18 наурызда Атырауда өткен спорттық төбет төбелесінен халықаралық турнирге Қазақстан, Украина, Өзбекстан, Осетия, Әзірбайжан елдерінен 100-ден астам төбет қатысты. Ит айқасы дәстүр бойынша қала сыртындағы Ақжар ауылында өтті.
Бұл спорттың ережесі бойынша төбеттері алаңға шыққанда иелері де бірге тор ішіне кіреді. Бірақ иттеріне 3 метр жақындауларына болмайды. Алайда бұйрық беріп, төбетінің шаршағанын көрсе, кері шығарып алуға құқылы.
Лұқпан АБЫЛАЕВ, «Тазы Төбет- Бөрібасар» федарациясының президенті, ұйымдастырушы:
- Турнир үшін ит ұстаушылар төбеттерін бірнеше жыл дайындайды. Бірақ, ескере кететін жайт, итке ешқандай зақым келмейді. Әрине, жеңіл жарақат алып қалуы мүмкін, бірақ тез сауығады. Алыс-жақын шетелдерден келген ит ұстаушылардың басын бір жерге жинағанымызға қуаныштымыз.
Турнир алдында біреулері төбеттерін сүйіп, көтеріп алып құшақтап жатса, иттері төбелескен кезде «Қане, балам, алға» , «Жарайсың, ұлым» , «Көрсет, еркек екеніңді» деп айғай салды.
- Балам деп айқай салдыңыз. Шыққан итіңіз бе, балаңыз ба?- деп сұрадым ит иелерінің бірінен.
- 12 жыл өсіріп, баптап, жазда шарбаққа, қыстыгүні сарайға салып бақтым. Жалғыз ұлыммен құрдас. Айына арыстаным үшін айына бір, қыстыгүні тіпті екі қой сойып беремін. Қатты жақсы көремін. Жұмысқа кеткенде бірінші үйді емес, алабайымды сұраймын. Соған үйдегілер ренжиді.
Александр ХУДЯКОВ, «Сатар» питомнігінің иесі, Минеральные воды қаласы, Ресей:
- Мен ит ұстайтын орным Орта-Азия төбеттерін ұстаумен және көбейтумен айналысады. Төбет пен алабайға басымдылық беріледі. ТМД елдерінде бұл іс енді дамып келе жатыр. Итті мейірімді, жүрегі кең адамдар ғана ұстауы тиіс. Әйтпесе иттің өмірін қор қылады. Батыс және Солтүстік Қазақстандардағы чемпионаттарға жиі қатысамыз. Өткен жылы әлем чемпионатында менің Самсон және Шаман деген төбеттерім финалға шықты. Бүгінгі турнирге Ресейдің 4 дүркін чемпионы, салмағы 130 кг тартатын Бульдозер деген және 83 келі Эльбрус деген екі алабай шықты, біз де - финалистпіз!
Шара соңында келген қонақтар бір-бірлеріне ит ұстаудағы әдістерімен бөлісті. Мысалы, төбеттерге құс етін беруге болмайды екен. Құстың сүйегі иттің өңешін жаралайды, сондай-ақ сұйық сүт бермеген жөн екен.
Фархат ӘБІЛОВ
Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор