Атырау, 28 қараша 13:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Линси КРЕЙН: “Мүмкін еместі сұрамаңыздар”

3 208 просмотра

«Теңізшевройл» ЖШС үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері орынбасары Линси КРЕЙН «АЖ» газетіне берген сұхбатында Қазақстан мұнайын өндірудегі Қашағаннан кейінгі инвестиция жағынан аса ауқымды саналып отырған Болашақ Кеңею Жобасы, жұмысшылар жалақысы, компания субмердігерлері жайлы сауалдарға жауап берді.

«МОДУЛЬДЕР АРЗАН ӘРІ ҚАУІПСІЗ»

- Крейн ханым, қазақстандық мердігерлер Болашақ Кеңею Жобасының модульдік құрылысы Теңіздегі онсыз да аз жергілікті құрылымды мүлдем  төмендетіп жібереді деп қауіптенеді. Өйткені, барлық көлемді жұмыс ауқымы  батыс Еуропа зауыттарына беріледі, ал бұл  жобаның қымбаттауына әкеліп соқтырады деп санайды. Бұл пікір біздің  және  бірқатар басылым беттерінен көрінгенімен, компания өз ұстанымын білдірген жоқ. Сізге әңгіме жалпы қазақстандық қоғам мүддесі туралы болып отырғаны түсінікті болар?

- Менің ойымша, адамдар компанияның болашақ кеңею жобасы туралы идеясын толық түсінбей жүрген тәрізді. Компанияның бір менджері советтік кезеңде құрылыстардың блоктармен жүргізілгенін айтқан еді. Соған қарап модуль ұғымы елді конфузға түсірді ме деймін. Жұмыс көлемі азаятыны жасырын емес әрине. Бірақ уақытты  үнемдеу жағынан компания  көп нәрсені  ұтады. Оның үстіне ойлаңызшы, Теңіздің территориясында сол құрылыстың бәрін жүргізуді көз алдыңызға елестете аласыз ба? Егер ол жерде жобаға қатысты жұмыстардың бәрі  жүзеге асатын болса 40 мыңнан астам адамды жұмысқа тартуға тура келеді. Ол жерде кез келген сәтте күкіртті газ выбросы болуы мүмкін екенін жоқққа шығаруға болмайды. Сондықтан дұрысы дайын модульдарды әкеліп Теңізде құру. Дегенмен олар Қазақстанның түрлі өндірістерінде  дайындалатынын ескеруіміз қажет. Бұл компанияға бір мезгілде түрлі жұмыстарды жүзеге асыруға және процессті тиімді басқаруға мүмкіндік береді.  Осы мақсатта компания мамандары республиканың барлық аймақтарын аралап, оның өндірістік қуаттылығымен танысып қайтты. Қандай компаниялар металлоконстуркциялар шығарумен айалысады, олардың статустары қандай, олар бұрын бізге қандай өнім ұсынды, оның сапасы қандай болып еді деген тәрізді сауалдарға нақты жауап іздеді. Әрине, Қазақстанда  шығаруға мүмкін модульдар осында жасалады. Бірақ сіз білесіз бе, бұл жобаның ішінде құрылымы өте күрделі эстакадалар бар. Оларды игеруге көлемі жағынан да, технологиясы жағынан да қазақстандық зауыттардың әлі де, қаражаты да жете бермейтінін мойындау  қажет. Бір мысал айтайын, бізге осы жобада өте қажетті  шикі газды айдайтын компрессорлар бар. Оны тіпті  АҚШ-та да жасай алмайды. Сондықтан америкалықтардың өзі оны Италиядан сатып алады. Сол себепті оны біз де Италиядан алып жатырмыз.

Жоба  өте ауқымды, онда барлық жергілікті мердігерлерге жұмыс жетеді. Әсіресе, Қашаған жобасы қайта-қайта тоқтатылып тұрған сәтте  Болашақ Кеңею Жобасы тек облыс үшін ғана емес, тұтас Қазақстан үшін ауқымды  жоба екені рас. Жобаға 15 мың жұмыс күші тартылатыны, онда Қазақстанның  басқа қалалары да қалыс қалмайтынын қайталай берудің қажеті жоқ шығар.

- Дегенмен елдің назарын тігіп отырған жобаның басталу мерзімі әлі күнге нақты айтылмай келеді...

- Болашақ Кеңею Жобасы бірнеше сатылы кезеңдермен жүзеге асады. Оның дәл басталу уақытын айту өте қиын. Себебі әлі  серіктестер бекітуден өткен жоқ.  Біз  әр долларды Қазмұнайгаздың, Эксонмобил мен Лукарконың шешімімен ғана жұмсайтынымызды айтқым келеді. Серіктестер ақша бөлген соң алғашқы кезеңде құрылыс алаңдарын дайындау, подъездік жолдар, қоймалар салу тәрізді жұмыстар жүргізіле бастайды. Сөйтсе де бұл фазаның жоба бекітілген соң 1,5 жылдан соң (шамамен 2013 жылдың жартысы болуы мүмкін) басталатынын айтуға болады.

 

БАС МЕРДІГЕР БЕЛГІСІЗ

- Болашақ Кеңею Жобасында қанша бас мердігер болады деп жоспарланып отыр?

- Жалпы ТШО ұзын саны  354  мердігермен жұмыс істейді. Біз оларды  «бас мердігер» деп атамаймыз, біз үшін олар материалдық және техникалық қамтамасыз ету және құрылыс жұмыстары жетекшісі ғана. Бірақ Болашақ Кеңею Жобасының бас мердігері әлі белгісіз. Оны жоғарыда айтқандай серіктестер нақтылаған жоқ.. Ал бұған дейінгі екінші кезең зауытында жоба жетекшісі – PFD болды. Біз сол жобада қазақстандық құрам үшін 2 млрд доллар жұмсап, 200-ден астам қазақстандық компанияларды тартқан едік. Сол жобадан алған сабағымыз бен потенциалды ары қарай дамытпасақ, төмендетпейміз.

 

ҚЫСЫМДЫ БАСҚАРУ – БӨЛЕК ЖОБА

- Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы  Болашақ Кеңею Жобасының  бір саласы  санала ма?

- Жоқ, ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы  Болашақ Кеңею Жобасынан бөлек ірі жоба. Оны компания Кеңею жобасынсыз да жүзеге асырған болар еді. Оның бастапқы этапында 20  қазақстандық мердігер тартылған болатын, олар жұмысын жалғастырып жатыр. Олар зерттеу, барлау, техникалық мәселелер мен қоршаған ортаға зиянды бақылау жұмыстарымен айналысып жатыр. Сондай-ақ қазақстандық компаниялар қызмет көрсету мен жеткізу  жұмыстарына тартылады.

Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасыныңбас мердігері ендігі анықталған -KPJV. Эскиздік жобалау жұмыстарын жүргізуді ТШО бас мердігер ретінде жобалау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, құрылыс жұмыстарымен айналысатын қазақстандық жобалау институттары («КГНТ» ЖШС мен «КИНГ» АҚ) және екі шетелдік компания серіктестігінен құрылған - «KPJV» бірлескен кәсіпорынына тапсырған.

 

«ЖАЛАҚЫНЫ МЕРДІГЕР БІЛЕДІ»

- Еңбек департаменті ТШО-дағы қазақстандық жұмысшылардың жалақысы көтерілетіні туралы ақпарат таратты. Оның мердігердердің сағаттық ставкасы тарифі индексикациясына қатысы бар ма? Себебі  мердігерлер қарапайым жұмысшылар жалақысының көтерілмеуін, олардың тарифтік ставкасын ТШО-ның бекітпеуімен түсіндіреді.

- Басты әңгіме мердігер мен компания арасында жүргізіледі. Бәрі контрактілер типіне байланысты. Шынында да, біз контарктілерге белгілі бір ставка қоятынымыз рас. Кей контарктілер қайтарылымды түрде жасалады. Мәселен, мердігерлердің жұмысшылары белгілі мерзімге белгілі бір ставкамен тартылды делік. Егер мердігермен келіскендей жұмысшы қызметі үшін сағатына айталық 50 доллар делінсе, оның 4 сағаты үшін 200 доллар төлейміз.  Контарктінің тағы бір түрі - мердігер атақаратын жұмысы үшін белгілі бір сомаға келіседі. Айталық, мердігер белгілі жұмыс көлемін 3 млн долларға орындап беруге компаниямен шарт жасасады. Одан әрі ол оны қалай бөледі біз оған араласа алмаймыз. Бірақ ТШО өзінің барлық мердігерлерінен  қызметкерлеріне барлық жағдайды жасауды талап етеді, сапалы тағам мен жайлы жұмыс орынымен қамтамасыз ету деген сияқты. Егер ондай жағдай жасалмайтын болса ТШО жай ғана жұмыс істеуден бас тартады.

- Ендеше компания тарапынан белгілі бір бақылау бар деген сөз ғой.

- Мен мұны тіпті бақылау емес, тек әсер ету деп атаған болар едім. Мердігерлер проблемалы компаниялармен ТШО-ның жұмыс істемейтінін жақсы біледі. Бірақ бір нәрсені анықтап алайық. Біз субмердігермен емес, тек бас мердігермен қарым қатынасымызға бақылау жасаймыз. Басты талабымыз Қазақстан еңбек заңдарының сақталуы. Барлық мердігерлерімізге аудит жасап отырамыз. Олардың персоналдарымен өткізетін жиылыстарына қатысып, пікірлерін тыңдаймыз. Әрине, басты тапсырыс беруші ретінде бұл мәселені енді көтерілмейтін етіп шешіңдер немесе түзетіңдер деп бұйрық беруге болар еді. Бірақ компания саясаты мұндай  тікелей бақылауға жол бермейді.

 

«БІЗДЕГІ ТЕНДЕРЛЕР АШЫҚ»

- Біздің белсенді ақпарат көздеріміздің бірі, компанияның бұрынғы мердігері  ТШО-дағы тендер өткізу жайлы өз көзқарасын ортаға салған еді.  Оның ақпаратын Тшо-дағы тендер процесстеріне қатысты үлкен аналитикалық зерттеу ретінде қарауға болады. Дегенмен соның ішіндегі  бірнеше маңызды мәселеге тоқталғым келеді.  Мәселен, тендер  өтіп болған соң  компания «тендерлік ұсыныстарды бағалай келе, сіздің  компанияңыздың бұл тендердің жеңімпазы болып танылмағанын хабарлаймыз» деген бір бет қағаз береді. Ал ТШО-ға мердігер болуға талпынған компаниялар не себепті сыннан сүрінгендерін білмей дал болады.  Ал жоғарыда өзіңіз айтқан аудит  өткізу кезінде, сіздердің бұрынғы мердігеріңіздің  пікірінше  әлдебір түсініксіз екі сатылы стандарттар қолданылады. Компания менеджерлері әлдебір фирманың  мүддесін жақтап, жұмыстағы кемшіліктерге қарамастан аудиттік баллын жоғары қояды. Мердігерлерді бағалау көбіне бір ғана жоба жетекшісі шешімімен шектеледі және т.б.

- Меніңше, бұл адамның пікірі тек пенделік қана. Білесіз бе, мен мұнайгаз саласында 15 жылдан астам жұмыс істеймін. Алғашқы еңбек жылдарында мен де дәл осы адамдай ойда болдым. Неге сұхбат кезінде менің емес, басқа біреудің жолы  болып кетті, бұл жерде мен білмейтін бір нәрсе болуы мүмкін деп санайтынмын. Кейін ол адамның кәсібилігі менен жоғары екендігіне көз жеткіздім. Сол сияқты жағдай деп санаймын, әйтпесе, аудит бізде  өте  қатал және күрделі процесс. ТШО мәлімттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін электронды іздеу процесімен жұмыс істейді. Ол әлемдегі ең мықты жүйе болып есептеледі. ТШО-дағы тендер процесі мұнайгаз индустриясы саласындағы үлгі болып саналады. Біз тендерлерге қатысатын жергілікті компаниялардың толық тізімін жасаймыз. Ол компаниялардың ұсыныстарын қарауға әділ әрі аудит арқылы бағалайтын ТШО мамандары тартылған. Оған біреудің ықпал етуі мүмкін емес. Бізге реніші бар адамды неге алып келмедіңіз? Егер ол инкогнито күйінде қалғысы келсе біздің компаниядағы жедел желілерімізді пайдалансын. Кез келген анонимдік болса да хабарлама тексерусіз қалмайтынына кепілдік беремін. Ал мердігерлер ең алдымен сапасы, бәсекеге қабілеттілігі, техника қауіпсіздігін сақтау деңгейі тәрізді тізбелей беруге болатын сан салалы критерийлерден өтеді.

 

«ИГІЛІКТЕН» ҚАНДАЙ ПАЙДА БАР?

- ТШО көптеген әлеуметтік  жобаларға инвестиция салып келеді және жарнамалап айтып  жатады. Соның бірі жалпы сомасы 60 млн доллар қаржы жұмсалған «Игілік» бағдарламасы. Ол бағдарламалардың тиімділігі, сапасы мен қаржының орынды жұмсалуына мониторинг жасала ма?

- Бұған дейін компания  өз ішінде сараптама жасайтын. Енді біз осы мақсатта арнайы матрицалар құрып жатырмыз. Яғни, біз қаржыландырған бағдарламалардан халыққа қандай пайда келді деген сауалға жауап іздейтін боламыз. Бір сөзбен айтқанда, бағалау мен аудит жасаймыз және оның  қорытындысы жарияланады.

 

«ҚҰЛСАРЫГАЗДАН СҰРАҢЫЗ»

- Сіз қатысқан Жылой-ТШО консультативтік кеңесінің бірінде жергілікті халық үшін аса маңызды мәселе газ неге  қымбаттай береді деген сауал қойылған еді. Бірақ оған нақты ешкім жауап бермеді.

- Шын мәніне келгенде ТШО компанияларға  газды төмен бағамен ұсынады. Біз 2009 жылдан бері газ бағасын өзгерткен емеспіз.  Ақша құнсызданып жатқан кезде де  біз газ бағасын сол кездегі  доллар курсы - 120 теңгеден ауытқытқанымыз жоқ. Сондықтан егер газды тұтынушыларға жеткізуші «Құлсарыгаз» өздерінің шығындарына орай оның  бағасын қымбаттатып жатса оған ТШО-ның қатысы жоқ. Оның үстіне  бұл бағалар Табиғи монополияны реттеу агенттігі бақылауында, ендеше  өз басымызға бәле  тілеудің бізге  де қажеті шамалы.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Сәния ТОЙКЕН

“АЖ” АНЫҚТАМАСЫ

Болашақ Кеңею Жобасының құны - 20 млрд доллар. Жобаның болжалды аяқталу мерзімі 2017-2018 жылдар. Бұл жоба ТШО-ға  мұнай өндіру көлемін 25 млн тоннадан 36 млн тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Биыл ТШО тағы екі ірі жобаны іске асырмақ. Ол Екінші Кезең Зауыты мен Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы. Бұдан бөлек Теңізде тағы да  үш-төрт жаңа ұңғылар іске қосылатын болады.

30 мамыр 2012, 16:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.