Атырау, 25 қараша 18:31
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мерекелік дастарханды қалай әзірледім?

Сурет
14 304 просмотра


Ұлыстың ұлы мерекесі - Наурызда қазақтың дастарханы ет, Наурыз көже, бауырсақ, жент, тарысыз болмайды. Қазақтың деймін-ау, бұл күндері орыс дастарханы да осы тағамдарға толы.

Бұрын осы дәмді тағамдарды анам дайындайтын. Бірақ тұрмыс құрғалы бұл енді менің жауапкершілігіме көшті. Сондықтан интернетті қопарып, ұлттық тағамдар туралы кітаптарды парақтап, таныс әжелерге бірнеше рет қоңырау шалғаннан кейін азық-түлік тізімін жасап, базарға шықтым.

Наурыз көжені дайындаудың көптеген тәсілдері бар. Әр үйдің отанасы бұл тағамды тек өзіне белгілі мәзір бойынша дайындайды. Негізгі шарт - бақытты, сәттілікті, даналықты, денсаулықты, байлықты, қарқынды дамуды және жаратқанның қамқорлығында болуды білдіретін 7 қоспасы болуы керек. Менің түсінуімше, бұл су, ет, тұз, май, ұн, дәнді дақылдар және сүт, сондай-ақ, дәнді дақылдар да жетеу болуы тиіс. Бірақ, мен осы тұрғыда айтарлықтай тәжірибем болмағандықтан және тәжірибелі үй шаруасындағы әйелдердің кеңестерін ескере отырып, бұл тағамды қарапайым рецепт бойынша дайындауды ұйғардым (келесі жылы күрделендіруге уәде беремін). Менің Наурыз көжемнің негізгі құрамы: су, тұз, ет, қазы, айран, құрт, тары және арпа жармасы.

Сонымен, ең алдымен кастрюльге пісе берсін деп, жылқы, сиыр еттері мен қазыны салып қойдым. Содан кейін бауырсақ басуға кірістім. Бұл қиынға соққан жоқ, өйткені Көздіқара қыстағына барған күзгі сапарымда үй иесі Күләш апа маған қазақтың дәмді бауырсағының «құпия» ингредиенті үй қаймағы екенін айтқан болатын. Сондықтан, бірнеше минут ішінде қамырды илеп, көтерілу үшін ыстық батареяға қойдым.

Жарты сағат өткен соң, қамыр едәуір көтеріліп, оны пісіруге кірістім. Қамырды қабаттап жайып, оны бөліктерге бөліп, бірінен соң бірін қайнап жатқан майға салдым. Шыжылдаған ыстық майға түскен жұқа қамыр қабаты бірден домаланып, томпия қалды, құдды, сиқыр дерсің!

Бес минуттан кейін бірінші бауырсақ партиясы ыдысты толтырды. Қалған қамырдан шелпек пісіре қойдым.

Ет пен қазы дайын болған соң, оларды ыдысқа түсіріп алдым да сорпасына жармаларды салып, бұқтыруға қойдым. Бұл кезде қазы да суып қалды, наурыз көже мен бешбармаққа арнап, етті турадым. Әрі қарай картоп аршып, қайнаттым. Ал бешбармаққа арналған жайманы күйеуім «келіннің кемшілігі» деп атады, өйткені оларды сатып алған едім. Кемшілік кімде болмайды дейсіз, түзелемін ғой.

Итальяндықтар айтқандай, альденте, яғни, жармалар әбден дайын болған кезде, оған туралған ет пен алдын ала құрт езілген сорпаны қостым. Содан кейін қайнатпа іріп кетпес үшін үздіксіз араластыра отырып, аз-аздан айран құя бастадым. Тағы бір он бес минуттан кейін Наурыз көже дайын болды.

Үйреншікті биік үстелден бас тартып, өзімізге дастархан жайдық. Үйде аласа журнал үстелі бар болатын. Дастархан үстіндегі ас мәзірінен көз тұнады. Мен асықпай сорпа ұрттап отырғанда, күйеуім бешбармақ салынған табақтың жартысын «босатып» тастады. Отбасылық отырысымыз тәттілеп сүт қосылған шай ішумен аяқталды.

...Жалпы, бүкіл тағамдарды дайындауға төрт сағат уақытым кетті, одан соң ыдыс-аяқты жуу үшін қаншама уақыт жұмсалды, ммм..., көп келіндер менің түсінеді деп ойлаймын.


Анастасия АЛЮШИНА

Суреттерді түсірген автор


20 наурыз 2018, 10:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.