Атырау, 24 желтоқсан 07:28
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Балалар үйімен қоштасу

4 595 просмотра

Ақсарбас! «Ақбота»  балалар үйі жабылады! Өйткені, интернат мекемелеріндегі балалар саны күн өткен сайын азайып келеді.

Біздер балалар мекемелерінің жабылуы қашан да даулы мәселеге, айталық, ғимаратты тартып алу немесе карантинге жабуға байланысты туындайтындығына бойымыз үйреніп кеткен. Бірақ, бұл жолы оның жабылу себебі қуантып отыр. Жетімдікті жоюға бағытталған «Қазақстан балалары» бағдарламасының арқасында бірқатар жұмыстар жүргізілді, патронатты тәрбие, бала асырап алу, қамқоршылықты дамыту үшін нормативті және материалдық база дайындалды. Балалардың жартысы жаңа отбасылы болды, енді біреулерін ақылға келген өз ата-аналары алса, тағы бір балалар тобын туысқандары қолдарына алды. Қалай болғанда да отбасындағы өмірге не жетсін!

Осының арқасында Атырау қаласындағы  екі балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны соңғы жылдары азайды. «Ақбота» балалар үйінде қалған жетімдерді №1 интернатқа орналастырмақ. Олардағы жағдай жақсы. Ал, бұрынғы балабақшаға орналасқан «Ақбота» балалар үйінің бөлмелері өте тар, балаларға  жеке-жеке орналасуға   ешқандай мүмкіндіктер жоқ. Қай уақытта да оларға барлық нәрсені көппен бөлісуге тура келеді, ал, оның психологиялық әсері де аз емес. Жалпы, интернаттың ғимараты типтік, әрбір бөлмеге 4-5 адам еркін сия береді, бір топтың еншісінде 7-8 бөлмеден бар.

 

МАРИАННА, ДИЛЯРА ЖӘНЕ МАША

Дегенмен де медальдың екі жағы тәрізді мәселе бар: жетімдер саны азайғаны жақсы-ау, бірақ олар интернат өміріне бейімделіп кете ала ма?

- Енді бізді бір-бірімізден айыратын болды, - деп мұңаяды Марианна УЛЬЯНОВА өзінің ең жақын құрбылары  Диляра мен Машаға қарап.  - Ол екеуінің туған бауырлары бар, сондықтан да олар «Шаңырақта» тұратын болар, ал, мен интернатта... жалғыз өзім қалмақпын...

Осынау жалғыз қалам деген үрейден 10 жасар қыздың жүрегі жараланып қалғандай. Және онымен бірге бір-бірімізді жұбатқандай, неге балалар үйі жабылды екен деп налысақ та, амал не, енді бәрі де жақсы болады деп оны үміттендіргендей  боламыз.

- Өткен жылы мен «Ақбота» балалар үйіне келгенімде  бұл жерде 93 бала болды, ал, бүгін – 68. Оның 11-і  мектеп түлектері.  Олар кеткенде барлығы 57 бала ғана қалады. №1 интернатта да осыған ұқсас жағдай. Осыдан 4 жыл бұрын бұл жерде 114 бала тәрбиеленді, қазір олардың саны шамамен 70-тей ғана, - деп әңгімелейді директор Гүлсара Ботатаева. Оның үстіне қазір мемлекет бұрынғыдай емес, жолы болмаған ата-аналарды құқығынан айыруға асықпайды.  

- Көп ата-аналардың  ата-аналық құқығынан айырылуды ауыртпалықтан құтылу деп түсінетіндігі тәжірибеден белгілі. Ал, бірнеше жылдардан соң бала оқып, ер жетіп, мемлекеттен баспана алған кезде олар пайда бола кетеді. Білесіз бе, балалардың  көпшілігі ата-аналарын қабылдап жатады. Өйткені, олар жылдар бойы бақытты отбасын армандаумен өмір сүреді. №1 интернаттың директоры болып қызмет еткен жылдары бізде бір отбасының  5 баласы болды. Үлкені интернаттан оқуын бітіріп шығып, ертерек үйленіп, пәтер алды. Кейін оның қолына анасы келіп тұрғандығын естідім.  Ал, бұрын ол өз анасы туралы ештеңені тыңдағысы келмейтін. Менің ойымша, бұл  ата-аналардан өз балаларының алдарындағы міндеттерін талап  етуге қалай болғанда да мүмкіндік беру керек дегенге дәлел болатын сияқты, - дейді  сеніммен Гүлсара Аманғалиқызы.

 

«БАЛАЛАРДЫ ТАСТАМАЙМЫЗ»

Ресми бұйрық әлі бола қойған жоқ, бірақ, тәрбиеленушілер егер балалар үйінде бір жанұяның балалары тұратын болса, оларды отбасылық типтегі «Шаңырақ» ауылына жіберетіндігін, ал қалғандарының №1 интернатқа баратындығын біліп отыр. Жазды балалар Железноводскідегі «Қазақстан геологі» лагерінде өткізеді, одан оралғаннан соң жаңа үйлерінде тұратын болады. 

Балалар үйінің 56 қызметкерінің болашағы әзірге белгісіз. Жұмыспен қамту орталығына қызметкерлердің жұмыстан босатылғандығы туралы ақпарат берілді, оларға енді күту керек.

- Біздің барлығымыз да еңбек өтілі көп, тәжірибелі педагогтармыз. Жұмыссыз қалмаймыз деген сенімдеміз, - дейді мектепке дейінгі бүлдіршіндер тобының тәрбиешісі Гүлнәр ОРЫНБАСАРОВА. Ол бәрінен бұрын жаңа жағдайға өз тәрбиеленушілерінің қалай бейімделіп кететіндігіне алаңдаулы. «Ақбота» балалар үйінің мектепке дейінгі балалары мектепке «Жастар жетістігі» оқу орталығы жасақтап, жүзеге асырып отырған «Бақытты балалық шақ» қосымша бағдарламасы бойынша дайындалады.  («АЖ» №49 8.12.2011 ж.. – «Бұл біз тұратын үйшік» мақаласын қараңыз). Өткен жылдың желтоқсанында жоба аяқталды, үстіміздегі жылдың сәуір айында оның екінші кезеңі басталды. Бұл жұмыстың №1 интернатта жалғасатындығы бізді қуантады.

- Біз балаларды тастамаймыз,– деп сендірді бізді оқыту орталығының жетекшісі  Наталья СТРУНЯШЕВА. – Жазғы каникулдардан соң біздің мамандарымыз – психологтар, логопед, дене тәрбиесінің жаттықтырушысы және педагогтар олармен интернатта жұмыс істейтін болады, сонымен бірге, интернат қызметкерлерімен шеберлік дәрістерін жүргізеді. Бұл сабақтар балаларға жаңа жағдайларға бейімделуге  көмектеседі.

Зульфия ИСКАЛИЕВА,

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

30 мамыр 2012, 16:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.