Атырау, 10 қараша 20:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Жол полициясы пәрменді ме?

3 708 просмотра

Қалалық әкімдікте таяуда өткен кеңес барысында жолдар сапасының нашарлығы әңгіме болды.

 

НЕ ҚЫЛҒАН КОМИССИЯ?

Атырау қалалық жол полициясының бастығы Марат ҚҰБАЕВТЫҢ (суретте) айтуынша, уақыт өте келе жаңа жолдар бұзылады. Әр жері ұсақ жарықтанып, содан кейін оған су құйылады, қыста ол мұз боп қатып, асфальт жабынын бүлдіреді. Құбаев жазда ұсақ сызаттарға битум құюды ұсынды, бұл жол қабатын сақтауға көмектеседі екен. Ол сондай-ақ, негізінен орталық көшелердің жолдары жөнделетіндігіне, ал басқа көшелер мен аулалар ескерусіз қалатындығына қынжылды. Әрі қарай Құбаев Азаттық даңғылының бойындағы жол бойын кеңейткен және 11 канализация люгін теріс орнатқан «Атырауинжстрой» (АИС) ЖШС-ін сынға алды: 

- Енді олар жол бөлігінің деңгейінен төмен орналасқан. Ал құдықты басып кетсе, көлік басқарылмай қалуы мүмкін. Ватутин, Әуезов, Волгоградский, Жарбосынов, Әліпов, Махамбет көшелерінде осыған ұқсас проблемалар бар. Бұдан басқа, жөндеуден кейін стандартты люктердің орнына құдықтар темір жабынмен жабылған.  

АИС директоры Анатолий БЫКОВ бұл талаптарды қабыл алмады:

- Біз тек стандартты люктерді ғана қолданамыз.

- Жол қызметкерлеріне қатысты проблемалар орын алып тұрады. Олар бізді үнемі елемейді. Бізді жұмыс комиссиясына енгізсін, - деп орнынан атып тұрды «Атырау Су Арнасы» КМК директоры Андрей ТАШЛЫКОВ.

Быков:

- Ал оның құрамында сіз тұрақты барсыз.

Ташлыков:

- Ондай түгі де жоқ. Мен сізге өткен жылдардағы ескертулерді көрсете аламын. Олардың барлығы орындалмаған күйі қалды.

Құбаев:

- Сіздерде келісім деген жоқ. АИС жол салса, Ташлыков қаза бастайтын дәстүр қалыптасқан. Әрқайсысы өзінше жұмыс жасайды да, айналғанда жол полициясы кінәлі боп қалады.

- Мәселені шешіп, АИС-пен жасалған келісім-шартты қараңыздар, онда кепілдік міндеттемелер болуы тиіс. Бір-біріңізге бас шұлғуды доғарыңыздар, - деп ашуланды қала әкімі Асқар КЕРІМОВ.

 

ЫСҚЫРЫҚ ЕШТЕҢЕ ШЕШПЕЙДІ

ІІД ЖПБ бастығы Берік АМАНГЕЛДІ Атырауда жаяу жүргіншілерді басып кету оқиғаларының жиілеп кеткендігін мәлімдеді:

- Ысқырықпен және ала таяқпен ештеңе шешпейміз. Бүкіл қалада 3 радар ғана бар, ал жылдамдық өлшегіштер жұмыс жасамайды. Қала бойынша белгіленбеген жерлерде адамдар жолды кесіп өтпес үшін жаяу жүргіншілерге арнап, Сәтбаев даңғылындағыдай металл қоршаулар орнатуды ұсынамын. Қосымша бағдаршамдар, жол белгілері қажет.

- Жазбаша ұсыныс беріңіздер, біз оларды мәслихатта көтереміз. Бірақ көп нәрсе сіздердің жұмыстарыңызға да байланысты. Неліктен Алматы мен Астанада жүргізушілер жол полициясынан қорқып, жаяу жүргіншілерді құрметтейді, ал бізде неге олай емес? Өйткені ол жерде тәртіп бар, жол полициясы кез-келген сәтте пайда болып, қатаң жазалауы мүмкін. Міне, бізге осындай қатаңдық жетіспейді, - деді А. Керімов.

- Біз жүргіншілерге арналған айыппұлдар бойынша көрсет-кіштерді 220 пайызға, ал жүргізушілер үшін – 130 пайызға көтердік. Республика бойынша 50 пайыздан астам жол-көлік оқиғасы жаяу жүргіншілерді басып кетуге қатысты болып отыр. Ал бізде 47 пайыз, -  деп айтқанынан қайтпады облыстың бас жол полициясы.

Керімов:

- Мені статистикамен қанша иландырса да, Атырауда жаяу жүргіншілер тіпті өтпе жолдардан өткенде де өздерін жайбарақат сезінбейтінін білемін. Мониторинг жүргізіңіз, қозғалысы көп жерлерге ең болмағанда бірер апта қызметкерлеріңізді қойыңыз. Осыдан кейін тәртіптің жақсарып қалатынына сенімдімін.   

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Саша ДЕНИСОВТЫҢ коллажы

30 мамыр 2012, 17:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.