Атырау, 24 қараша 12:28
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бір оқпен үш қоян атады

4 141 просмотра

Өткен жылы «Қазақтелеком» АҚ байланыспен қамту инфрақұрылымын бұзып, жаңа FTTH (Fiber to the home - үйге дейін оптикалық-талшық) оптикалық-талшықты жүйесін  қосу туралы кең ауқымды акция жөнінде жариялаған болатын. 2014 жылдың аяғына қарай жаңа жүйе Атырауды толықтай қамтуы тиіс. Алайда тұрғындардың жаңалықты енгізу әдістеріне қатысты сауалдары бар екен.

 

«ПӘТЕРІМІЗДІ БҮЛДІРГІМІЗ КЕЛМЕЙДІ»

Науқан қызған шақта редакциямызға қала тұрғыны Ольгадан хат келіп түсті. Оған таяу арада пәтер ішіне кабель жүргізіп, жаңа жүйе қызметімен қамту үшін «Қазақтелеком» қызметкерлері келген екен.

Түсіндіре кетейін, GPON технологиясы (кең жолақты интернетті дамыту бағдарламасының бір бөлігі) бойынша абонентке ONT жабдығы орнатылады. Оған үйдегі 3 құрылғыны: компьютерді, телефонды және теледидарды қосуға болады. Осылайша, абонент бір розеткадан толық телекоммуникациялық қызмет пакетін: iD Phone телефониясының қызметін, интерактивті iD TV теледидарын және iD Net брендімен жоғары жылдамдықта (100 Мбит/с-қа дейінгі жылдамдықты қамтиды) Интернетке кіруге қол жеткізеді.

Алайда қала тұрғынын кейбір нәрселер қынжылтыпты: біріншіден, ONT жабдығы электрлі, егер ток көзі айырылып қалған жағдайда абонент апат қызметіне қоңырау соғу мүмкіндігін жоғалтады. Екіншіден, кабельді жүргізу үшін пәтерге подъезден тесіп саңылау жасалады, содан кейін кабельді жақын маңдағы розеткаға дейін тартады.

Тағы бір қала тұрғыны Альфияның пәтеріне келген монтерлар электр желісіне зақым келтірген. Ал міндетті түрде жаңа нөмірге ауыстырылатын жаңа жүйеге қосылғаннан кейін телефонияға қатысты проблемалар басталған. Бұдан басқа, подъездегі және пәтердің ішіндегі тесілген саңылаулар әлі күнге дейін бітелмепті.

 

КОРЕЯДАҒЫДАЙ БОЛАДЫ

Электр монтерлары жұмыстар жүргізу кезінде абоненттердің тілектерін ескермей, неге өздеріне қолайлы етіп өткізеді? Неліктен сыртқы және пәтерішілік саңылаулар бітелмейді? Егер абоненттердің бәріне бірдей интернет қажет болмаса, науқан не үшін жаппай сипат алған?

Осы және өзге де сұрақтарды мен «Қазақтелеком» АҚ-на жолдаған едім. Оның басшылығы осыған қатысты баспасөз-конференциясын өткізді. Оған Атырау облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры Ерсайын ДҮЙСЕМӘЛИЕВ, техникалық директор Нұрлан МАКУЛОВ жәнекоммерциялық директор Нұрбол ҚАПАРОВ қатысты.

Журналистерге қазiргi мыс желiлердің тек қана телефония қызметінің түрлерiн ұсынуға арналғанын және интернеттiң мүмкiндiктерiн айтарлықтай шектегенін әңгiмеледi. Сондықтан байланыс және ақпарат министрлігі «Қазақтелеком» алдына озық елдер деңгейіне шығу міндетін қойды. Оңтүстік Корея тәжірибесін қолдану бағдарға алынған. Алдымен стансалар арасындағы оптикалық-талшықты байланыс ретке келтірілді. Ал енді абоненттерге жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Бір қызығы, байланысшылар стансадан клиентке дейінгі учаскені электрмен қамтудың қажеті жоқтығын жаңа байланыстың артықшылығы деп атап отыр. Егер бұрын тұрғын ықшам ауданда электр энергиясы ажыратылса жүйе де айырылып қалатын, ал жаңа технология бойынша ол белсенді күйде қала береді.

- Алайда FTTH желісінің кемшілігі – электр қуаты болмаған жағдайда ONT жабдығы жұмыс жасамайды ғой.

Макулов:

- Біріншіден, жарық бұрынғыдай жиі өшпейді. Ал екіншіден, абонент кез-келген компьютерлік техника дүкендерінен сатып алуға болатын резервтік қуат көзі арқылы ONT-ні қоса алады.

- Яғни, абонент оны өз есебінен сатып алуы керек пе? Ал жабдық қанша электр қуатын тұтынады? Жаңа технологияға көшкеннен кейін қызмет құны өзгермей ме?

- Электр энергиясын тұтынуға келер болсақ, ONT жабдығына өте аз кетеді: айына 6 КВттай кетеді. 1 КВт құны – 7 теңге, абонент айына 42 теңге төлейді.Егер бұрын абонент интернетке кіру үшін модем сатып алатын болса, енді біз ONT жабдығын біздің қызметімізді пайдаланған кезде тегін ұсынамыз. Желілеріміздің өткізу қабілеті жоғары болған жағдайда тарифтер бұрынғы деңгейде сақталып қалады. Кең жолақты интернетке кіру бағасы алдағы уақытта төмендей береді.

- Ал телефонияға ше?

Дүйсемәлиев:

- Телефония қызметтің реттелетін түріне жатады. Оның тарифін үкімет белгілеп отырады. Ал негізінен азғана табысы бар адамдар тұратын ауылдық жерге жұмсалатын шығындарды штатты ұстау және желіні жұмыс жағдайында қамту шығындарымен салыстыруға келмейді.  Ұлттық компания болғандықтан, халыққа қолжетімді баға бойынша қызмет көрсетеміз.   

- Ал егер жабдық электр энергиясында іркілістер болған кезде жанып кетсе ше?

Макулов:

- Біз акт жасап, оны тегін ауыстырамыз. Оптикалық-талшықты желіні пайдалану тәжірибесі жабдықтың өте сирек істен шығатынын көрсетіп отыр -  шамамен 10 мың халыққа 16 жағдай орын алады.

 

ӘЖЕЙГЕ МҰНЫҢ КЕРЕГІ ҚАНША?

- Интернеттің қажеті жоқ әжейдің пәтеріне жаңа жабдықтың керегі не?

Қапаров:

- Әзірге екі технология қатар жұмыс істейтін болады, ал, олардың қосылуы абоненттің қалауы бойынша жүргізіледі, ол негізінен  интернет қолданатын қалалықтарға қатысты. Қазір 6 портты және  Wi-Fi желісі бар қондырғыларды орнату жүргізілуде. Ал, болашақта интернетті қажет етпейтін  адамдар үшін шектеулі порттары бар қондырғыны орнататын боламыз. Алайда, мыс желілердің бірте-бірте өндірістен алынып жатқандығын атай кеткеніміз жөн. Олар өндірісте 2017 жылға дейін ғана қолданылады, ал кейін біз толығымен оптикаға көшуге мәжбүр боламыз. Айта кетейік, бүгінгі күні біз  биылғы жылдың жоспарынан қалып келеміз: шамамен 6 200 абонент  қосылуға тиіс болса, бүгінгі күні біздердің пәтер иелерімен кездесе алмауымыздың салдарынан бар-жоғы 2 мың абонентті  қостық. Кейде олар біздерді айқаймен қарсы алады.

- Тұрғындарды түсінуге болады. Олар бізге сіздердің қызметкерлеріңіздің сапасыз жұмысына, яғни, тұрғындардың айтуынша, подъездер мен пәтерлердің қабырғасын ойып, тесіп кеткен әрекеттеріңізге шағымданады.

- Сапалы және тиімді жұмыс атқару үшін біз 5 бригада құрдық. Техникалық қызметкерлер арнаулы оқу курстарынан өтті. Абоненттің пәтерінде кабельдер үй иесінің қалауымен жүргізіледі. Ұсынымдарға сәйкес, кабель-каналдар подъезд қабырғаларындағы басқа коммуникациялық желілерге кедергі келтірмеуі тиіс. Алдымен қабырғаларда жасырын электр желілерінің бар-жоғы тексеріліп алынуы керек. Ал, орнатылған кабель-каналдар подъездердің сыртқы түрін бұзбауы тиіс. Олар қабырғаға мұқият бекітіліп, кабель жан-жаққа шашырамай, жинақы күйде пәтерге тартылуы керек. 2-ші кезең аясында 2012 жылы жеке секторды қамту көзделіп отыр: Көктем ықшам ауданында – 700 үй, Балауса ықшам ауданында – 700 үй. Махамбет көшесі, Абай, Сәтбаев, Азаттық даңғылдары, Алмагүл, Привокзальный, Орталық, Сарыарқа ықшам аудандарындағы көппәтерлік үйлер де бар. Сондай-ақ, FTTH желісіне қаланың 45 мектебін көшіру жоспарланып отыр.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

 

P.S. біздің оқырманымыз Ольгадан: «Күйеуім осынау «қорқынышты» кабель қорабын пәтер ішіне тартпай, жай ғана есептегіштен розеткаға өткізу керек деген ойға келді. Әрине, оның машақаты көп болғанымен, мұндай шешімге келуіміз бізге пәтер қабырғаларын бүлдіруге жол бермеді. Яғни, менің күйеуім тапқырлық танытты, ал телекоммуникациялар дирекциясының орындаушыларынан ондай ұсыныстар түскен жоқ, сөйтіп, олар біздің көршілеріміздің қабырғаларын бүлдіріп кетті».

30 мамыр 2012, 17:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.