Атырау, 24 желтоқсан 07:59
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Қазақтың төл киносы

5 458 просмотра

Атырау кинотеатрларында да «Жаужүрек мың бала» фильмі көрсетіліп жатыр. Бұған дейін әйгілі «Рэкетир» арқылы киносүйер қауымға кеңінен танымал болған режиссер Ақан Сатаев жаңа туындысы арқылы қазақпын дегендердің жүрегіне тура жолды тауыпты. Фильмді көріп отырып, бір сәт алпыс екі тамырымызда жаужүрек балалардың қаны бүлкілдеді.

Фильмге жаугершілік заман балаларының көзсіз батырлығы, ымыраға көнбес жаужүрек мінезі арқау болған. Қай заманда да сүттей ұйыған ұлт болу үшін сорлы қазаққа жетпей жатқаны осы мінез емес пе? Қазақтар бойкүйездік, көнбістік, екіжүзділік секілді қарғадай бойларындағы таудай кесірлерге ащы әжуамен қарай алатын халық. Оған қоса жат жұртқа еліктеуге, олардан ақыл сұруға  келгенде алдарына жан салған емес. Бірақ, айналып келгенде ақымақтың күйін кешіп қалатыны тағы рас. Өзінің осынау әрі-сәрі хәлі үшін кез-келгеннің, әсіресе, өздеріне ылғи мысқылмен қарайтын еуропалық шоумендердің, итальян, түрік және қытай менеджерлерінің мұрындарын бет қылуға даяр. Алайда, көп жағдайда екіжүзді басшыларының тарапынан өздері таяқ жеп тынады. Не үшін екені бір Құдайға аян.

Міне, осыған ұқсас дүбәра жағдайды XVIII ғасырдың балалары да бастан кешкен еді. Айлаға жүгінген үлкендер жағы жоңғар қонтайшыларымен келісімге келуді көксеп, ал кемеңгер билер мен жас қырандарға шекесінен қарайтын тәккаппар хандар үш жүздің қолын біріктіреміз деп күмпіп жатқанда, жоңғар жасақтары ауылдарды шауып кетіп отырады. Осының салдарынан қаракөз жетім балалардың тау-тасты кезіп, босып жүргені фильмде нанымды көрініс тапқан. Кеуделері ыза мен кекке толы олар жаудың көк желкесінен пышақ ұру, ат үстінде отырып садақ ату, айбалтаны сілтей білу секілді соғыс өнерін тез үйреніп алады. Онымен қоймай, балалар қарулы салт аттылар жасақтарын құруды ойлаған ересек жігіттерді маңдарына да жолатпай, бүгінгіше айтқанда, партизандарша әрекет етеді.

Қысқасы, ең соңында сан жүздеген жаужүрек балалар Әбілхайыр ханның қандай жоспары барынан хабарсыз күйлерінде жоңғарларға ақырғы соққыны беріп (фильм сценарийі бойынша бұл тап сол тарихтан белгілі Аңырақай шайқасы болатын), қонтайшы ордасындағы жоңғардың жығылған туының үстінде мәңгілік тыныштық тауып жатады. Ту жығылды, дұшпан тым-тырақай қашты. Хан мен батырлар аң-таң. Бұл не керемет өзі?!

Жаужүрек мың баланың бірі қалмай ажал құшады. Киноны көрген жас пен кәрі, ұл мен қыз өзге дүниені ұмытып, жаужүрек балалармен бірге,  жауға «соққы» берді. Қазақтың жүрек түкпірінде бұғып жатқан Отан үшін жан қию сезімі виртуалды тұрғыда болса да, тап осы жан алысып, жан беріскен көріністер кезінде кеуделерінен қоныс тепкені хақ еді. Осы себепті де оны қазақтың төл киносы деп жасқанбай айта аламыз.

Фильмді көріп отырғанда Сатаевтың өзіне ғана тән қайталанбас эпизодтарға куә бола аласыздар (айталық, қос пышақты ұршықтай үйірген жауынгер қыз Қорланның қазасы, бас кейіпкер Сартайдың қолынан ажал құшқан ұлының қайғысынан қан жұтқан жоңғар ноянының ірі пландағы бет-жүзі, т.б.). Ең дұрысы, фильмді көріңіздер. Ұнайтынына біз кепіл.

Сабыр ҚАЙЫРХАНОВ  

30 мамыр 2012, 16:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.