Ол ағаштың құдіретін бала күнінен сезініп өсті. Қашан көрсең де үйінің ауласындағы бір бұрышта ағаштардан түрлі мүсіндер, тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап отырғаны. Ағашты өңдеу, әшекейлеу өнері оған әкесінен дарыса керек.
ШЕБЕРЛЕРДІҢ АРМАНЫ
- Бәрі де сол 12 жасымда ағаш жарып, үйге отын тасып жүрген кезімде басталды. Шабылған ағаштардың пішініне қарап отырып көзбен түрлі мүсін салатынмын. Бірде пышақпен қыран құстың мүсінін жасадым, бұл «туындымды» еңбек сабағыңда жақсы бағалады, - дейді қолөнерші әрі суретші Нұрсұлтан Қалиев.
Ол бүгінде облысымызға ерекше композициялы мағыналы кәдесыйлар жасаумен белгілі қолөнерші. Соңғы жылдары ұлттық музыкалық аспап түрлерін де жасап жүр. Қобыз, домбыра, ұрмалы аспаптар... Мәселен, оның арнайы тапсырыспен жасаған бірнеше осындай аспаптары қазір облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрмеде тұр. Қалиевтің жұмыстары Ш. Сәриев атындағы музейге де қойылған.
Оның ерекше туындыларының бірі - өзі бұйтұмары санайтын «Шебер қолдар» атты композиция.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ: Нұрсұлтан Қалиев 1978 жылы 20 ақпанда Атырау қаласы Балықшы кентінде дүниеге келген. 1993 жылы мектепті тәмамдап, 1995 жылы қалалық №2 училищені электрик мамандығы бойынша бітіріп шығады. Осы жылы Атырау агротехникалық колледжіне түсіп, 1998 жылы техник-механик мамандығын игерді. Кейін 2001 жылы әскердегі борышын өтеп келген соң сол жылы жүрегі қалаған суретші-безендіруші мамандығын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде меңгеріп шығады.
- Бір күні даладан ерекше пішінді ағаш тамырын тауып алдым. Маған жұмыс үстіндегі шебердің қолын жасау туралы идея келді. Сөйтіп, өзімнің қолымды қалыпқа салып, саусақтарыма дейін пішінін дәл келтіруге тырыстым, - дейді қолөнерші.
Оның шеберханасы Тасқала ауылындағы өз үйіне жалғасып салынған орынжайда орналасқан. Шебер өз жұмыстарын қоятын орын тапшы екенін айтады. Осыған орай қаланың ішінен жеке галереям болса дейді:
- Атырау кішкентай қала, бірақ, соның өзінде көбі бізді біле білмейді. Біздің жасап жатқан дүниелерімізден бейхабар. Үкімет тарапынан әр суретшіге шеберхана немесе галерея ашып беру қиын шығар, мен кіруі тегін ортақ көрме залдары болса деймін.
- Осыдан бірнеше жыл бұрын Атырауда да кей өңірлердегідей «Шеберлер ауылы, шеберлер үйі» болса деген бастама көтерген суретші, қолөнершілердің қатарында болдыңыз. Нәтижесі қалай?
- Біз шеберлердің басы қосылып, сол жерде жұмыс істеп, жұмыстарын галереяға қоя алатындай мүмкіндік беретін орынжай сұрағанбыз. Бір мекенжайдан орын табылды, енді тек музейдің балансына беру керек деген, бірақ, кейін әкімдер ауысып,бұл мәселе ашық күйінде қалды.