Атырау, 26 қараша 11:32
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Қазынаны тазартты. Өзенді ше?

Сурет Бейнежазба
5 059 просмотра


Атырау облысында Жайық арнасының бойындағы 16 қайраңды тазарту және тереңдету жұмыстары 1,6 млрд теңгеге шықты. Үш жылдық жоба ресми түрде орындалды деп танылды. Алайда өлшеуішпен және бұрғымен жасалған «дала тәжірибесі» «АЖ» тілшілерін бұған күмәндануға мәжбүр етті. Бұл республика қазынасы тазартылғанымен, өзен тазартылмай қалды дегенді білдіре ме? Айтпақшы, жақында өзен түбіне тағы 6,7 миллиард теңге кетеді...

КІМ НЕ ТАПСЫРЫС БЕРДІ

Жайық арнасындағы гидромелиорациялық жұмыстарға тендер 2013 жылы өткізілді, тапсырыс беруші – Атырау облыстық құрылыс басқармасы. Атырау қаласы, Индербор, Махамбет кенттеріндегі, Топайыл, Жаңаталап және Пешной ауылдарындағы гидробекеттерде жүргізілген көпжылдық өлшемдерге сәйкес, қайраңдарда өзен тереңдігі бір метрге жетпейді. Малта тастардан, қиыршық тастардан, құм мен саздан тұратын арнадағы шөгінді тұнбалар шоғырланған жерлер қайраң деп аталады. Мұндай қайраңдар арнаны бүкіл ені бойымен жауып, балықтың уылдырық шашуына және кеменің жүруіне кедергі келтіреді.

Тендерлік құжаттамада жоспарланған жұмыс көлемі Батыс Қазақстан облысының шекарасынан (Горы елді мекені) Атырау қаласына дейінгі Жайық учаскесін қамтиды. Жобада 16 қайраңды кемінде үш метр тереңдікке жеткізу қарастырылған. Тапсырыс құны 1 миллиард 598 миллион теңгені құрады. Алынған топырақтың жалпы көлемі 2,2 миллион текше метр болуы тиіс. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінді. Тендер нәтижесі бойынша «Атырау облысының шеңберінде Жайықтың су көлемін арттыру және гидрологиялық режимін жақсарту жобасының» бас мердігері болып «Павлодар өзен порты» АҚ танылды.

Сорный, Дурной, Зеленовский қайраңдарын, Топайыл, Сборный, Ақтоғай (Чумичкин), Сартоғай, Махамбет, Сарайшық, Редут, Алмалы (Қандауыр), Талқайраң ауылдарындағы, ПМК, Баклан учаскелеріндегі, Атырау шеңберінде – Жилгородок және Балықшыдағы (Курилкин) қайраңдарды тереңдету жұмыстары қарастырылды.


ӨЗЕН ТҮБІН ТЕКСЕРДІК

Біз соңғы, Балықшы қайраңының түбін ескі әдіспен - үлкен металл құбырмен «байқап көруді» ұйғардық. Бұл өзен айналмасындағы жер, енсіз Яицкий арнасы Жайықтан бөлініп, араларында арал пайда болған. Қарама-қарсы екі жағалаудың бойында Курилкино мен Жұмыскер ықшамаудандары орналасқан.

Айта кету керек, қайраңдар (немесе таяз жерлер) бұрылыстарда немесе өзеннің тармаққа бөлінетін жерлерінде түзіледі. Түрлі шөгінділерді шайып кететін үздіксіз ағын бұрылыста сәл баяулап, су түбіне жылдар бойына көрінбейтін шөгінділер түзіп, су түбінің бедерін едәуір өзгертеді.

Техникалық тапсырмаға сәйкес, Балықшы қайраңының ұзындығы 350 метр. Біз өзен бойымен және енімен он бес шақты шұңқырға бұрғылау жұмыстарын жүргіздік. Ең үлкен тереңдік - 340 см – орта жағында болды. Кем дегенде 3 метр делінген тендер талабын ескерсек, бұл өте жақсы. Бірақ, бұл өзеннің табиғи фарватеріндегі нүкте, яғни адамдардың бұған ешқандай қатысы жоқ.

Бүгінде арна бойындағы және бұрғылау жұмыстарынсыз Жайықтың тереңдігі 3-6 метр аралығында. Ал фарватерден бастап шөгінділер жинайтын өзеннің қисық доғасына қарай кететін су түбі адамның «қолы» тимеген. Алғашқы өлшем - жағалаудан 60 метр қашықтықта - 75 сантиметр. Өзеннің ортасына қарай: 79, 86, 94, 150 см. Біз қолданылған әдістің  ғылыми негізділігіне таласпаймыз, бірақ нәтиже - өзеннің ортасына дейінгі тереңдік 1 метрге жетпейді, яғни, тендерлік талаптарға сәйкес келмейді.


АРАЛҒА ШЫҒАРЫП ТАСТАЛҒАН

Әрине, жұмыстарды орындаушы табиғи лайлануға сілтеуі мүмкін, әсіресе, бұл көктемгі су тасқынынан кейін нанымды болады. Бірақ, тереңдету жұмыстарының көзге көрінетін тағы бір параметрі – бұл шығарылған топырақ көлемі. Төлем оның мөлшеріне де байланысты жүргізіледі. Техникалық тапсырмада оның болжамды көлемі текке көрсетілмеген ғой.

Балықшыдағы қайраңда оның көлемі 42 мың текше метр топырақты құрауы тиіс еді. Ол бойынша, тіпті, орындаушы Яицкий каналы мен солға қарай кететін өзен арнасы арасындағы аралға топырақ картасын дайындап қойған. Жазда бұл жерде адамдар сирек жүреді, аралға жету үшін қайық керек. Қыста да, мұз қатқан кезде бұл жер ешкімді қызықтырмайды. Бірақ біз мұз бетімен экскурсияға шықтық. Карта периметрі бойынша биіктігі 1,5 метр шамасындағы топырақ үйіндісімен қоршалған, ал алаңы 180x200 метр.

Үймек жотасына көтерілдік, ол жер бос тұр, алаң деңгейі де сондай. Біз ішіне қарай түсіп, қарама-қарсы жағына жүрдік. Алаң түбі терең жарықшақтарға толы, шамасы, біраз уақыт бұл жерде мол су болғанға ұқсайды. Алыстан жан-жағына жайылып кеткен топырақ үйіндісі көрінеді. Міне, ақыры, өзен топырағын да көрдік. Бұл жер бөлінген мидияларға, ұлу қабыршақтарына толы екен.

Мен «МКС Арна» ЖШС-нің техникалық директоры Сәрсембай ҚАРАБАЛАЕВТАН су түбінен алынып, осы жерге үйілген өзен топырағының болжамды мөлшерін есептеп беруін өтіндім. Бұл компания кеңес дәуірінен бері осындай жұмыстармен айналысып келеді.

- Көлемді есептеп шығарудың қарапайым әдісі - орташа биіктікке көбейтілген ауданнан болжамды сан шығады. Бұл жерде ең көп дегенде мың текше метр бар.  Қойыртпақты - су мен топырақтың қоспасын қарқынды айдау жұмыстары жүргізілген сияқты. Бірақ мұндай топырақ жоқтың қасы, - дейді маман.

- Мұнда жұмыс дұрыс жүргізілмеген, - деп, біздің әңгімемізге жағалауда сиырларын жайып жүрген ер адам араласты. - Мен жаз бойы осында болдым. Бақылап жүрдім. Ана жер, мына жерден, там-тұмдап қазды, сонымен болды. Жақындап барып, неге дұрыс жұмыс жасамайсыңдар деп сұрадым. Маған «бұл сенің шаруаң емес» деді.

 

БӘРІ ӨЗГЕРЕДІ

Комментарий алу үшін «Қазақстан Су Жолдары» РМҚК Атырау филиалына хабарластық. Бұл өзен мен канал түбіндегі бедерлердің өзгеруін айтпағанда, елдің су жолдарындағы кез-келген әрекет мақұлдануы тиіс кәсіпорын. Бірақ олар 2013-2017 жылдарға арналған жобаны қабылдау комиссиясының құрамына, неліктен екені белгісіз, өздерін енгізбегенін түсіндірді. Алайда бұрын олар міндетті түрде қатысу керек болатын.

«Павлодар өзен порты» басқармасы төрағасының орынбасары м.а. Мақсат СӘДУАҚАСОВ жұмыстарды Атырау облыстық құрылыс басқармасы өткен жылы қабылдағанын, ал тапсырыс беруші мен орындаушыдан басқа комиссия құрамына тек техникалық және авторлық қадағалау компаниялары енгізілгенін растады.

Сәдуақасов барлық жұмыстың техникалық талаптарға сәйкес орындалғанын айтты.

Ол тереңдікті анықтауда балтық жүйесіне (геодезиядағы биіктіктер жүйесі, жердегі нүктелердің биіктігін анықтау стандарты жобалау құжаттамасында пайдаланылады З.Б.) сілтейді. Алайда, кейінірек анықталғандай, біздің жүйемізде кемінде бұл 3 метр болуы тиіс. Қалай болғанда да, тапсырыс беруші (құрылыс басқармасы) жобаны журналистерге таныстырған кезде дәл осы көрсеткішті атады. Мағынасыз таласпау үшін мен Сәдуақасовқа өңделген жерді көрсетуді ұсындым. Ол көрсеткен жерге бұдан бірнеше күн бұрын өз өлшемдерімізді жүргізген болатынбыз. Техникалық тапсырма бойынша тиесілі 40 метр жердегі фарватерге дейін оның ең терең нүктесі - бір жарым метр болды

- Сақтау картасында 42 мың текше метр топырақ шығарылады деп жоспарланған. Бұл жерде ондай мөлшер жоқ қой.

- Неге жоқ? Сіз қателесіп тұрсыз. Сіз көзбен мөлшерлеп тұрсыз. Алайда геодезистерді тарту қажет. Біз тапсырыс берушімен және техникалық қадағалаушының мақұлдауымен 32 мыңдай топырақ шығардық. Ол жердегі көлемді азайттық, себебі түбіне күткенімізден ертерек жеттік. Оған тиісуге болмайды, егер оны бұрғыласақ, бұзып тастаймыз да арна өзгере бастайды. Махамбет ауданында ПМК-дағы қайраңда осы мәселе болды, бірақ онда керісінше, тұнған лай көп болып, қалаға қарағанда көбірек тазалау қажет болды. Осы 10 мың текшені сол жерден алдық.

- Көзбен шолып есептедік, иә. Бірақ сіз өз көзімізге сенбеуге кеңес бересіз бе?

- Ол жер біркелкі емес еді, өйткені бір кездері шаруа қожалығы егіс отырғызумен айналысты. Біз құнарлы қабатты алып тастадық. Топырақты сақтау картасын ішінен аздап тереңдеттік. Егер оларды тереңдетпесе, топырақты қойыртпақ картаға құйылған кезде бөгетті шайып, оны бұзып тастайды.

- Қаншалықты тереңдеттіңіздер?

- 15-20 сантиметрдей алып тастадық.

- Қалалық мәслихат депутаты Салтанат РАХИМОВА да тереңдету жұмыстарының сапасына қызығушылық танытып отыр. Ол облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВҚА техникалық ерекшеліктер бойынша орындалған жұмыстардың көлемін тексеру туралы ұсыныс хат жазды. Жақында хаттың жоғалып кеткені белгілі болды. Хатта ол Жильгородкадағы жұмыстарға куәгерлер табылмағанын айтады.

- Жұмыстар жүргізілген жоқ. Өйткені, тереңдік бар. Техникалық қадағалау жұмысқа кірісу қарсаңында зерттеу жүргізіп, ол жерде тереңдіктің жеткілікті екендігін анықтады. Ол жерді тереңдетудің керегі жоқ.

- Ал тапсырыс беруші нысандарды жобаға енгізген кезде мұны тексерген жоқ па?

- Жоба 2011 жылы әзірленді. Содан бері көрініс өзгерді. Жалпы Жайық құбылмалы, жылжымалы өзен.


БІР КӘСІПОРЫНМЕН ЕКІ КЕЛІСІМШАРТ

2017 жылы құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша 2017-2019 жылдары республикалық бюджеттен жалпы сомасы 6,7 млрд теңгеге - Шарон өзенінде (Шора – Еділ тармағы) - 4,8 млрд теңгеге және Яицкий каналында - 1,9 млрд теңгеге тереңдету жұмыстарын жүргізуге 2 ірі тендер өткізілді. Іріктеу критерийлері жұмыстарды жеткізушіге өз флоты болмауына (жалға алуға болады) және өте төмен баға ұсынуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде біздің облыстық құрылыс басқармасы бір көзден мемлекеттік сатып алу туралы екі келісімшартты қайтадан «Павлодар өзен порты» АҚ-мен жасады.

Жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан тамыздың аяғында ғана өтті. Тендерлер күзде өткізілді, мердігер қарашада, тереңдету маусымы аяқталған кезде іріктелді. Яғни, 2017 жылдың соңында тендер шарттарында көрсетілген әр өзен үшін 40 мың текше метр жұмыс көлемі әуел бастан орындалмайтын шарт болған.

- Келісімшарт бағасы төмен, бірақ іс жүзінде мынадай жағдайлар жиі болады: ең төменгі баға ұсынған жеткізушімен келісімшарт жасап, содан кейін мердігердің пайдасына бағаны көтереді. Мәселен, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» АҚ-ның «СемАрко» ЖШС-мен порт акваториясын кеңейту үшін тереңдету жұмыстарын орындау жөнінде жасалған келісімшарты секілді. 2015 жылдың мамыр айында 2,5 миллиард теңге сомасында келісім-шарт жасалды, ал сол жылдың желтоқсанында бағаны 7,67 миллиард теңгеге дейін көтеру туралы қосымша келісімге қол қойылды. Егер баға көтерілмейтін болса, бұл жұмыс сапасына күмән тудырады, бірақ техникалық қадағалау сапаны растайды , - дейді Қарабалеев.

МҮДДЕЛЕСТІК

Осы екі жобаның ең үлкені – Қиғашты тереңдету жұмыстарын қадағалауды «Рубин С.Т.С.» ЖШС орындайды. Бір қызығы, бұл ЖШС да танымал орындаушы секілді Павлодарда тіркелген. Тендерлік ұсынысқа сүйенсек, «Рубин» осы серіктестікке қатты қызығушылық танытқан. Қиғашты тереңдету жұмыстары үшін техникалық қадағалау бойынша лот бағасы 57,5 млн теңге болғанда, «Рубин» екі есе аз сомаға - 21,4 млн теңгеге қадағалауға дайын болған.

Тереңдету жұмыстары бойынша 2013 және 2017 жылдары тендерде ұсынылған тарифтер жұмыстардың өзіндік құнына жақын. Сондықтан көптеген компаниялар, тіпті, оған қатысудан бас тартты. Бірақ көрінеу пайдасыз келісімшарттарды қолға алғандар да бар еді. Бизнеске мемлекеттік сатып алуда өзіндік құнынан төмен жұмыс жасаудың қажеті қанша?

- Жұмысты сапасыз орындап, аузы майланған техникалық қадағалаудың тасасына жасырынып, өзіне пайда түсіру үшін жасалады. Іс жүзінде, мынадай да жағдайлар болады: техникалық қадағалау бойынша қызмет көрсетуші нөл теңге деп баға белгілейді. Ал тапсырыс беруші оны таңдауға мәжбүр болады. Мұндай демпингтік жағдайда да өтінім заңды болып саналады, тек лоттың бағасы мен демпингтік баға арасындағы айырмашылыққа кепілдік беру қажет. Бірақ құрылыс, соның ішінде тереңдету жұмыстары бойынша компаниялар мұны өзімен байланысты компания техникалық қадағалау жүргізу үшін пайдаланады.Ресми түрде мұны дәлелдеу қиын, бірақ шын мәнісінде олардың арасында өзара байланыс және өзара мүдделестік бар, - деп серіктестіктің осындай мысалдарының сипатын құрылыс саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің бірі түсіндірген еді.



Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті және бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН

19 наурыз 2018, 14:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.