Атырау, 24 қараша 12:43
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тұздыкөл - дала дәрігері

21 893 просмотра

Индербор поселкесінен15 шақырым жердегі Тұздыкөлде болғандар оның суының емдік шипасы бар екенін айтып жүр. Жергілікті тұрғындар  да нық сеніммен бұл көлдің суы мен қара балшығының өзі тек буын емес, демікпе, бронхит, гинекология сияқты көптеген сырқаттарға бірден-бір ем деп есептейді

ТАБИҒАТТЫҢ СЫЙЛЫҒЫ

Индердегі тұзды күмбезде Менделеев кестесінің 16 түрлі қазба байлығы «жасырынып» жатыр. Тұздыкөлдің солтүстік жағы Индер тауымен қоршалған, Оңтүстік жағалауы жазық. Тұздың мемлекетке есепке алынған қоры 647 млн. тонна шамасында. Оны «Тұз» ЖШС өндіріп жатыр. Ал біздің айтпағымыз басқа, өңірдегі тұйықкөл - осыаймақтағы табиғат ғажайыптарының бірі. Көктемде суы молайып, жазда тайыздайды. Жергілікті мамандардың айтуынша, тұзды күмбезтаудың 34 метр тереңдігінде су қоры бар. Таудың сазды қабаттары арасынан шыққан «күркіреуік» деп аталатын бұлақтардан тұз көлі үнемі толығып отырады.

Тұз көлі 500 метртереңдікте орналасқан. Көл суының құрамында бром, калий, аздаған йод, ас тұзы бар. Көлдің қара балшығы түрлі ауруларға ем. Көз қарықтырар тұз көлінен 30 шақырымдай қашықтықта МАЛАЙСАРЫ бидің,  батыр Махамбет ӨТЕМІСҰЛЫНЫҢ,  ақын Мұрат МӨҢКЕҰЛЫНЫҢ мазарлары бар.

1978 жылы Тұздыкөлге Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед ҚОНАЕВ ат басын тіреп келді. Ол тоқтаған жерге «Димаш төбе» атауы  берілген.

Тұздыкөлдің суы мен қара балшығының қасиеттілігі ерте бастан белгілі болған. Көнекөздердің айтуынша, жанына жалау, сырқатына ем іздегендер бұрын алыстан да ат арбамен келіп тұрыпты. Бүгінге дейін де солай болғанымен, шипалы жер толыққанды ел игілігіне айналмай отыр.

Тұздыкөлдің емдік қасиетін білу мақсатымен 1979 жылы Кеңестер Одағының Ресейдегі Минералды сулар аймағындағы Курортология институтына өтініш жасалып, 1980 жылы институттан ресми жауап келген. Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, зертханаға жіберілген балшық, оның бетіндегі көпіршікке талдау жасалынып, «ферменттер мен дәрумендерге бай» деген қорытынды жасалған. Ең өкініштісі, кейін сол құжаттар белгісіз жағдайда жоғалып кеткен.

     

ДӘРІГЕР МЕН ГЕОЛОГТЫҢ КЕҢЕСТЕРІ

…Ақ айдын болып ұзыннан шұбақ жатқан тұз көлі көз қарықтырады. Оған жету үшін 15 метр жарқабақтан төмен түсу керек. Таудан сылдырай аққан сап-салқын бұлақ суы денеңді қариды, бірақ жұп-жұмсақ. Ал көл суы көктемнің өзінде жып-жылы болып жатады. Маса шаққан, болмаса денеңде жараның ізі болса, тұзды су бірден қуырып ала жөнеледі. Шілденің шіліңгір ыстығында келгендер қара балшықты ванна етіп қабылдап жатады.

- Ғылыми тұрғыда дәлелденген бірде-бір құжат болмағандықтан, бұл көлдің немесе балшығының қасиеттілігі туралы бәлен деп кесіп кеңес айту қиын. Бұдан 32 жыл бұрын жасалған құжат жоғалып тынды, содан бері бұған ешкім басын қатырған емес.

Тек өз мамандығыма сүйене отырып айтсам, тұздың суы мен балшығы буын сырқатына ем болатынына көзім жетеді. Денедегі жара, гинекологиялық науқасы барларға да шипа болары сөзсіз. Бірақ, мұнда келуге қан қысымы жоғары немесе сырқаты асқынған науқастарға қауіпті боларын айтқым келеді. Судың құрамында күкіртсутегі бар болғандықтан, жүйкені тыныштандыруға себі тиеді, -дейді Индер аудандық ауруханасының бас дәрігері Анар ДОСПАЕВА.

Ең өкінішті жайт, Тұздыкөлге келушілерге ешқандай жағдай жасалмаған. Мидай дала, аптап ыстық. Оған әдейі көлікпен бару керек. Және түсіп болғаннан кейін жуынатын су таппайсың, қалқа болар көлеңке жоқ. Бұл жерге келу үшін шатырдан бастап, барлық керек-жарақты өзіңіз алып келесіз.

Және де байырғы геолог Хасан ҚАМАШЕВТЫҢ кеңесін қолданып көруге болады. Тұзға шілденің бастапқы күндерінен бастап, тамыздың 15-не дейін түсу керек, онда да бір рет қана. Бұл кезде нағыз ыссылық орнайды. Балшықта 10-15 минуттан артығырақ жатуға болмайды және түсу уақыты таңертеңгі 10-12, түстен кейін 17-19 сағат аралығында болуы керек. Қатты ыссылықта көл бетін бу басып, радиация қалықтап тұрады екен. Сондай-ақ, геолог бұл жерде үнемі самал жел соғып тұратындықтан, адам суық тигізіп алмауды басты назарға алғаны жөн деп санайды. Және қалың киімдерді ұмытпаған жөн. Көз қарықтырар тұздан сақтану үшін көзілдірік және басқа қалпақ кию керек.  

- Балшықтағы кішкене құрттардан қорықпау керек, ең жәрдемші солар. Сүлік сияқты сырқатыңды сорып алады. Балшық пен судың құрамында аздаған йод, магний, калий, бром бар. Әттең осыншама байлықтың елеусіз қалғаны-ай,-дейді Х. Қамашев.

 

КӘСІПКЕРЛЕР, ҚАЙДАСЫҢДАР?

Индер ауданының әкімі Берікқали САРСЕНҒАЛИЕВИндербордың қазба байлығын игеру үшін толыққанды ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу керек деп санайды. Содан кейін инвесторларды тарту кезегі тұрады. Бұл бір күннің емес, алдағы күннің еншісіндегі жоспарлар.

Жергілікті кәсіпкер Жамбыл ДӘУІТАЛИЕВ өткен жылдан бері иесіз қалған тұз көліне жанашырлық танытуды көздепті. «Димаш төбенің» тұсынан 1 гектар жерді жалға алуды ойластырған. Бүгінде құжаты біте келген.

- Тұздыкөлге шипа іздеп жан-жақтан адамдар келіп жатады. Қазақстан тұрмақ Ресейден келгендерді, бірде француздарды көрдім де таң қалдым. Бізде келушілерге қолайлы жағдай болмағандықтан, олар мұнда бір күннен артық бола алмайды.Сол себепті биыл осыннан 50 кісілік маусымдық орын ашқым келген,-дейді кәсіпкер Ж. Дәуіталиев.    

Бірақ кәсіпкер үшін Индербор поселкесінен электр энергиясын тарту қыруар қаржыны талап еткен. Бұл тығырықтан шығудың жолын іздеп, жел диірменін алуды ойластырып, Германияға тапсырыс беріп қойыпты. Ал суды көлікпен тасымақшы, өйткені көл суы ащы, тұзды.

- Мен үшін жел диірмені электр энергиясын тартудан арзанға түседі. Көлдің басында үнемі самал жел есіп тұрады, бұл жел диірмені үшін қолайлы. Бұдан кейін де сервистік қызмет етуге ынта білдіруші кәсіпкерлер көбейер деп ойлаймын. Білесіз бе, Ресейдегі Соль-Илецк көлін әдейі барып көргем, онда сервистік қызметтің түрі бар. Және кәсіпкерлер үшін табыстың көзі болып қалған. 5-6 жылдан кейін бізде де дәл солай болатынына нық сенімдімін, - дейді кәсіпкер.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

30 мамыр 2012, 17:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.