Атырау, 11 желтоқсан 12:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Экологтар 14 миллионның қайда кеткенін түсінбеді

4 186 просмотра

Ғабдол Сланов атындағы жаңа кітапхана ғимаратында (әуежай жақта) «Жоғары антропогендік әсер жағдайында Солтүстік- Шығыс Каспийдің жануарлар дүниесінің  жай-күйін зерттеу» қорытындыларын талқылау жөнінде дөңгелек үстел болып өтті.

Осы қажетті зерттеуді жүргізуге тапсырыс беруші облыстық әкімдіктің табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы екендігі сөзсіз. Тендерді «Қазэкожоба» ЖШС ұтып алған. Бейресми дерек көздерден анықталғандай (өйткені бюджет сомасын бөлу үлкен құпия ғой), зерттеу жалпы сомасы 14 миллион теңгеге 2010 жылдың мамырынан қараша айына дейінгі аралықта жүргізілген. Бұл шамамен 90 мың доллар.

Алайда тендер тапсырмасы бойынша жоспарланған жұмыс көлемі мен нәтижелері туралы түсіндірудің орнына, дөңгелек үстелдің модераторы, облыстық мәслихаттың депутаты Мағауия ШЫРДАБАЕВ қатысушыларға Қазақ қолданбалы экология агенттігіне тапсырыс берген «Аджип» компаниясының жетістіктері туралы тыңдауды ұсынды. Депутат «Қазэкожоба» жұмысы туралы есептің әкімдік қабырғасында әлденеше рет тыңдалғанын уәж етті.

Экология агенттігінің өкілі Василий СКОЛЬЗКИЙ өз баяндамасында атап өткендей, Солтүстік Каспийді жоспарлы көп жылдық зерттеумен қашағандық кеніш операторынан басқа ешкім айналыспайды екен. Ал мемлекеттік мониторинг эпизодтық сипатқа ие. «Теңізде «Аджиптің» екі жүзден астам зерттеу стансалары (нүктелері) бар. Зерттеу нәтижелері шынайы жоғарғы деңгейде, алайда неліктен халықтың бізге сенбейтіндігін түсінбеймін», - деді Скользкий. Бұл жерде «Аджип» өкілдерінің 2003 жылы күзде жыл құстарының жаппай қырылуына қатысты мәлімдемесін қалай еске түсірмеске?! Өлі құстарды Ақтоты аралында «Сұңқар» бұрғылау баржасы мен мұнайшылардың кемелерінен тапқан. Қанаттылар қырылғаннан кейін жергілікті бақылаушы органдар өкілдерінің қатысуымен комиссия құрылуын күтпестен аджиптіктер оқиға ізін жойып, құстардың өлігінің көпшілігін өртеп жіберуді ұйғарған. Содан кейін, құстар, бәлкім, ұзақ ұшқан соң шаршағандықтан сеспей құлаған шығар деп мәлімдеді (!). Енді, Скользкий мырзаға, біздің неліктен қаржысын консорциум төлейтін зерттеуге сене алмайтынымыз түсінікті шығар деп үміттенемін. Мейлі, ол құстардың, майшабақтардың немесе Каспий итбалықтарының қырылуы болса да.

Айтпақшы, итбалықтар туралы. Дөңгелек үстелде итбалық үйірінің санын есептеуде әжептәуір айырмашылықтар бар екендігі аңғарылды. Ресейлік тараптың мәліметтері бойынша – 300 мың бас, ал қазақстандық мәліметте – 90-нан 120 мыңға дейін. Осыған қатысты пікірталастар әлі күнге жалғасуда. Осы аптада «Аджип» пен «Каспий теңізінің әр алуан биотіршілігі бойынша Дарвиндік жоба» қаржысының қолдауымен Қазақстанның, Ресейдің, Норвегияның, Англияның және Эстонияның ғалымдар тобы Каспий итбалықтарын кезекті есептеумен айналыспақ.

Баяндамашы, сондай-ақ, су басқан ұңғылардың апатты ахуалын ерекше атап өтті. Олар өткен ғасырдың 50-70 жылдары құрлықта тоқтатылып қойылған еді. Ал енді су астында қалған металл конструкциялар таттанып жатыр. Олардың нақты санын әлі күнге дейін ешкім білмейді, Атырау мен Маңғыстау облыстарының аумағында шамамен екі мыңдай деп есептеледі.

- Бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Бұған депутат ретінде сіз назар аударсаңыз екен, - деді ғалым Шырдабаевқа. – Каспийдегі кез-келген апат кез-келген теңіз операцияларына әсер етеді.

- Егер ұңғының нақты санын білмесеңіз, бізді қорқытудың қажеті жоқ, - деп үн қатты депутат.

«Қазэкожоба» атынан жалғыз ғана ихтиолог Асқар КАМЕЛОВ сөз алды. Ол 2003-тен 2009-шы жыл аралығындағы ескірген мәліметтерге сүйеніп, бекіре тұқымдастар үйіріне қатысты апатты ахуалды суреттеді. Солтүстік Каспийдегі теңіз суы мен су түбіндегі шөгінділердің сапасын орташа ластанған деп сипаттады. Стансалардың көпшілігінен алынған сынамалар мыс пен темір бойынша шектеулі мөлшер коэффициенті екі есе асып кеткенін көрсеткен. Сол жерде қызықты жайт анықталды – бекіре тұқымдастардың ағзалары мен тіндерінде ауыр металдың болуына талдау жасау үшін браконьерлерден алынған балықтар ұсынылған. Мұндай күмәнді шараға қызыл балықты аулауға рұқсат жоқтықтан барған. Балықтарда ауыр металдардың барлық түрлері дерлік бар боп шыққан, алайда шектеулі мөлшер коэффициентінің артуы анықталмаған.

Алайда Камеловтің баяндамасы залдан бірқатар сұрақтар туғызды.

- Бөгде жұмыстар қайталанып немесе пайдаланылған жоқ па? Сіз ғалым ретінде қандай жағдайда сақталғандығы белгісіз ескірген балыққа талдау жасауға құқығыңыз жоқ еді. Неліктен мұндай жағдайда тендердің техникалық шарттары өзгертілмеген? Алматыдағы зертханаға тасымалдау барысында су мен су түбіндегі шөгінді сынамалары қандай жағдайда сақталған? – деген залдан сұрақтар жауды.

- Сіздің осы жерде айтып отырғаныңызды мен өткен жылы сіздің кітабыңыздың тұсаукесерінде естідім. Соңғы уақыттағы зерттеуіңіз қайда? – деді «Глобус» ҚБ төрайымы Галина ЧЕРНОВА орынды сұрақ қойып. – Егер нәтижелері түрлі болса, әртүрлі құрылымдардың бір бірін қайталайтыны несі? Сонда біздің салық төлеушілеріміздің 14 миллион теңгесі қайда кеткен?

Ихтиологты депутат Шырдабаев құтқарып қалды. Ол еңбек кодексін сақтауға шақырып (жұма күні, жұмыс аптасы мен жұмыс күнінің аяғы дегенді алға тартып), дөңгелек үстелді «жауып», барлық сұрақтарды жазбаша түрде табиғат ресурстары мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жолдауды өтінді.

Лев ГУЗИКОВ

2 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.