Атырау, 24 желтоқсан 08:19
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Театрдағы тігіншілер

7 210 просмотра

22 мамырда Махамбет ӨТЕМІСҰЛЫ атындағы драма театрында «Үш қарақшы» спектаклінің премьерасы болып өтті. Әдетте, пьеса қойылғанда оның авторының, режиссердің, актерлардың фамилиялары аталады. Ал іс жүзінде мұның бәрі сахна сыртында қалатын көп адамның еңбегі.

 

СӘНГЕРДІҢ САҒЫНЫШЫ

Театрдың ұзын-сонар дәлізінің бойында кішкене ғана бөлме бар. Оның ішінде үш әйел отырады. Күні бойына, кейде түнімен ол жерден тігін машинасының бір қалыпты ызылдаған дыбысы шығып жатады. Бұл жұмыскерлер көп жылдар бойына театр труппасы үшін киім тігеді.

- Костюмер бөлмесіне барамыз ба?– деп ұсыныс жасадым ретін тауып.

Тігін цехының меңгерушісі Гүлнар МӘДИЕВА (суретте) кілттерін сыңғырлатып:

- Қане, барсақ барайық, - деді.

«Кіруге болмайды» деп қызыл түспен жазылған маңдайшаның арғы жағы қойма екен. Ішінде театрлық киімдер өз сағаттарын күтіп жатыр, ал репертуарлардан сызылып қалған спектакльдердің костюмдері, аяқ киімдер, қалпақтардың түр-түрі бар.

Сылдырмақтары бар қалпақты басыма киіп алып, жоғары санатты сәнгер-пішуші бола тұрып, ательелерде жақсы табыс табудың орнына, неліктен 20 жылдан бері театрда жұмыс істеп келе жатырсыз, деген ыңғайсыз (сұхбаттасушымның абдырап қалған түріне қарағанда) сұрақ қойдым.

- Бір кездері ательеде жұмыс жасадым. Ол жерде не істеймін?– деп риясыз таң қалады Гүлнар апа. – Бір нәрсені қайталап тіге беретін едік: кең балақты шалбар, балағы тар шалбар, той көйлегін, мектеп бітіру кешінің көйлектерін тігеміз... Жалықтырып жібереді. Ал көкірекшелері бар, шілтерлі белдемшелері (ал оның астында шеңберлері болатын), желбіршек жеңдері бар әлдебір костюмнің орны ерекше. Шебер үшiн бұл кереметтер елi!

 

ТҮНІМЕН ІС ТІГЕМІЗ…

Театрда жаңа спектакль туралы әңгіме жүре бастаса, Гүлнар апада: «Костюмдері күрделі ме екен? Көп пе? Керемет!» деген сұрақтар пайда болады. Сол мезет цехтағы қыздарды –тігінші Айгүл АСМАҒАМБЕТОВАНЫ жәнепішуші Гүлмира БЕРНИЯЗОВАНЫ жұмыс көп болады деп (бұл түнімен отыруға тура келеді деген сөз) қуантуға алып - ұшып жүгіреді. Мұндай сөз кімге ұнай қояды? Ал оларға қатты ұнайды екен.

Драма театрының директоры Берік ЖӘМЕНОВ менің не үшін келгенімді білгенде:

- Бізде тұтас тігін цехы бар. Қаладағы ең үздік цех, - содан соң сәл ойланып, - Бәлкім, елдің үздігі болар, - деп жүзі бал-бұл жанып, текке айтпаған шығар.

Шеберлердің қолынан шыққан бір туындыға кем дегенде бір апта уақыт кететінін білген кезде, бұл пікірмен келіспеу қиын екен. Тігін цехынан шығып, костюмер бөлмесіне келгенде Гүлнар апа «өз» костюмдерін сүйсіне әңгімелей бастады:

- Ал мынау «Мольер» пьесасынан. Сол кезде қатты тер төккен едік. Қанша дегенмен он жетінші ғасыр ғой. Көрерменнің көз алдына сол дәуірдің көрінісін: сәулеттілікті, король сарайының әдемілігін жеткізуіміз керек болды... Корсеттер, баулар, желбіршектер, шілтерлер... бәрі де мүсінге сай келіп, шынайы көрінуі тиіс. Тігінші – отбасылық дәрігер секілді, бүкіл актерлар туралы, кімге не жетіспейтінін, көрерменнің қырағы көзінен нені жасыру керектігін, бәрін біледі.

Бір костюмнің тек бір адамға ғана арналып тігілетіні мәлім болды:

- Актриса басқа біреудің көйлегін кимейді. Әр адамның   сыртқы келбеті де  әртүрлі. Пьесаны ойнап шықты ма, көйлек антресольге салынады. Оны қайтадан қолымызға сирек аламыз. Кері тігетін кездеріміз болады, бірақ ол да өте сирек.

Театрда барлығы қанша костюм бар екенін тіпті өз шаруашылығын бүге-шігесіне дейін білетін костюмерлік цехтың меңгерушісі де айта алмады.

- Жылына 4-8 спектакль қойылады. Әр кейіпкерге өз костюмі керек. Бұл өте көп, - дейді тігін бөлмесіндегі жарыққа көз тастаған актриса Аннета БАЕТОВА. – Әлі есімде, біз Шекспирдің көп кейіпкерден тұратын спектаклін қойған едік. Сол кезде тігіншілеріміздің жұмысы көп болды. Кейіпкерлер де көп, оған қоса костюмдер, күрделі үлгілер... Немесе Темірлан, естеріңізде ме?

- О-о-о, – десті қызметкерлер бастарын изеп.

- Сіздер сонда үйге қонуға барып па едіңіздер әлде осында қалдыңыздар ма? – деп сұрады актриса.

- Түнгі сағат төртке дейін отырып, сағат тоғызда қайтадан жұмысқа кірісетін едік,  – деді олар күліп. – Иә, сол кезде көңілді болатын! Ал қазіргі «Үш қарақшы» спектакліне декорацияны: төбеге дейін жететін үлкен қарақшыны да тігуге тура келді. Төбеміздің биіктігін көрдіңіз бе? 14 метр материя жұмсалды. Адамдарға, әрине, одан анағұрлым аздау кетті.

- Бұлар тек шүберектер ғана ғой…

- Иә, бұл жерде оңай болды – лайықты матаны таптық та, жамауларды тiктiк, қалпақ кигіздік - костюм дайын болды. Ал біз тіккеннен кейін оларды тоздыратын костюмдер де болады.

 

ЕСКІ НӘРСЕ КӨЗ ҚУАНТАДЫ

Сөйтсек, костюмді әдейілеп тоздыру оңай шаруа емес екен. Алдымен тігіншілер жақсы шұғадан жаңа шілтерлері бар костюмді тігеді, түймелерін, ілгешіктерін қадайды... Содан кейін үтіктелген әсем киімге әлденені құяды...

- Иә, ішің удай ашиды, – дейді тігін цехындағылар. – Өкінішке орай, қойылым сұранысы бойынша костюмді бірден ескі және жыртық етіп тігетін технология жоқ. Ол алдымен жаңа болу керек, содан кейін ғана...

Айта кетелік, спектакль кезінде сахна сыртында декорацияны ауыстыратын сахна жұмысшылары секілді, тігіншілердің де болуы маңызды екен.

- Қойылым кезінде сол жерде жүреміз, – деп мойындайды олар. – Тігісі қолайсыз сәтте сөгіліп кететін, немесе актер декорацияның шегесіне киімін іліп алатын, әріптесінің етегін басып кететін кездер болады. Ал біз көрермен осынау ұсақ-түйекке алаңдамас үшін бәрін тездетіп тіге қоямыз.

Сөзімізді түйіндер болсақ, керемет театр костюмі болу үшін көп адам жұмыс істеуі тиіс: суретші ойластырып, кітаптардан, интернеттен, мұражайлардан іздеп, сызбасын салады. Тігінші осының бәрін жүзеге асырады. Актерсыз тағы болмайды, ол осы костюммен өз рөлін ойнайды.

Анастасия ПАСТУХОВА,

Суретті түсірген автор және Қанат ЕЛЕУОВ

30 мамыр 2012, 16:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.