай-ақ қала жұртшылығы да бізді қолдайтындығына сенімдіміз. Өйткені олар да осындай жағдайға душар болып, балалары далада қалуы мүмкін ғой.
Осындай шешімдер қабылдайтын шенеуніктердің әрекеттері қаншалықты заңды?
Біз облыс әкімінің балабақшаларды сенімді қолға беру туралы тапсырмасына қарсы емес екендігімізді мәлімдейміз. Бәлкім, болашақта бұл шынымен де жақсы нәтижелер әкелуі мүмкін. Біз мұндай жүйені жұмыс жасап тұрған балабақшаларға енгізуге қарсымыз.
Осы проблемаға мұқият назар аударуды қатты өтініп сұраймыз. Біз балаларымыз үшін пикетке шығудан бастап, сот инстанцияларына талап-арыз жазуға дейін өз құқықтарымызды қорғауға дайынбыз.
Аймағымыздың басшылары, депутаттар, саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар, сондай-ақ тиісті қадағалаушы және құқыққорғау органдары осы жағдайға кіріседі деп үміттенеміз.
Барлығы 167 қол қойылған».
Осы хатқа байланысты қалалық білім беру бөлімінің мектепке дейінгі бас маманы Гүлнар ЖОЛМҰХАНОВАҒА хабарласқан едік. Ол былай деп жауап берді: «Мектепке дейінгі мекемелер бойынша маман ретінде мыналарды түсіндіріп өткім келеді: бүгінде жұмыс жасап тұрған балабақшаларды сенімді басқаруға беру туралы мәселе тоқтатылды. Ата-аналар мен балабақша қызметкерлері үшін алаңдауға негіз жоқ. Балабақша бұрынғы режиммен жұмыс жасауды жалғастыра береді».
Бұл хикаяның соңы сәтті аяқталды. Енді шенеуніктер апатты балабақшалар мәселесін (мәселен, «Счастливое детство» балабақшасында көп жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген) адами тұрғыда шешіп, еліміздің болашағы үшін бюджет ақшасын үнемдемейтін шығар деп үміттенеміз.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА