Атырау, 25 қараша 18:51
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Такси шақырттыңыз ба?

Сурет
5 058 просмотра


№5 Гурьев таксомотор паркі жабылғалы бері көп уақыт өтті. Аумағы үлкен, қызметкерлер саны көп мекеменің бұрынғы химзауытқа барар жолда орналасқаны байырғы тұрғындардың есінде. Таксопаркке сонау 1963 жылы жұмысқа орналасқан (кейіннен оның директоры болған) Бағыт МЕҢДЕШОВТІҢ айтуынша, бұл жұмыс жергілікті бозбалалардың көпшілігі үшін арман болған.

ҚҰРЛЫҚТАҒЫ КӨЛІК ҰШҚЫШТАРЫ

- Енді ше! Кеңес дәуірінде таксист те ұшқышпен барабар еді. Түрлі киім кию деген жоқ, тек формамен, қырынып-таранған, крахмалданған ақ көйлек, пиджак, галстук, қыры шыққан шалбар, жалтыраған туфлимен ғана рөлге отыруға рұқсат беретін (рас, 80-жылдары мұндай дресс-код қолданыстан кете бастады – А.Ш.). Жол құжатын алу және ауысымға шығар алдында міндетті түрде медициналық тексеруден өткізетін.

Шамасы, 50 жыл бұрынғы ережені Бағыт аға әлі де ұстанатын сияқты. Ол қазір де, егде тартып қалғанына қарамастан, костюм, туфли киген жып-жинақы түр-келбетімен көп таныстарымнан әлдеқайда жақсы көрінеді.

Кеңес дәуіріндегі таксистер.
Бұл паркке кез-келген адам жүргізуші болып жұмысқа орналаса алмаған: көлік тізгініндегі жұмыс өтілі 5 жылдан кем болмауы және бұрын сотталмаған болуы керек. Тіпті, жүргізуші куәлігі болған жағдайда да МАИ-ге қосымша емтихан тапсыру керек болған.

- Қолының жымысқысы бар адамдарды да алмауға тырыстық, - дейді Бағыт аға. – Жолаушыны ақшадан жеп кету жұмыстан шығаруға дейін жазаға тартылатын ауыр күнә деп есептелді.

Әр көлікте есептегіш – жол ақысын тиынына дейін дәл санап беретін таксометр болды. Сапардан кейін таксист есептегішті нөлге келтіріп, келесі жолаушы мінген кезде оны қайтадан қосуы тиіс. Таксометр, ағымдағы мәліметтерден басқа, ауысым бойынша жалпы километраж бен түсімнің жалпы сомасын жазып алады.


РУБЛЬМЕН ЖАЗАЛАУ

Бағыт Меңдешов

Таксомотор штатында мыңнан астам адам жұмыс істеді: жүргізушілерден бөлек – механиктер, дизелистер, диспетчерлер, медбикелер, бақылаушылар, инженерлер, шанақшылар, дәнекерлеушілер, ұсталар, көлік жуушылар... бар. Оған қоса бірнеше аудан орталықтарында бөлімшелер жұмыс істейді.

60-жылдары жүргізушінің орташа жалақысы 100-130 рубль болды. Нан бағасы 18 тиын және ет бағасы 1 рубль 80 тиын болғанын есептесек, жаман жалақы болмаған. Күн сайынғы жоспар 42 рубль, үстінде қалған соманы ресми түрде өзіңе қалдыруға болады. Мұндай табыс жақсы түскен күндері 20 рубльге жететін.

Өкінішке орай, облыстық мұрағатта таксопарк туралы мәліметтер сақталмаған. Бірақ қалалық мұрағатта кейбір жүргізушілердің жеке карталары мен жеке құрамның жұмыстан босату, еңбек демалысы, сыйақы есептеу бұйрықтары туралы құжаттарды көрсетті. Бағыт аға жасаған мінсіз келбетке нұқсан келтірген құжаттар да болды.

Қатаң бақылау жасалғанына қарамастан таксистер қиын адамдар болған. Таксомотор жүргізушілерінің жеке істерінде жұмысқа келмей қалған, ішіп кеткен жағдайлар туралы жазбалар, тіпті, балағат сөз айтушыларға да шағымдар бар.

Жоспарды жүйелі түрде орындамағандарды ұжымның жалпы жиналысынан кейін ескі машиналарды немесе жүк көліктерін жүргізуге ауыстырып отырған. Таксистер әртүрлі құқық бұзушылықтар үшін рубльмен, басқа лауазымдарға ауысу және жұмыстан шығу секілді жазалармен қатал жазаланған. Механиктер техникаға жауапты болды. Олардың көпшілігі, әдетте, түнде жұмыс істеді. Олар жұмыс күнін бастауға дайын болу үшін машинаға кішігірім және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Олардың міндетіне суық мезгілде көліктерді жылыту да кірді, ал жүргізуші таңертең жылы салонға келіп отыратын.

- Ол жерде жұмыс істеу қиын болса да жақсы еді, - дейді Бағыт аға сөзін жалғастырып. – Қауырт жұмыс кестесі болды, жыл сайын Алмалыдағы ведомстволық шипажайға демалуға жіберетін, 400 орындық жазғы балалар лагеріне жолдама беретін, сондай-ақ, бос уақытта футбол және волейбол командаларына қатысатынбыз, бірақ ең бастысы – идеология еді: әр қызметкер құнды және маңызды болатын.

-  Ал сонда жұмыс қиындығы неде?

- Негізінен жолсыздық. Екіншіден, күні бойына рөлде отыру оңай емес. Сондықтан клиенттерден де шағымдар түсіп тұратын. Адамды дер кезінден, мәселен, Балықшыдан алып кетуге үлгермеді делік. Айнала өткізбейтін балшық, бәлкім, бір жерде батып қалған шығар, ал шақыртылған жерге жеткенде жолаушы ұшаққа кешігіп қалған болып шығады.

Таксимен жүру ақысы – мінгені үшін 10 тиын, оған қоса 10 километр тарифке 1 рубль болды. Сол кездегі Гурьевтегі өлшем бойынша такси қызметі халықтың көпшілігіне қол жетімді болды.

Диспетчерлік қызмет арқылы 26-26, 26-27 және 24-28 нөмірлері бойынша такси шақыртуға болатын. Қазір клиент әрі кеткенде 10 минут күтеді, ал ол кезде ұзақ уақыт күтетін, сондықтан сапарға бірнеше сағат бұрын «моторға» тапсырыс беретін. Диспетчерлік қызмет таңғы 6-дан түнгі 12-ге дейін тапсырыстар қабылдайтын. Дегенмен, сол кездері түнде баратын да жерлер жоқ еді - бүкіл қалада екі-үш мейрамхана болатын.


УАҚЫТ МАШИНАСЫ

Бағыт ағаның отбасылық мұрағатында сол кезеңге қатысты суреттер сақталған. Әлдебір шарада түскен суретте ол салтанатты сөз сөйлейін деп тұр. Ал оның артқы жағында төбесінде «шашкасы», капотында хромдалған бұғы мүсіні бар M-21 мен мұндалайды.

Сол кездегі таксилер «Волга» көліктері болатын. Мұрағат мәліметтеріне сәйкес, паркте ГАЗ-51 және ГАЗ-63 жүк көліктері де болған. Олар өздерінің жол жүру мүмкіндігімен танымал болды, облысымыздың жүріп өтуі қиын әр түкпірінен адамдарды, бөренелерді, газеттерді бұйрық берілген барлық нәрселерді таситын.

ГАЗ-63

Барлығы 3 ауысымда, яғни, үзіліссіз жұмыс істейтін 300 машина болды. Үшінші ауысым «кезекші» болып саналды және тек тапсырыс бойынша: түнгі сапарда, көршілес қалаларға - Орал, Астраханьға және жеке ұжымдық тапсырыстармен жүрді. «Ембімұнай» өз қызметкерлерін жұмысқа таситын, ГМӨЗ, химия зауыты, геологтар да солай жасайтын.

80-90 жылдары басталған нарықтық қатынастардың дәуірі мемлекеттік таксилер жүйесін бұзып, жекешелендіру Атыраудағы осындай парктердің жабылуына және күйреуіне әкелді. Өз көліктері бар көлік иелері бәсекелес бола бастады. Ол кезде жол полициясы жеке тасымал үшін айыппұл салуды доғарған болатын.

Бұрынғы №5 таксопарк ғимараты.


- Қазіргі таксистер туралы не ойлайсыз?

- Мен оларды мүлдем таксистер деп есептемеймін, - деді Бағыт аға. – Бұл машиналары бар және оны ақша табу үшін пайдаланатын адамдар. Менің кезімде көкбет, ұятсыз таксистер  де болды, бірақ көпшілігі мейірімді, елгезек жандар болатын. Басқа жақтан келгендерге жолды мұқият көрсетіп, ересек адамдарға көлікке отырып, одан түсуіне көмектесетін. Әжейлерді, мүгедектерді тегін апарып тастайтындар да болды. Енді ше? Қар жауып тұр. Күн суық, автобус ұзақ уақыт келмейді, адамды жол бойына қалай тастап кетсін?

Қазіргі таксистер.

БӘРІ ТАКСИ

Маған блиц-сауалнама үшін тап болған таксист букмекерлік кеңсе жанындағы көлік тұрағында тұр екен.

- Темек тартсам бола ма?

- ОһТартыңыз.

Ол шылымын құшырлана сорып, тырбиған саусақтарымен рульді жабыса ұстап, жартылай өше бастаған қос жолақтан шапшаң бұрыла қойды.

- Клиентіңіз көп шығар? Ең ұнамсыздары ішімдік ішкендер ме?

- Неге? Мас клиент дағдылы клиент. Егер аяғынан тұра алса, алып кетемін. Есін білмей ішкендерін алмаймын. Нашар клиент – сараң, жылпос, ұзақ саудаласатын, наразы болатын жан. Немесе отырып алып, бірдеңе деп күңк етіп, діттеген жерге жеткенде бағаны төмендете бастап, ұрыссатын адам. Ал жақсы клиент бірден бағаны өзі айтады, ақшасын қиналмай береді, ал қайтарған ақшаны алмаса, тіптен, жақсы. Мұндай клиенттермен жоспарды тез орындауға болады.

- Жоспар?

- Иә, жоспар. Дұрыс емес не айттым? Өз өзіме бастықпын. Өзіме тәулікке 7-10 мың теңге жоспар белгілеймін. Оны орындағанша, үйге бармаймын. Басқаша қалай болады? Өзің есепте: 3 мыңды бірден кейінге – бензинге, қосалқы бөлшектерге, техникалық қызметке қалдырамын. Асыраушыға қамқорлық жасау қажет, әйтпесе ештеңе шықпайды, - ол соңғы сөзін жылылықпен айтты. – Менің біліміммен қарапайым жұмыста қандай жалақы болсын? 70-100 мың теңге. Ал бұл жерден 150-250 мың табамын. Айырмашылық үлкен, иә. Ол неге байланысты? Ештеңеге емес. Кейде жолың болады. Денсаулық бар кезде жұмыс істеймін. Мына жерде түрлі адамдар бар. Негізінен вахтада жұмыс істейтіндер – олар бір ай бойы үйлерінде жатсын ба? Ақымақтар да, жастар да, зейнеткерлер де көп.

- Сіздердің көптеген нүктелеріңіз букмекерлік кеңселердің жанында орналасқанын байқадым. Неліктен?

Таксист ернін тістеп, әрі қарай сөйлескісі келмей, музыка қосып қойды:

- Мен жалпы құмар ойындарын ойнамаймын, - деді ол қоштасар сәтте. – Үш балам бар, әйелімнің аяғы ауыр.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Автор түсірген және Б.Меңдешовтің мұрағатынан алынған суреттер

3 сәуір 2018, 11:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.